ҚҰПИЯҒА ТОЛЫ СЫР ҚОЙНАУЫ

Жуырда Студенттер сарайында облыстық ішкі саясат басқармасы, Қызылорда мемлекеттік университеті және «Самұрық» инновациялық идеяларды дамыту орталығының  ұйымдастыруымен «Ежелгі және ортағасырлық Сыр өркениеттері» атты халықаралық тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Ресей ҒА-ның  Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы «Этнология және антропология» институтының бөлім меңгерушісі И.А.Аржанцева, Новосибирь «Геология және минерология» институтының аға ғылыми қызметкері С.К.Кривоногов және отандық археолог-ғалымдар қатысты. 
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институты Түркістан филиалының ұстаздары, ғалымдар Зейнолла Самашев пен Дархан Байтілеу Сыр өңіріне жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Алғашқы Хорезм экспедициясынан бастау алған зерттеу жұмыстары әлі жалғасып келеді. Алайда, жергілікті әкімшілік, көпшілік қауым осы уақытқа дейін жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінен хабарсыз. Оны бір жүйеге түсіру қажеттігі туындайды. Аймаққа жүргізілетін зерттеулерді реттеу, топ жұмыстарын үйлестіру ҚМУ-дың «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының басты міндеті болуы шарт. Құпияға толы Сыр қойнауына соңғы екі жыл көлемінде жүргізілген жұмыс қорытындысы мен табылған жәдігерлер облыстық өлкетану мұражайына тапсырылды. 
Ғылыми-тәжірибелік конференция барысында Арал маңы ежелгі тайпаларының  қола дәуірінен кейінгі ортағасырларға дейінгі аралықпен кезеңделетін ескерткіштерді зерттеуге арналған мағлұматтар талқыланып, зерделенді. Сондай-ақ археологиялық ескерткіштердің және мемлекеттік қорғаудағы нысандардың толық тізімі жасалынып, алдағы атқарылар істер сараланды.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

АҚПАРАТ 21 желтоксан 2013 г. 1 281 0