
Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасында ҚР Президенті архивінің директоры Борис Жапаровтың қатысуымен «Қызылорда облысында архив ісінің дамуы» атты жиын болып өтті.
ҚР Президенті архивінің директоры алдымен аймағымыздың тарихи дамуын бейнелейтін «Архив қорындағы Сыр тарихының шежіресі» атты көрмені тамашалады. Көрмедегі облыс тарихы Сыр еліне қоныс аударған ұлттар, әлем таныған Арал, Байқоңыр ғарыш айлағы, Елбасының тәуелсіздік жылдарындағы Сыр еліне сапары және шаһардағы серпінді серпіліс жайындағы құнды құжаттармен танысып шықты.
Одан әрі жиынды облыстық мәдениет, архив¬тер және құжаттама басқармасының басшысы Е.Әбдірахманов ашып, жалпы облыстағы архив саласындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар жайында айтып берді. Мұнан кейін сөз алған ҚР Президенті архивінің директоры Борис Әликенұлы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың мәдениет, соның ішінде архив саласының дамуына барынша қолдау танытып келе жатқанын тілге тиек етіп, келесі жылы дүниежүзілік стандартқа сай, соңғы ақпараттық технологиямен жабдықталған архив ғимаратының пайдалануға берілетіні осының айқын көрінісі екенін алға тартты.
– Қазіргі уақытта ақпараттық технологияның адам өміріне қажеттілігі артып, барлық салаға еніп жатқаны белгілі. Соның ішінде архив саласы ақпараттық технологиямен тығыз байланысты. Ұлттық архив қорында сақтаулы тұрған барлық құнды құжаттар қағаз түрінде басылған. Алайда, оның сақталу мерзімі аз. Мәселен, 20-шы ғасырда өндірілген қағаздардың өмірі 150-200 жылмен шектеледі. Сондықтан архивті электронды форматқа ауыстыру негізінде жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр. Президент архиві ресми құрылғалы 22 жыл. Ал, Қазақстандағы архив тарихына үңілетін болсақ, С. Сейфуллиннің есімімен байланыстырамыз. Алғаш тарихи жазба деректер Бөкей ордасынан, яғни Жәңгір ханның тұсынан бастап сақтала бастады, – деді Борис Жапаров.
Отандық архив қорын толықтыруда тиімді жұмыстар жасалуда. Өткен жылы қазақ хандығының 550 жылдығында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан қаражат бөлініп, шет мемлекеттердің архивіндегі қазақ халқына қатысты деректерді жинау негізінде біршама құнды құжаттар елге әкелінген болатын. Бұл бастама да өз жемісін берді. Сондай-ақ, ҚР Президенті архивінің директоры еліміздегі архив саласының одан әрі дамып, қалыптасуы үшін жүйелі істер жасалатынын айтып өтті.
Шараға қатысушыларға Борис Әликенұлы ҚР Президенті архивінің негізгі жұмыстары жайында толығымен әңгімеледі. Жалпы, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты 11 архив жұмыс жасайды. Бұл архивтерде 700 мыңнан астам құжат сақтаулы. Тағы бір айта кетерлігі, республика бойынша ҚР Президенті архивінен кейінгі алғашқылардың бірі болып Қызылорда облысында «Электронды архив» бағдарламасы қарқынды жүргізілуде екен.
Жиын барысында қатысушылар ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын да білдірді.
Сара АДАЙБАЕВА.