Қоғамның жегі құртына айналған сыбайластықпен күресу қаншалықты пәрменді болғанымен, оның алдын алу шараларына келгенде әлі де ақсап жатқан тұстарымыз бар. Қоғамымызға жабысқан бұл дертпен күресу негізінен құқық қорғау органдарына жүктелген. Алайда, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында сыбайластыққа жол беретін жағдайлар да орын алып жатады. Ел аузындағы «Ет бұзылса тұз себеміз, тұз бұзылса не себеміз?» деген нақыл осындайда айтылса керек. Тіпті, сорақысы сол халыққа қызмет ететін мемлекеттік қызметшілер арасында да мұндай деректер кездесуде.
Жең ұшынан жалғасқан қылмыстар арасында пара беру, пара алу, мемлекеттік құжаттарды дұрыс толтырмау, жалған актілерге қол қою секілді деректерді айтуға болады. Қазіргі күні мемлекеттік құжаттарды толтыруда кейбір заңдылықтарды білмеу салдарынан болмашы жерден сүрініп жатқан әкімдер де бар. Ондайларды заң көтермейтіні белгілі. Сондықтан құқықтық сауаттылықты арттыру, әсіресе мемлекеттік қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру қажет.
Жемқорлықтың өркендеп өсуіне халықтың табиғаты, санасы, сауатсыздығы да ықпал етпей қоймайды. Мәселен, мұқтаж ісін заң аясында тындырғаннан гөрі, көбі шаруаны «бармақ басты, көз қыстымен» бітіргенді жөн көреді. Жоғары оқу орнына талапкер өтініш білдірсе, ата-анасы «осы баланың білімі жетер ме екен? Соны талап етейікші» демейді, таныс іздейді. Қызметке тұрса да таныс іздеп жүргені. Соған сай кеңседегілер де кергиді.
Бейсенбі күні өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әсіресе, осындай қазақшылық іс-әрекетке бой алдырмау үшін мемлекеттік қызметшілер өз абыройын ойлауы тиіс. Бұл жерде жариялылықтың, ашықтықтың алдыңғы орынға шығатынын айтты. Жер телімін алу мен пәтер кезегінде тұрғандар тізімі әрдайым баспасөз беттерінде жарияланып тұру керек. Бұл мемлекеттік қызметшілердің заңсыздықтарға бармауына ықпал етеді.
– Өздеріңіз білесіздер, Сыр жерінде 96 пайыз қазақтар тұрады. Сондықтан ауылдағы ағайын келіп, кейбір жұмысын таныстарына айтып, тезірек шешіп алуға тырысады. Мұндай заңсыздықтарға жол бермеу үшін жариялылық қажет. Біз сонда ғана өз кадрларымызды сақтап қала аламыз, – деді өңір басшысы.
Сыбайлас жемқорлық әсіресе, мемлекеттік билік органдарына қауіпті. Ол мемлекеттік жүйенің барлығын бұзады, билік беделінің және мемлекеттік қызмет абыройының құлдырауына әсер етеді. Сонымен қатар, экономиканың дамуына кедергі жасайды. Ресми деректерге сүйенсек, облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті жыл басынан бері 70 тұлғаға қатысты 111 қылмысты анықтаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда, қылмыстың 32 пайызға артқанын білдіреді. Департамент басшысының міндетін атқарушы Нұржан Сейдалиевтің мәліметінше, биылғы жылдың 11 айында сыбайлас жемқорлық сипатындағы 97 қылмыстық іс тергеумен аяқталса, айыптау қорытындысымен 89 іс сотқа жолданды. Қылмыспен келтірілген 31,3 млн. теңге залалдың 26,6 млн. теңгесі өндірілді.
Деректер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық қылмыстардың басым бөлігі, яғни парақорлық сипатындағы 40, қызметтік өкілеттілікті теріс пайдаланудың 32 қылмысы анықталды. Сонымен қатар, ішкі істер органдары қызметкерлеріне қатысты 32, жол полициясы қызметкерлері арасында 24 қылмыс орын алған. Парақорлық сипатындағы қылмыстармен қатар қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану деректері де орын алып отыр. Мәселен, Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі жол полициясы бөлімшесінің тіркеу емтихан қабылдау тобының бұрынғы аға мемлекеттік инспекторы 2012 жылы бірнеше автокөліктердің заңсыз рәсімделуін іске асырған. Оған қатысты 17 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Осы ретте облыс басшысы өз атына келіп түскен хаттардың арасында қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланып, заңсыз интернет клубтарын «жоғарыдан» басқарып отырған шенділердің бар екені туралы деректерді тілге тиек етті. Тіпті, мұндай заңсыз ақша табудың жолдары жиілеп баратындығын хат мазмұнынан көруге болады. Ал, облыс прокуроры Сапарбек Нұпейісов мұндай мазмұндағы хаттар домалақ арыз болып есептелетінін, сондықтан мүмкіндігінше сол адамның аты-жөнін анықтап көрсету керектігін айтты. Сондай-ақ, отставкадағы судьялардың да кейбір заңбұзушылық әрекеттерге баратыны, алайда олар жауапқа тартылатын кезде заң аясынан «сусып» шығып кететінін жасырмады. Сондықтан олардың бір-екеуінің іс-әрекетін жауапқа тартқанда, қалғандары айылын тиятынын да тілге тиек етті. Өзінің әр сейсенбі күні халықты қабылдайтындығын да жеткізді. Егер де осындай деректерді біліп, нақты адамның аты-жөнін көрсеткенде, бірден сол шекпендіге қатысты қылмыстық іс қозғалатынын еске салды. Бұрын мұндай құзырет берілмеген болса, қазір заң мұндайлардың «басынан сипамайтынын» алға тартты.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халқымыздың дана пайымының үдесінен шыға алмай, жеке басының пайдасын көздеген сот органдарының қызметкерлері биыл да теріс әрекеттерге барғанын айта кету керек. Тағы да ресми мәліметтерге жүгінсек, үстіміздегі жылдың 13 қарашасында Арал аудандық сотының судьясына қатысты пара алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Нұржан Сейдалиев бұл қылмыстардың орын алуының негізгі себебі біріншіден, материалдық игілікті заңсыз жолмен иеленуге ұмтылу болса, екінші құқық қорғау органдарындағы кезектен тыс аттестациядан кейін де қолы «таза» емес, психологиялық тұрғыдан әлсіз тұлғалардың әлі де бар екенін көрсететінін жеткізді. Бұл жерде полиграфиялық зерттеулер нәтижесін қызметке қабылдау мен одан шеттетуге құқықтық негіз болуын тезірек енгізуге қажеттілік артып отырғанын баса айтты.
Облыстағы қылмыстық ахуалдың барынша шиеленісіп тұрған, сыбайластық тәуекелі басым сала – бюджеттік құрылыс саласы болып отыр. Аталған салада барлығы 25 қылмыс орын алған. Дегенмен, мердігерлермен құрылыс нысандарына бөлінген қаражатты талан-таражға салу деректері де жиілеуде. Нақты дәлел келтірер болсақ, «СК Арғын-Құрылыс» ЖШС-ның лауазымды тұлғалары Арал ауданы, Сексеуіл стансасындағы 150 орындық ауылдық клуб құрылысын жүргізіп, құрылыс жұмыстарын толық атқармай, алаяқтық жолмен жалған құжаттарды қолдан жасап, мемлекетке 35,2 млн. теңге көлемінде аса ірі мөлшерде залал келтірген. Бүгінгі таңда серіктестік директоры сот санкциясымен қамауға алынып, қылмыстық іс тіркелуде.
Құрылыс саласына қатысты қылмыстар қатарында құжаттарды дұрыс рәсімдемеу, жалған актілерге қол қою секілді жағдайлар орын алып жатады. Осы орайда облыс әкімі тамыз айында сайланған ауыл әкімдеріне әсіресе, бюджет қаражатына келгенде абай болу керектігін ескертті. «Олардың әлі де болса, тәжірибесі аз. Өз бюджеттері өздерінде. Сондықтан ауыл әкімдерінің кәсіби деңгейі жоғары болуы керек. Қажет болса, олардың құқықтық сауаттылығын көтеру үшін оқыту керек», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Ал, облыс прокуроры сыбайлас жемқорлықпен күресуде мемлекеттік қызметшілер де бірлесе жұмыс жасауға көмектесу керектігін алға тартты. Келер жылдың ақпан айында барлық құқық қорғау органдары бірлесіп, ауылдық округтерге барып, жергілікті жердегі мемлекеттік қызметшілерге заң тұрғысында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, құқықтық кеңес беретіндіктерін атап өтті.
Өткен жылы «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға жаңа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Заң қабылданғалы бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы жасалып жатқан шаралар бойынша өңірімізде нәтижелі жұмыстар бар екенін ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департамент басшысы Ғалым Тұрсынбаев мәлімдеді. Соңғы үш жылдың көрсеткіштерін салыстырғанда сыбайлас жемқорлық сипатындағы тәртіптік жаза алғандар саны азайғандығын байқатады. Мәселен, 2011 жылы жаза алған 128-дің 63-і мемлекеттік қызметші болса, өткен жылы 59-дың 13-і ғана болған. Өкінішке орай, сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстар көбеюде. Биылғы жылдың 9 айында 99 қылмыс тіркелсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30,2 пайызға өскен. Оның ішінде ең көбі қызмет өкілеттілігін теріс пайдалану, пара алу, жалған құжат жасау болып отыр.
– Озық тәжірибелер көрсеткендей, құқық бұзушылықтың алдын алуға байланысты шаралар жан-жақты жүргізіліп, тиімділігі жоғары болса, одан нәтиже болары анық. Алайда, мемлекеттік органдардың басым көпшілігінде әлі де осы мәселеге назар аударылмай, жасалып жатқан алдын алу жұмыстарында қағазбастылық басым екені анықталды. Сондай-ақ, құқық қорғау органдары тарапынан кейбір материалдардың Тәртіптік кеңеске уақытылы жолданбауы салдары сыбайлас жемқорлық сипатында заңбұзушылыққа жол берген адамдардың жауапкершіліктен жалтарып кетуіне себеп болуда. Жаза қолдануға байланысты шешім қабылдаған кезде, тиісті процедураның сақталмауынан тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылған адамдар сот арқылы өз лауазымына қайта орналасу деректері де орын алуда. Ал, сыбайлас жемқорлық сипатында заңбұзушылық жасаған азаматтардың тиісті жаза алмауы әріптестері, жалпы көпшілік арасында түрлі пікір туғызады, – дейді Ғ.Тұрсынбаев.
Міне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссия отырысында осындай мәселелер жан-жақты талқыға салынды. Отырысты қорытындылаған облыс басшысы әрбір мемлекеттік қызметші «жаным – арымның садағасы» деген қазақтың қарапайым қағидасын есте сақтаса, мұндай заңсыздықтарға жол берілмейтінін баса айтты.
Қоғамды жегі құрттай кемірген жемқорлықты жазылуы қиын ауруға теңесек, оны болдырмаудың жолдарын қарастыру керек. Оған тек сот, прокуратура, құқық қорғау органдары ғана емес, қоғам болып жұмыла кіріскенде ғана нәтижеге жететін боламыз. Кезекті комиссия отырысынан түйгеніміз осы.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.