МЕРЕЙЛІ МЕРЕКЕ САЛТАНАТЫ

Кеше Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын болды. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мерекелік сахнаға алдымен Қазақстан Республикасының Туы әкелініп, еліміздің Әнұраны орындалды. 
Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегі жүзеге асқан, ғасырлар тоғысында бой көтерген тәуелсіз мемлекетіміздің ең басты мерекесіне арналған салтанатты жиында аймақ басшысы Қ.Көшербаев шараға қатысушыларды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күнімен құттықтады. 
– Тәуелсіздік – халқымыз үшін ең қастерлі, ең басты елдік ұғым. Ел тәуелсіздігі – ежелден еркіндік аңсаған ұлтымыздың асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің жеңісі. Біз үшін азаттықтың әр жылының, әр сәтінің мәні мен маңызы айрықша, – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі: – Тәуелсіздігімізді орнықтырудың ең қиын жылдарында халықтың кемелдігі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кемеңгер саясатының нәтижесінде баршамыз азат мемлекетімізді бірлесіп құруға мүмкіндік алдық, - деді.  
Иә, расында тәуелсіздік – тәңірдің біздің ұрпаққа берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Облыс әкімі атап өткендей, біз бүгінге дейінгі барлық жетістіктерімізге Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Тарих үшін 22 жыл қас-қағым сәт болғанымен, біз осы қысқа мерзім ішінде сындарлы сәттерден аман-есен өтіп, өз бағыт-бағдарымызды  нақтылап алдық. Қазақстанның болашақ даму векторы айқындалған Мемлекет басшысының «Қазақстан - 2050» Стратегиясы кемел келешегіміздің темірқазығы.
Осы жылдардағы елде жүзеге асырылған ауқымды жобалар мен игілікті істердің барлығы Тұңғыш Президентіміздің есімімен тығыз байланысты екендігіне тоқталған Қ.Көшербаев Мемлекет басшысы Сыр өңірінің дамуын ұдайы назарында ұстап отырғанын атап өтті. Елбасының тікелей қолдауымен Алашқа ана, талайға пана болған Сыр өңірі экономикасының бүгінгі таңда құрылымын өзгертіп, қарқынды дамуға мүмкіндік алғанын, қасиетті Сырда өркениеттің жаңа көші басталғанын жеткізді. Нақты кезеңде инвестициялық әлеуеті артып, индустриялдық-аграрлық аймаққа айналып келе жатқан өңіріміздің кемел болашағына көз жіберген облыс басшысы дамудың жаңа белесіне қадам басқан өңір экономикасының басты бағыттары туралы тарқатты. 
Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев сөз тізгінін алып, кеудесінде жарқыраған «Алтын жұлдыз» бен «Отан» орденін еңбекті сүйетін, еңбекті қадірлейтін Сыр елінің халқына берілген баға деп есептейтінін жеткізіп, жиылғандарды ұлық мерекемен құттықтады. 
Мұнан соң облыс әкімі Қ.Көшербаев ерен еңбегімен Сыр бойының өркендеуіне елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға мемлекеттік наградалар табыс етті.
Мерекелік салтанатты белгілі өнерпаздар концерттік бағдарламамен өрнектеді. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

АҚПАРАТ 16 желтоксан 2013 г. 1 050 0