«ГЕЛИОСТЫ» ШАБУЫЛДАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Осыдан екі апта бұрын Қызылорда қаласындағы «Ақмешіт» мөлтек ауданында орналасқан «Гелиос» жанар-жағармай құю бекетіне бетперде киген екеу баса-көктеп кіріп, 780 мыңға жуық қаражатты қалтаға басып қашып кеткендігі БАҚ-тарда жарияланды. Жай кетпей, алдынан қарсыласа шыққан бекет кассирін атып кеткен еді. Қару оғынан касса қызметкері оқиға орнында қайтыс болды.
Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. 
Осы аптада, жедел жүргізілген іздестіру нәтижесінде қылмысқа қатысы бар деген сезікті үш адам ұсталды. Олардан айғақты заттар алынып, қылмыстары нақты дәлелдемелермен бекітілді. Қазіргі кезде олар тергеу абақтысында отыр. 
Айдың-күннің аманында қойнына қару тығып, қоғам мен адамға қастандық жасап жүргендер тиісті жазасын алады деп сенеміз.
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.

АҚПАРАТ 07 желтоксан 2013 г. 1 077 0