Биыл алғаш рет халықаралық Назарбаев сыйлығы табысталады

Биыл алғаш рет халықаралық Назарбаев сыйлығы табысталадыБиыл қарашада өтетін бірінші Астана бейбітшілік саммиті барысында ядролық қарусыздандыру және қауіпсіздік саласына қосқан үлесі үшін алғаш рет халықаралық Назарбаев сыйлығы табысталады. Бұл туралы БҰҰ Қарусыздандыру конференциясының қорытынды пленарлы отырысында Қазақстанның Женевадағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.

БҰҰ Қарусыздандыру конференциясының қорытынды пленарлы отырысында Қазақстанның Женевадағы тұрақты өкілі Жанар Айтжанова Қазақстанның қарусыздандыру және қауіпсіздік саласындағы соңғы бастамалары жайында мәлімдеме жасады.

Дипломат қатысушыларды биыл 29 тамызда Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем құру» халықаралық конференциясында қабылданған Astana Vision декларациясының негізгі тұстарымен таныстырды. Құжат БҰҰ Қарусыздандыру конференциясының ресми құжаты ретінде тіркелді. Ж.Айтжанова Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауымдастықты ядролық қауіпсіздіктің негізін құрайтын халықаралық шарттар мен институттарды әрі қарай нығайтуға қатысты міндеттемелерді қабылдауға шақырғанын атап өтті. Сонымен қатар, ол  2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Қазақстанның қызметі халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдауға бағытталатынын жеткізді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Жанар Айтжанованың айтуынша, осы жылы қарашада өтетін бірінші Астана бейбітшілік саммиті барысында ядролық қарусыздандыру және қауіпсіздік саласына қосқан үлесі үшін алғаш рет халықаралық Назарбаев сыйлығы табысталады. Шараға шет мемлекеттердің президенттері мен үкімет басшылары шақырылған.

Қорытындылай келе, Қазақстанның тұрақты өкілі конференция отырысына қатысқандарды ҚР Сыртқы істер министрлігінің КХДР-дің ядролық сынағына қатысты ресми мәлімдемесімен таныстырып өтті. Құжатта Қазақстан Солтүстік Кореяны алты тарапты келіссөздерге оралып, ядролық амбициялардан толықтай бас тартуға шақырған.

АҚПАРАТ 16 қыркүйек 2016 г. 2 846 0