Өткізілген конкурс нәтижесі бойынша облыс әкімінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы өкімімен Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы лауазымына Күмісқожаев Ербол Серікбайұлы тағайындалды.
Ербол Серікбайұлы 1986 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін философия мамандығы бойынша бітірген. 2010 жылы осы университетте философия магистрі атанған.
Еңбек жолын 2009 жылы Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының Жетісу аудандық аумақтық бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2009-2011 жылдары Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының бас маманы қызметін атқарған. 2012 жылдың қазан айынан бастап осы кезге дейін Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының қоғамдық-саяси жұмыс бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарып келді.
***
Өткізілген конкурс нәтижесі бойынша облыс әкімінің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы өкімімен Бәйімбетов Марат Серікбайұлы Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Марат Серікбайұлы 1967 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін – заңгер, «Болашақ» университетін қаржы және несие мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі локомотив депосында слесарь-электрик ретінде бастаған. 1993-2002 жылдары Шиелі кенті әкімшілігінің референті, аға инспекторы, аудан әкімі аппаратының заңгері, 2002-2005 жылдары облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас маманы, ҚР Орталық сайлау комиссиясының Кызылорда облысы бойынша кеңесші-уәкілі, 2005-2007 жылдары Шиелі аудандық кәсіпкерлік бөлімінің бастығы, Шиелі ауданы әкімінің орынбасары, 2007-2013 жылдары Қызылорда облысының жұмылдыру дайындығы, азаматтық қорғаныс, авариялар мен дүлей апаттардың алдын алуды және жоюды ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары, басқарма басшысы қызметтерін атқарған.
2013 жылдың шілде айынан осы кезге дейін Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары – жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.