«ЭНЕРГИЯ» КОНСОРЦИУМЫ: ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДА

Баршаға белгілі, Қазақстан 2017 жылы Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрменің тақырыбын энергияның баламалы көздері мен «жасыл» экономика мәселелеріне арнап отыр. Бұл жоба таза экологиялық технологияға және жаңғыртылған энергетикаға негізделеді. Сөйтіп, индустриялық-инновациялық дамуды жеделдету жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға сәйкес еліміз 2015-2020 жылдар аралығында жалпы ішкі өнімнің энергия шығынын 25 пайыздан 10 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. Осы мақсатта «жасыл технологияға» негізделген, жарықты барынша үнемдейтін диодты энергиялық қуат көздері мен құрылыс материалдарын шығаратын өндірістерді дамытуға күш салынбақшы.
Шындығында, бүгінде әлем елдерінде энергия көздерінің тапшылығы байқалуда. Сондықтан олар энергияны күн, жел сияқты табиғи көздерден алуға көшті. Энергия қуатын табиғи көздерден алудың мұндай мүмкіндіктері біздің елімізде де қолға алына бастады. Әрісін айтпағанның өзінде бір биылдың өзінде Арал ауданы Мойнақ елді мекенін электрмен жабдықтау үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы өкілдігінің экологиялық қоры арқылы арнайы грант бөлінді. Сөйтіп осы елді мекендегі сегіз тұрғын үйді электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қуаттылығы сағатына 1 квт электр энергиясын өндіретін күн сәулелі батареялары орнатылды. Соның арқасында бүгінде осы елді мекеннің тұрғындары аталмыш қондырғылардың игілігін көріп отыр. Анығын айтқанда, бұрын жарықсыз өмір сүріп келген ауылға қазір электр қуаты күн-түн демей, үзіліссіз берілуде. Әрине бұл іс кішігірім болса да, Елбасы алға қойған «жасыл экономикаға» көшудегі алғашқы қадамдардың бірі десек те болады. Әрі ол таза экологиялық технологияға жатады.
«Жасыл» технологияға көшудің бір жолы, ол тұтынушыны электр қуатымен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін сала жұмысын кешенді түрде жаңғырту қажет. Осы жайтты ескерген облыс басшысы Қырымбек Көшербаев биыл облыстың энергиямен жабдықтау жүйесін дамыту және энергетика саласы бойынша күрделі мәселелерді қысқа мерзімде шешу мен энергия өндіруші мен тасымалдаушы және энергия таратушы мекемелердің арасындағы байланыстарды үйлестіретін «Энергия» консорциумын құрды. Сөйтіп, консорциум құрамына облыстағы электр энергиясын өндіруші мен тасымалдаушы және жабдықтаушылар мен ірі тұтынушылардың 26 құрылымы енгізілді. Өз кезегінде бұл құрылымдар облыстың электр энергиясы саласын жаңғыртып, оның жұмысына жаңаша дем беруді қолға алды.
Консорциумның ең басты бағыттарының бірі, ол «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» акционерлік қоғамының қаржылық жағдайын жақсарту бағытында тиісті шаралар қабылдау мен оларды жүзеге асыру көзделген. Жыл басынан бері осы бағытта жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде дебиторлық қарызды 50 пайызға және кредиторлық қарызды 70 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілген. Сондай-ақ, «ҚЭТТҚ» АҚ-ның өзі де энергияны үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліп келеді. Соның бастысы, компания 2013-2015 жылдарға арналған өзінің инвестициялық бағдарламасын бекітіп, соған орай кең көлемдегі жұмыстарды жүзеге асыруда. Осындай кешенді жұмыстардың нәтижесінде энергия ысыраптары айтарлықтай төмендеп, электр энергиясын ұрлау мүмкіндіктері жойылып, қызмет көрсету сапасы артқан. Сонымен қатар, компанияның электр энергияны коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесіне есептеу аспаптарын орнатуы да өз тиімділігін беріп отыр.
Негізі консорциумның құрылуымен үстіміздегі жылғы маусым айынан бастап облысты энергиямен жабдықтауды солтүстік, оңтүстік және орталық деп үш бөлікке бөліп, жұмыс істеу қолға алынған. Бұл іс өз кезегінде облысты электрмен қамтамасыз етуде біртұтас жүйені  қалыптастыруға септігін тигізуде.
Сонымен қатар, консорциумның басты міндеттерінің бірі, ол аймақтың электр энергиясына деген тәуелсіздігіне қол жеткізу бағытында жұмыс жасайды. Қазіргі күні осы бағытта бірқатар жұмыстар да қолға алынған. Соның ішінде консорциумның мүшесі саналатын «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауытын ағымдағы жылдың соңына дейін толық жобалық қуатына шығару бойынша жұмыстар да жүргізілуде. Ол іске асқанда зауыт «ҚЭТТК» АҚ-ның желілеріне 12-13 мвт электр энергиясын босатуға мүмкіндік алады. 
Жалпы биыл облыстың электр энергиясы саласының жұмысын жақсарту мақсатында бірқатар істер де жүргізілді. Соның ішінде облыстық және республикалық бюджеттен «Қызылорда қаласының кернеулігі 10/0,4 кв электрмен қамту жүйесін дамыту» жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарына 431,460 млн. теңге қаржы қаралған. Бүгінгі күні бұл жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Негізі нысанды алдағы жылы пайдалануға беру көзделуде. Сондай-ақ, өткен жылы басталған «Қызылорда қаласындағы ПС-35/10 кв «Жаңарық», «Тасбөгет» және «Районная котельная» қосалқы станцияларын қайта жаңғырту» жобасына 469,2 млн. теңге қаржы бөлінген болатын. Қазір бұл нысандағы жұмыстар толық аяқталып, оны жұмысшы комиссиясы қабылдап алу үстінде.
Сонымен, облыста «Энергия» консорциумы құрылған бір биылғы жылдың өзінде кешендерді жаңғырту мен қайта құру бағытында кең ауқымдағы жұмыстар жүзеге асырылды. Енді алдағы 2014-2016 жылдары облыстың электр энергетикасы саласындағы маңызды деген 13 жобаны іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруға тиісті министрліктерге 12676 млн. теңгеге өтініш те жасалып қойылған. Амандық болса, бұл ұсыныстар қолдау тауып жатса, тұтынушыларды жарықпен қамтамасыз ету ісі қазіргісінен де жандана түсетін болады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

АҚПАРАТ 10 желтоксан 2013 г. 1 149 0