Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер грант иегері

Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер грант иегеріОблысымызда «Жұлдыздарға қара – Посмотри на звезды» жобасының жеңімпаздарына гранттар табысталды. Аталған жоба үш ай бойы еліміздің барлық аймағында өткен болатын. Мүгедек-кәсіпкерлердің бизнес-идеясын жүзеге асыруларына берілетін ақшалай гранттың бюджеті ағымдағы жылы 14,4 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, бір адамға берілетін  гранттың жалпы сомасы  100 мыңнан  300 мың теңгеге дейін көбейіп, грант алушылардың саны 48 адамға дейін артты. Жоба аясында әр аймаққа 3 грант бөлінген. Ал біздің облыс 4 жеңімпаз анықталған жалғыз өңір болып отыр. Қызылорда облысының Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлерден жобаға қатысуға 20 өтінім қабылданып, нәтижесінде 4 жоба қаржыландырылды. 
Грант иегері Жұмабек Көпбергенов, бала кезінен 2-ші топ мүгедегі. Өзінің шағын бизнесін осыдан бір жыл бұрын Шіркейлі ауылында алғашқы, әрі жалғыз  дөңгелек жөндеу шеберханасын ашудан бастады. Ұсынылатын қызмет түрлерін арттыру мен кәсіпті кеңейту мақсатында бастауыш кәсіпкер «Жұлдыздарға қара – Посмотри на звезды» байқауына қатысуға өтініш білдірген. Оның бизнес-идеясы қолдау тауып, дөңгелек жөндеу шеберханасына қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға  242 мың теңге қайтарымсыз грант берілді.  Ал тағы бір грант жеңімпазы Бақытжан Жақсылықов та 3-ші топ мүгедегі. Ол 2005 жылға дейін өз мамандығы бойынша шеберханада қызмет атқарған. Кейін жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ісмерлігінің арқасында ағаш ұстасы болып қызмет көрсете бастады. «Даму» қоры мен «Құс жолы» қайырымдылық қоры мүмкіндігі шектеулі кәсіпкер жобасын мақұлдап, оған ағаш жону станогы мен басқа да бизнесін дамытуға қажетті құрал-жабдықтар алып берді.
Жоба аясында қайтарымсыз грант ұтып алған Бибайша Юсупова бизнеспен көп жылдар бойы  айналысып келеді.  2009 жылы ол киім-кешек пен басқа да бұйымдар тігетін өзінің жеке кәсіпорынын ашады. Кәсіпкердің айтуынша, өңірде қыз жасауын тігуге көптеп тапсырыс берілуде. Оның цехына қажетті торлап тігетін машина мен өзге де құрал-жабдықтарды сатып алуға 300 мың теңге қаражат берілді.  
Сырдария ауданының тұрғыны Айнаш Ақбергенова да қыз жасауын тігуді кәсіп етіп отыр. 2000 жылға дейін тігін цехында жұмыс жасаған ол қысқартуға байланысты жұмыссыз қалған еді. Мұнан кейін жеке кәсіппен айналысуды жөн деп табады. Кәсіпкер бұйымына бүгінге дейін тапсырыс берушілер саны артуда. Алайда ескі тігін машинасы мен басқа да тозығы жеткен құрылғылар олардың барлығын қамтамасыз етуге мүмкіндік бермей келген екен. Мүмкіндігі шектеулі кәсіпкердің өтінімі бойынша бөлінген гранттық қаражатқа торлап тігетін машина, тігін машинасы, бу үтігі мен электр пышағы сатып алынды.
Айта кетейік, «Жұлдыздарға қара – Посмотри на звезды» жобасын 2005 жылдан бері «Казкоммерцбанктің» «Құс жолы» қайырымдылық қоры бастаған болатын. 2012 жылдан бастап байқау жаңа деңгейге көшіп, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ серіктестік негізінде еліміздің барлық аймағында жобаны әкімшіліктендіруді жүзеге асыруда. Қатысушылар техникалық көмек пен кеңестерге қол жеткізумен қатар, «Даму» қорынан бизнес-бағдарламаларды тегін оқыту курсынан өтеді. 2005 жылдан бастап  жоба аясында мүмкіндігі шектеулі 187 кәсіпкер қолдау тапса, өткен жылдың өзінде  71 азаматқа көмек көрсетілді. Ұйымдастырушылар жобаны жүргізудің маңызды принципі ретінде жеңімпаздарды анықтауда айқын әрі ашық түрде өтетінін айтып отыр. Осы мақсатта жобаның ақпараттық серіктесі ретінде  БАҚ өкілдері шақырылып, тәуелсіз қазылар алқасының құрамына өткен жылдардың жеңімпаздары, «Казкоммерцбанк» пен «Даму» қорының аймақтық филиалдарынан өкілдер қатыстырылады. 
Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.
АҚПАРАТ 11 қазан 2016 г. 1 595 0