Қызылорда облыстық прокуратурасында «Қазақстан Республикасының Прокуратурасы күні» кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев және күштік құрылым басшылары қатысты. Жиынды облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов ашып, Бас Прокурордың құттықтау жеделхатын оқып берді. Сонымен бірге, қадағалау органының құрылу тарихына тоқталып, бүгінгі таңдағы мақсат-маңызының жоғары екенін атап өтті.
Прокуратураның 30-ға жуық қызметкері ҚР Бас прокуроры және облыс прокурорының бұйрығымен ынталандырылып, алғыс хаттар табыс етілді. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Р.Нұртаев, ҰҚК департаменті бастығы Б.Байғазиев, Қаржы полициясы басшысы М.Қожабаев, ОІІД бастығы Ж.Бақтыбаев «Сүлеймен Есқараев – Тұңғыш прокурор» мерекелік медалімен марапатталды.
Салтанатты шарада, Сүлеймен Есқараевтың туғанына 115 жыл толу мерейтойы аясында өткен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында спорттық турнир жеңімпаздары да алғыс хаттарға ие болды. Атап айтсақ, волейбол спорты бойынша үшінші орынға облыстық сот командасы, екінші орынға ІІД командасы тұрақтаса, облыстық төтенше жағдайлар департаменті бірінші орынның жүлдесін алды. Сонымен бірге шахмат, үстел теннисі секілді жарыстардың жүлдегерлері марапатталды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.