Кеше «Қызылордажылуэлектрорталығы» мекемесінің мәжіліс залында жылу маусымының өту барысы туралы көшпелі жиын болып өтті. Оған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша, яғни облыс орталығы тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету бойынша Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен «Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Асқар Бекмағанбетов хабарлама жасады.
Қала әкімі биылғы жылу маусымына республикалық және облыстық бюджеттен 1 млрд. 680 млн. теңге қаражат бөлінгенін, оған шаһардағы қос жылу орталығына күрделі және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қос режимде жұмыс жасайтын жылу өндіру нысанына тиісті сұйық отын көлемі жеткізіліп алынғанын айтты. Мұнан өзге, 11 дербес жылу қазандығы толық жұмыс істеп тұр. Қорқыт ата көшесіндегі екі көпқабатты үйдің тұрғындары алдағы уақытта ыстық судың игілігін көретін болады. Оның жобасын жасауға облыс қазынасынан қаражат бөлініп, жұмыстар жасалынуда. Ал, коммуналдық төлемдерге келсек, бүгінгі таңда тұрғындардың жылуға қарызы 191 млн. теңгені құрап отыр. Облыс әкімі коммуналдық төлемдерді қолдау шараларына ие әлеуметтік топтардан өзге тұрғындардың бәрі қарызды дер кезінде төлеуі тиістігін еске салып, қала басшысына түсіндіру жұмыстарын кең көлемде жүргізуді тапсырды. Бұған қоса, Павлодар облысының төлемақы жинау саласындағы тәжірибесін зерттеп, онан үлгі алу керектігін еске салды.
Кәсіпорын директоры А.Бекмағанбетовтың айтуынша, жылу орталығы бүгінде штаттық режимде жұмыс атқаруда. Жылу беру маусымына ел Үкіметінің резервінен 2,5 млрд. теңге бөлінген. Оған облыстың жылу-энергия көздеріне 58,7 мың тонна мазут сатып алынатын болады. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен қаламыздағы 7,8 шақырым жылу құбырларын жылуизоляциялық материалдармен қаптап шықты. Кәсіпорынның қаржылық қиын жағдайын баян еткен директор жылу құбырларын қаптауға қажетті 39 млн. теңгені облыс әкімінің шұғыл шығындарға арналған резервінен бөлуді сұрады. Облыс басшысы мұны 2 күн ішінде шешуді өз орынбасары Н.Әлібаевқа тапсырды.
Облыс орталығын газдандыру және энергетика нысандарының мәселесі бойынша «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС бас директорының орынбасары Нұржан Әбдірахманов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Қызылорда өндірістік филиалының директоры Болат Мұртазаев, «ИнтерГазОрталықАзия» Қызылорда магистральды газ құбырлары басқармасының өкілі Алпамыс Қисметов және «КРЭК» АҚ директоры Серік Сүлейменов баян етті.
Нақты кезеңде облыс орталығына «көгілдір отын» жеткізіп отырған жалғыз көз – «Ақшабұлақтан» сағатына 44 мың текше метр газ келуде. Алайда, аталған кеніштен берілетін газ Қызылорда қаласының газға деген қажеттілігін толық өтемейтіні белгілі. Елбасының тапсырмасымен оңтүстік өңірлерді газдандыруға бағытталған «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырының бірінші кезеңі аяқталып, іске қосылды. Облыс орталығына жетіспейтін газ көлемін осы магистральды газ құбырынан алу мақсатында АГРС-2 стансасы салынуда. Бұған қоса, «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ инвестициялық қаржысы есебінен редукциялық түйіннің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Аталған нысандар 12 желтоқсан күні пайдалануға беріледі. Сол кезде қалаға жетіспейтін газ мөлшерін тұрғындар «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбырынан алады. Бүгінде газдың текше метрінің бағасы нақтылану үстінде.
Жиынды қорытқан аймақ басшысы Қ.Көшербаев құзырлы мекеме басшыларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Басқосудың басты мұраты биылғы қыстан қысылмай шығу екендігін атап өткен облыс әкімі өз орынбасары Н.Әлібаевқа солтүстіктегі екі аудан орталығы мен бірнеше ірі елді мекендерді және Байқоңыр қаласын аталған газ құбырына қосу мақсатында жобалау жұмыстарын тездетуді тапсырып, алдағы 2 жыл ішінде облыстың негізгі бөлігі газдандырылуы қажеттігін жеткізді.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.