Тәуелсіздік күніне орай облыс орталығындағы ірі сауда нысандарында мерекелік жеңілдіктер жасалды.
Атап айтсақ, азық-түлік пен киім-кешектер арзан бағамен «Фристайл», «Жайна», «Сыбаға», «Айтбек», «Талғат» базарында сатылды.
Ел Тәуелсіздігінің 22 жылдық мерекесіне арнап, «Арзан базар» аумағында Сырдария, Жаңақорған ауданы мен Қызылорда қаласына қарасты кент және ауылдық округ ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін жәрмеңкеге қойды.
Қалада 16 желтоқсанда 16 бағытқа қатынайтын қоғамдық көліктер бұқара халыққа тегін жеткізу қызметін ұсынды.
Нұрбек Сағатұлы.
***

Теңіздің қайта оралуы құлазыған аймақты танымастай түлетті. «Мен Аралға көмектесемін деген арманыма жеткеніме қуаныштымын». Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың осы лебізіне аудан тұрғындары жақсы қанық. Өңірдегі жағымды жаңалықтардың баршасы Президентіміздің жанашырлығы, Тәуелсіздіктің жемісі екендігін аралдықтар терең түйсінеді.
Жұртшылықты төл мерекемен құттықтаған аудан әкімі Мархабат Жайымбетов теңіз төскейінде жүзеге асып жатқан тірліктерді шолып өтті. Елбасымыздың айрықша назарындағы аймақ қарқынмен алға басуда. Барлық салада ілгерілеушілік байқалады. Ата кәсіп балық шаруашылығында соны серпін бар. Дәуір ағымына ілесуді емес, көш бастауды межелеген аралдықтардың ертеңгі күнге сенімі мол. Шара барысында облыс, аудан әкімінің марапаттары лайықтыларға табыс етілді.
Кімге де елінің ыстық ықыласынан асқан жүлде болмасы анық. Ендеше халқының қошеметіне бөленгендер туралы аз-кем дерек келтірсек. Тұрсын Сейіткереев зейнеткерлікке шыққанша қалалық көпсалалы кәсіпорында қызмет атқарды. Осылайша Арал қаласының көркейіп, көгалдануына қомақты үлес қосты. Кейін 30 жылға жуық осы салаға басшылық жасады. Ал, Болатбек Пұсырманов Арал ауданы әкімінің бірінші орынбасары. Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарды. Бүгінгі таңда облыстық «Жылжымайтын мүлік орталығы» кәсіпорнының директоры. Имамадин Оңғарбаев болса Аралдың төл тумасы. Біршама уақыт облыс әкімінің орынбасары, Қызылорда қаласының әкімі болып абыройлы жұмыс жасады. Қазіргі таңда «Арал салынып жатқан кәсіпорындар бірлескен дирекциясы» филиалының директоры. Салтанатта оларға «Арал ауданының құрметті азаматы» атағы тапсырылды.
Арнайы дайындалған мерекелік концертте танымал ән-күйлермен қатар жергілікті сазгерлердің шығармалары, өзге де әсем әндер көпшілік ілтипатына бөленді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.
***
Сырдария ауданындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өткізілді.
Ел Тәуелсіздігінің 22 жылдық торқалы тойымен аудан халқын құттықтау үшін сөз алған аудан әкімі Ғанибек Қазантаев еліміздің Тәуелсіздік туы әлем көгіне көтеріліп, желбірегенін ерекше қуанышпен атап өтті.
Салтанатты шарада еңбек ардагерлері оқу-ағарту, партия қызметтерінде абыройлы қызмет атқарған Рахымжан Бәйменовке, қарымды қаламгер Мұхтар Сақтаповқа, майталман малшы Әбілжаппар Сырлыбаевқа, даңқты күрішші, Кеңестік Республика Жоғарғы Кеңесіне екі мәрте депутат болып сайланған Бексұлу Синаева, күріш бригадирі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Райкүл Жалғасбаеваға «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Салтанатты шара соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге, мың бұралған биге ұласты.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.