ҰЛТТЫҚ НАҚЫШ КЛАССИКАЛЫҚ ҮЛГІМЕН ҮЙЛЕСІМ ТАПСА

Кеше аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыстық сәулет-қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысы болып өтті.
Кеңес отырысына аймағымызда салынатын және қайта жаңғыртудан өткізілетін бірқатар құрылыс нысандарының жобалары ұсынылды. Олардың ішінде Қорқыт ата мемлекеттік университетінің №6 оқу корпусы мен Жалағаш аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының эскиздік жобалары комиссияның келісімін алды. «Прогресс Проект» ЖШС басшысы Азамат Кенесариевтің айтуынша, №6 оқу ғимаратын жаңғырту барысында оның сәулеттік шешіміне баса назар аударылған. Жобада классикалық үлгідегі канондармен бірге ұлттық нақыштағы бояулар өзара үйлесім тапқан. Қаражат республикалық қазынадан бөлінеді. 
Кеңес мүшелерінің назарына Жалағаш кентіндегі №246 мектеп пен Шиелі ауданы Майлытоғай ауылындағы №141 мектептің жобасы да ұсынылған-ды. Бұл жобалар кейбір олқылықтар толықтырылғаннан кейін келесі басқосуда талқыланатын болып шешілді. Ал, «Саутс-Ойл» компаниясының қаржысына Қамыстыбас көлінің жағалауынан бой көтеретін 100 орындық пансионат-профилакторийінің жобасын кеңес мүшелері бір ауыздан қолдады. Кеңес төрағасы, облыс басшысы Қ.Көшербаев осы тұста туристік аймақта ірге көтеретін нысандарға қажетті инфрақұрылым бүгінгі таңда бюджет қаражатынан жеткізілгенін атап өтті. Айта кетейік, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің қатарына біздің облысымыздан Байқоңыр қаласы мен «Қорқыт ата» ескерткіш-мемориалы еніп отыр. Бұл әлемдегі теңдесі жоқ ғарыш айлағындағы ұшырылым сәтін тамашалауға келетін шетелдік және отандық туристерге өңірдің көрікті жерлері мен тынығу орындарын көрсетуге мол мүмкіндік туады деген сөз.
Кеңесте күре жолдың бойында бой көтеретін бірқатар кәсіпкерлік нысандардың жобасы талқыға ұсынылды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойында үш санатты инфрақұрылым нысандары салынады. Солардың бірі кеңес мүшелері тарапынан қолдауға ие болды. Ол – Асқарбек Далхановтың басқаруындағы «Сырдария-Авто» ЖШС сервистік қызмет көрсету кешені. Ал өзге жобалар кері қайтарылды.
Кеңесті қорытқан аймақ басшысы аталған автожолдың бойынан салынатын түрлі кәсіпкерлік нысандар жобасы халықаралық талаптарға толық жауап бере алғанда ғана қолдауға ие болатынын жеткізді. Сонымен бірге құрылыс нысандарының қасбетіне ерекше мән беру қажеттігіне тоқталған кеңес төрағасы ғимараттардың осы беті бірдей үлгіде болуын, онда ұлттық бояу қанық болып, оның өзге үлгімен үйлесім табуы тиістігін қадап айтты. 
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

АҚПАРАТ 12 желтоксан 2013 г. 1 092 0