
Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.
Бұдан бұрын Елбасы заң жобаларын жасауға қоғамдық сарапшылар мен, парламенттік емес партиялар мен үкіметтік емес ұйымдарды және БАҚ өкілдерін тартып отыру қажеттігін ескерткен еді. Аталған заң жобасының таныстырылымы жаңа форматта өтті. Оның жұмысына Бас Прокуратураның, Ұлттық Банктің, ҚР жанындағы ЗИ өкілдері мен Парламентке енбеген «Бірлік», «Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы» (ЖСДП) және «Ауыл» партияларының және де Азаматтық альянс, Қазақстандағы парламентаризмді жетілдіру қорының, ҚР Еуропалық құқық пен адам құқы институтының, Кәсіпкерлердің Ұлт¬тық Палатасының, сонымен бір¬ге қоғамдық бірлестіктер мен БҰҰ-ның даму бағдарламасының – Ғаламдық экологиялық қоры сияқты ұйымдардың сарапшылары қатысты. Тұсаукесерге Қарағанды, Ақмола облыстарының мәслихат депутаттары да келді.
Заң жобасымен 4 кодекске (Бюджеттік, Азаматтық, Салық, Әкімшілік) және 4 заңға (Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы, Жарнама туралы, Мемлекеттік мүлік туралы, Кәсiптiк одақтар туралы) өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп отыр. Оған сәйкес жергілікті өзін-өзі басқару органдары жергілікті маңызы бар мәселелерді тұрғындардың өздері шешуі үшін қаржылық және материалдық ресурстармен қамтамасыз етілетін болады. Бұл өмір сүру деңгейін көтеруге және тұрғылықты жерде халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Парламент депутаттарымен кездесу кезінде сайлаушылар жергілікті мәселелерді шешуде тұрғындардың белсенділігін, қызығушылығын және жауапкершілігін арттыру керектігін жиі көтереді. Ауылдар, кенттер, шағын қалалар тұрғындары абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, жергілікті жолдарды салу мен жөндеу, сумен қамтамасыз етуді ұйымдастыру жайын жиі қозғайды. Оған қоса мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, жақын жердегі мектепке дейін оқушыларды тегін жеткізу сияқты жергілікті жерде шешімі табылатын мәселелер бар. Заң жобасында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті, ЖӨБ органдарының бюджеттік процесті және ЖӨБ коммуналдық меншігін басқарудағы өкілеттіктерін кеңейту кезіндегі туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеу көзделеді. ЖӨБ бюджетінің салық түсімдерінен (6 түрі), салықтық емес түсімдерден (айыппұлдар, коммуналдық меншік кірістері және басқалары), коммуналдық меншікті сатудан түскен кірістерден, аудандық бюджеттің трансферттерінен тұратын кіріс көздері айқындалды. Ұлттық комиссияның ұсынымдарына сәйкес ЖӨБ бюджетін жергілікті қоғамдастық жиналысында талқылағаннан кейін аудан мәслихаты бекітетін болады. ЖӨБ бюджетін атқару ауыл әкімі аппаратына жүктеледі. ЖӨБ мүлкі жергілікті қазына (ЖӨБ бюджетінің қаражаты ком¬муналдық заңды тұлғаларға бекітілмеген өзге де коммуналдық мүлік) және коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүлік¬тен тұрады. Талқылау барысында оған қатысушылар жергілікті өзін-өзі басқарудағы жеке бюджеті жоқ обьектілерді дамыту, заңды мұқият және сапалы қарастыру жайын пысықтады.
М.МЕРЕЙ.