ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ

Барша қазақ жұрты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесін атап өтіп жатқанда «Нұр Отан» ХДП-ның Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңірлердегі партия филиалдарымен бейнебайланысқа шықты. Оған аталған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Алдымен Мемлекет басшысы Н.Назарбаев жетекші партияның Астана қаласындағы республикалық қоғамдық қабылдау орталығының жаңа ғимаратын аралап көрді.
«Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы жерде ел Президентін жаңа «Электронды партия» жобасының жұмысымен таныстырды.
Осылайша аталған партия халыққа етене жақын болудың тағы бір үлгісін енгізіп отыр. Енді қоғамдық қабылдауға түскен әрбір арыз-шағым автоматты түрде тіркеліп, партияның интернет сайты арқылы оның орындалуы хабардар етіліп отырады. Айта кету керек, мұндай тәжірибе Оңтүстік Корея, Сингапур мен Данияда қолданыста бұрыннан бар.
– «Электронды партия» жобасын іске асыра отырып, біз сервисті жұмыс ұстанымын енгіземіз. Бұл жоба партия қызметінің негізгі 4 принципін – ашықтық, жауапкершілік, ептілік пен тиімділікті жүзеге асыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Б.Байбек.
Енді ел азаматтары үйлерінен шықпай-ақ, «Нұр Отан» ХДП-мен байланыста бола алады.
Қоғамдық қабылдауға келген тұрғындармен жүздесіп, пікірлескен «Нұр Отан» ХДП-ның Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бейнебайланыс арқылы барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтады. Сонымен бірге, жаңа ғана іске қосылған «Электронды партия» жобасына сәттілік тілеп,  оның партия туралы объективті және жедел ақпарат беретін инновациялық жоба екендігін атап өтті.
Дәл осы күні еліміздің барлық аймақтарында «Нұр Отан» партиясының 50-ден астам халықпен жұмыс істеу орталығы ашылды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.

АҚПАРАТ 04 желтоксан 2013 г. 1 277 0