ОБЛЫСТЫҢ ДАМУ СТРАТЕГИЯСЫ ҚАБЫЛДАНДЫ

Кеше облыстық мәслихаттың кезекті ХХІІ сессиясы болып өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты. Сессияның күн тәртібінде бірнеше мәселе қаралды. Олардың қатарында Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясын бекіту, 2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы, 2014-2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі, «2011-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 9 ақпандағы №273 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер бар.
Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясын бекіту туралы хабарламадан бұрын облыс әкімі бұл тұрғыда өз ой-пікірін білдіріп өтті. Облыс басшысы сессияның күн тәртібінде біздің өңір үшін өте маңызды екі мәселе облыстың 2020 жылға дейін даму Стратегиясы мен үш жылдық бюджет талқыланып отырғанына тоқталды. Биылғы жылды облыс айтарлықтай нәтижемен аяқтап отыр. Бірқатар көрсеткіштер бойынша динамика біз күткеннен де жоғары екені байқалады. Жыл басында алға қойған басты міндет экономиканы әртараптандыру болатын. Облыс үшін маңызды индустриалдық жобалар бойынша жұмыстар жалғасуда. Бұл кезеңде облыс экономикасына 300 млрд. теңге салынған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңіндегіден шамамен  60 пайызға жоғары. Сондай-ақ, бізге жыл бойы республика өңірлері арасында инвестициялардың ең жоғары өсу қарқынын сақтап қалу мүмкін болды. Оған қоса, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында да оң нәтижелерге қол жеткізілді.
Өткен жылы  Елбасымыз тәуелсіз Қазақстанның тарихында  екінші рет ел дамуының жаңа жолын ұсынды. Ел алдында аумақтық тұтастықты сақтай отырып даму міндеті тұрған болатын. Біздің мемлекет әлемдегі ең қарқынды дамып келе жатқан бестіктің қатарына енді және бір дағдарыспен ғана сыналған жоқ. Экономика нақты, орнықты даму қарқынын көрсетуде. Осының нәтижесінде Президент саясаты, «Қазақстан-2030» стратегиясы өздерінің тиімділігін көрсетті. Қазақстан өте жылдам дамып келе жатқанына көз жетті. Мемлекет басшысы мемлекеттің бұдан былайғы ұзақ мерзімді дамуы бойынша міндеттер қойып, «Қазақстан-2050» стратегиясын қабылдады.  Онда көрсетілген Стратегиялық міндеттер қатарында  өңірлерді дамыту мәселесі де бар.
Сыр өңірі қазақ халқының тарихын, ұлттық дәстүрлері, мәдениеті мен тілін сақтап келген еліміздің маңызды бөлігінің бірі саналады. Біздің топырақта мұнай, газ, мыс, алтын, молибден, цирконий, титанның қорлары бар екендігін жұртшылық жақсы біледі. Сонымен қатар, кадмий, германий, күміс және селен, темір, фосфорит пен циркондық-титандық рудалар табылды. Ал  Шалқия кеніші қорғасын-цирконийлік қоры мол кен орны саналады. Ванадий кен орындары әлемдегі ең ірілердің қатарына кіреді. Біз уран шығарамыз. Яғни, біздің жеріміздің қойнауында Менделеев кестесінің барлығы дерлік шоғырланған. Дегенмен, әзірге ел азаматтарының басым көпшілігі біздің облысты депрессиялық өңір деп есептейді. Әрине, оған экологиялық жағдай да әсер етуі әбден мүмкін. Өткен жылы облыс Қазақстан өңірлерінің ішінде ең соңғы  орынды місе тұтты. 
Өңір дамуындағы проблемаларды ескере отырып, облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясының жобасы әзірленді. Оны әзірлеуге Ресейдің ғылым академиясының академигі Абел Аганбегян бастаған қазақстандық және ресейлік жетекші ғалымдар және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары қатысты. Стратегия осы жылдардағы артта қалушылықты жеңуге бағытталған. Басты стратегиялық мақсат ретінде 2020 жылға облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын республикалық орташа деңгейден  төмен болмауы саналады. 
– Бұл оптимистік сценарий, – деді облыс әкімі сөзін одан әрі жалғап. – Бірақ, біз кез келген жоспарға өмір өзінің түзетулерін енгізе алатынын да жақсы білеміз.  Сондықтан, біз бұған дайын болуымыз керек. Бұл тұрғыда сыртқы факторлардың орын алуы мүмкін негативтік әсерін ескеретін экономиканың өңірлік дамуының екінші нұсқасы әзірленді. 
Облыс әкімі осы мақсатта жыл сайын 8 мыңнан кем емес тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл ретте жұмыспен қамтылған тұрғындар  құрамындағы жоғары мамандандырылған жұмыс күшінің үлес салмағы 85 пайызға дейін көтеріледі. Жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайыздан жоғары болмағаны талап етіледі.
Осыдан кейін облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев аймақтағы елді мекендерді газдандыру мәселесіне байланысты хабарлама жасады. Ұзындығы 1,5 мың шақырымға жуықтайтын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының тең жарымынан астамы біздің облысымыздың үстін басып өтеді. Өңірдегі елді мекендердің басым бөлігі соның бойына орналасқан. Сондықтан осындай мүмкіндікті пайдалана отырып, облыс елді мекендерін «көгілдір отынмен» қамту көзделген. Алдағы бір-екі жылдың көлемінде өңірдегі ауылдардың төрттен үш бөлігі газбен қамтылады деп көзделіп отыр.   
Депутаттар облыстың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму Стратегиясын бекітуге бірауыздан дауыс берді. Одан кейінгі кезектегі 2014-2016 жылдарға арналған облыстық бюджетке де депутаттар түгелдей қолдау білдірді. Мәслихат сессиясында 2014-2016 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы,  «2011-2015 жылдарға арналған Қызылорда облысының даму бағдарламасын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2011 жылғы 9 ақпандағы №273 шешіміне өзгеріс енгізу туралы, «Қызылорда облысы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Қызылорда облыстық мәслихатының 2008 жылғы 27 маусымдағы №79 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және өзге де мәселелер талқыланып, бұл тұрғыда депутаттар өз дауыстарын берді.
Облыс әкімі өңірдің дамуында депутаттар да зор үлес қосып отырғанын атап өтті. Жыл бойында өткен сессиялар барысында көптеген маңызды құжаттар қабылданды. Алдағы уақытта да сондай ауқымды жұмыстар атқарыла берілетініне сенім білдірді.
Әділжан ҮМБЕТ.

АҚПАРАТ 19 желтоксан 2013 г. 1 092 0