ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ

өткір мәселелерді шешуге оң өзгерістер әкелді
Бүгінде медицина күн сайын даму үстінде. Соңғы шығарылған медициналық құрал-жабдықтар адам денсаулығын жақсарту мен ажалдан арашалауда көп көмегін тигізетіні сөзсіз. Алайда, кейбір денсаулық сақтау саласы мекемелеріне алынған заманауи медициналық құралдардың «тілін» меңгерген мамандар жетіспейді. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен тұрақты кеңестің кезекті мәжілісінде айтылды.
Кеңес отырысында қаралған алғашқы мәселе денсаулық  сақтау саласын дамытудың 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасының жүзеге асырылу барысы туралы өрбіді. Салада атқарылған жұмыстар жайлы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков хабарлама жасады. Хабарламашының айтып өткеніндей, аймақта «Жол картасын» іске асыру үшін 2013-2014 жылдарға 4,4 млрд. теңге қаралды. Жол картасында біздегі республикалық орта көрсеткіштен жоғары ана мен бала өлімі, өкпе дерті, онкология, жүрек-қан тамырлары ауруларын төмендету бағытында тиісті қаржылар қаралды. Саланың өзекті мәселесі болып табылатын ана мен бала өлімін төмендету бағытында бірқатар шаралар жасалды. Атап айтқанда, облыстық медициналық орталығы жанындағы санитарлық авиация бригадаларының құрамы ауыр халдегі аналар мен сәбилерге шұғыл медициналық көмек көрсету үшін қажетті 13,5 штаттық бірліктегі акушер-гинеколог, анестезиолог, неонатолог мамандарымен толықтырылды. Қалалық перзентхананың ғимаратын қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге конкурс өткізіліп, қазіргі таңда жоба дайындалуда. Өңірде туберкулездің эпидемиологиялық ахуалын жақсарту мақсатында Жол картасы аясында бірқатар жұмыстар атқарылды. Қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансері Сырдария аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансері ғимаратына көшіріліп, темір есіктер мен торлар орнатылды. Шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарының стационарлық көмекке қолжетімділігін арттыру мақсатында үстіміздегі жылы 9 ауылдық аурухана қайтадан ашылып, 503 науқас ем алды. 
Тұрақты кеңесте өңір әкімі Қырымбек Елеуұлы желтоқсанның 25-де ана мен бала орталығының пайдалануға берілетінін айтты. Бірақ, мұндағы мамандар қажетті курстардан өтіп, сол жердегі медициналық құрал-жабдықтармен жұмыс жасай алатындай деңгейде болуы керектігін ескертті. Қаңтар айында мемлекеттік орган басшылары мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы барысы жайлы есеп береді. Әсіресе, осы денсаулық сақтау саласы бойынша заң бұзушылықтар көп орын алуда. Дәрігер өз білімін жетілдірумен қатар науқастармен қарым-қатынаста, сондай-ақ, медицина қызметкерлері өздерінің ішкі хал-ахуалын дұрыстау керектігін тілге тиек етті. Арал, Қазалы аудандық ауруханаларында дәрігерлер арсындағы арыз-шағымдар көп екені сынға алынды. 
– Аймақта туберкулездің белең алуы, қатерлі ісіктердің кеш анықталуы, әлі де болса қан-айналым жүйесі ауруларының себебінен өлім-жітім айтарлықтай төмендемей отыр. Позитивтік тенденция болғанымен, бұл ойдағыдай деп айта алмаймыз. Сондықтан «Жол картасы» мен «Саламатты Қазақстан» бағдарламалары аясында жоспарланған іс-шаралармен толық қамту нәтижелері орындалмай жатқанын көрсетеді,–деді аймақ басшысы.
Мұнан кейін кеңес отырысында облыс аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы сөз болды. Бұл бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Сағымбек Өмірзақов баяндама жасады. Оның айтуынша, жыл басынан бері облыс көлемінде 1181 рет дабыл болса, оның 422-сі өрт оқиғасына байланысты шақыртылған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14,6 пайызға азайған. Дегенмен, тілсіз жау салдарынан 9 адамның қаза болу дерегі тіркелсе, оның 2-уі бала. Барлық тіркелген өрт оқиғаларының жартысынан астамы жеке үйлерде орын алуда. Оның басты себептері ашық отты пайдаланудағы өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы балалардың отпен ойнауы секілді жағдайлар. «Облыс көлемінде орналасқан 3823 өрт гидранты және 161 су қоймасының техникалық жағдайына күзгі мерзімдік тексеру жүргізілді. Тексеру барысында облыс көлеміндегі су жүйелерінде орналасқан 754 өрт  гидранты және нысандардағы 48 су қоймасы әр түрлі себептермен пайдалануға жарамсыз. Жыл басынан бері 152 жаңадан өрт гидранты қабылданды, алайда уақытылы техникалық күтім өз деңгейінде жүргізілмейді. Мысалға, қалада 871 өрт гидранты орналасса, соңғы үш жылда жарамсыз гидрант саны 161-ден 269-ға өсіп отыр. Сонымен қатар, аудан мен елді мекендерде жақын орналасқан табиғи су көздерінен өрт автокөлігі арнайы су алатын орындармен мүлдем жабдықталмаған»,– деді департамент басшысы.  
Облыс көлемінде 39 базар мен ірі сауда үйі орналасқан. Орталықтағы «Асбол», «Жайна», «Сыбаға» базарлары жанында жеңіл автокөліктердің тұрағы жоқ, өрт сөндіру автокөліктері жүретін жолдар бөгелген. Сондай-ақ, кәсіпкерлердің заттары жиналғандықтан, ғимараттар бойынша эвакуациялық шығу жолдары жоқ. Бұл ретте аймақ басшысы ең бірінші кезекте адам өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ескертті. Өрт  қауіпсіздігіне байланысты билік тарапына ешқандай кінә қойылмас үшін қажетті қаражат мәселесін шешіп беретіндігін айтты. 
– Алматы базарларында болған өрт  оқиғаларының біздің өңірде қайталанбайтынына кім кепіл? Біз неге сол оқиғадан сабақ алмаймыз? Бізде де сондай бәсекелестік бар. Қала әкімі мен төтенше жағдайлар департаментіне тапсырамын. Әкімнің сайтына түсіп жатқан сұрақтардың үштен бірі осы базарлардағы ретсіздік, жұмыстың жүйесіздігіне байланысты қойылады. Сіздердің әмбебап полицейлеріңіз не бітіріп отыр? Барлығын тәртіпке келтіріңіздер. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында білім, денсаулық, әлеуметтік басқармалары, мектепке дейінгі ұйымдар мен стратегиялық нысандарда өрт қауіпсіздігі мәселесі алдыңғы орынға шығу керек. Өйткені, адам өмірі – біздің басты байлығымыз»,–деді облыс әкімі. 
Кеңес отырысын қорытындылаған өңір басшысы тиісті сала жетекшілері мен қала әкіміне нақты тапсырмалар жүктеді. 
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 10 желтоксан 2013 г. 1 548 0