Елбасымыз Н.Назарбаев: «Мен сіздерге – жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деп жас ұрпақтарға ұлағатты сенім артқан еді. Әрине, мемлекетіміздің кемел келешегі мен баянды болашағы бүгінгі өскелең ұрпақ – жастарымыздың қолында десек, бұл орайда мемлекет тарапынан жастардың өз қабілет-дарынын дамытуға бар мүмкіндік жасалып жатқаны ақиқат. Жалпыұлттық жобалар ретіндегі «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Ауыл жастары», «Ауылдың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі» акциясы мен өзге де бағдарламалар соның айғағы.
Міне, осы мақсатта жақында Қармақшы ауданында аудан әкімдігінің қолдауымен және аудандық ішкі саясат бөлімі, «Қорқыт елі – Қармақшы» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Келешекке жастық жалынмен» атты жастар форумы өтті.
Жастар форумының алғашқы бағдарламасы аудандық №12 агроколледжде секциялық жұмыстармен басталды. Секция жұмыстары үш топқа топтастырылды. Секция барысында «Жастар саясатының дамуы», «Жоғары көшбасшылық қасиеттер», «Еріктілер жасағын жетілдіру және жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында баяндамалар жасалып, пікір-алмасулар болды. Мұнан соң жастар өкілдері Дәмегүл Мырзағалиеваның аллеясында болып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар әскерге аттанушы жас сарбаздарды шығарып салу рәсіміне қатысты.
Форумға қатысушы жастар спорттық сауықтыру кешенінде командаларға бөлініп, спорттық ойын ұйымдастырылды. Шара барысында арқан тарту, қол күрес, тағы да басқа спорт түрлерінен қызықты да көңілді тартыстар болды.
Форум бағдарламасына сәйкес аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Нажмадин Шамұратовтың қатысуымен «Келешекке жастар жалынмен» тақырыбында жастар форумының пленарлық мәжілісі жалғасын тапты. Әкім мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізгі бағыттарына тоқталса, «Жас Отан» ЖҚ» облыстық филиалының атқарушы хатшысы Е.Меңлібаев «Жастар саясатының дамуы», «Қызылорда Ақиқат Айнасы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы А.Аукенов «Жоғары жас көшбасшылық қасиеттер», «Қызылорда облыстық жастар одағы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ж.Алдабергенов «Еріктілер жасағын жетілдіру және жұмысын ұйымдастыру» тақырыбында баяндамалар жасады. Елімізде мемлекеттік жастар саясатының тиімділігі жайлы аудандық «Жас Отан» ЖҚ филиалының атқарушы хатшысы А.Қозыбақов, Иіркөл ауылдық №106 орта мектептің мұғалімі А.Мырзахметов, жас ақын Т.Бекмұрзаев өз ой-пікірлерін білдірді.
Шара барысында мемлекетіміздің жастар саясатына белсене араласып жүрген аудан жастарына номинациялар тапсырылды. Ербол Исаев, Нұрбол Зиадинұлы, Ғалым Тұяқбаев, Ж.Әлиева, Толқын Каденова, Шыңғыс Бекенов секілді өз саласының білікті мамандары үздіктер қатарынан көрінді.
Жастар форумында аудан жастарына арналған Үндеу қабылданды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.