ЖАЗУШЫҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев белгілі зерттеуші ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,  жазушы Тынышбек Дайрабаевты қабылдады.
Сырдың тумасы, жетпіске толған жазушы аймақ басшысымен болған кездесуде өңірдің соңғы кездегі әлеуметтік-экономикалық дамуы, мәдениет, өнер саласының қазіргі жай-күйі туралы әңгіме өрбітті. Кезінде ауыл шаруашылығымен ғана айналысатын облыстың бүгінде индустриалды аймаққа айналуы жазушыны қуантады. 
– Бүгін міне, облыс әкімінің қабылдауында болдым. Менімен бірге Алматыдан Қазақстан Жазушылыр одағының мүшесі, ақын Ибрагим Бекмаханұлы келді. Облыста ауқымды тірліктер атқарылып жатыр екен. Соңғы бір жыл ішінде мұнай, тау-кен өндірісі жақсы дамуда. Сырттан келген қонақ елдің жаңалығын бірден көреді. Қаланың гүлденіп, көркеюі бізді сүйсінтті. Шаһар көшелерінің кеңеюі, түрлі әлеуметтік нысандардың іске қосылуы әрине, тұрғындар игілігіне жасалып жатқан жұмыстар ғой. Сонымен қатар, дүниежүзіне біздің Қорқыт бабамызды танытуға бағытталған шаралар да қолға алынып жатқандығына марқайып қалдық, – дейді жазушы. 
Жалпы, Тынышбек Дайрабаев Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Сыр өңірінен шыққан атақты би, батыр, шешен, жыраулардың шығармаларын жинаумен айналысады. Зерттеушінің «Тоғанас Батыр», «Қаңлы Жүсіп,» «Кете Шөмекей шежіресі», «Сырдың сырлы сыры», «Билер сөзі – киелі» секілді көптеген еңбектері жарық көрген. 
Жазушының жетпісжылдық мерейтойы Сырдария, Қармақшы аудандарында кең көлемде аталып өтіледі деп жоспарлануда. Қабылдау соңында аймақ басшысы дәстүрмен жерлесімізге шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА.

АҚПАРАТ 10 желтоксан 2013 г. 1 149 0