Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалу барысы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте кезекті рет талқыланды.
Облыста тапсырмаларды орындау тетіктері қарастырылып, бекітілген кешенді іс-жоспар жүзеге асуда. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетованың мәліметіне қарағанда, өнеркәсіп өнімінің көлемі Сырдария, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласында төмендеп кеткен. Тұрғын үй салуда Қызылорда қаласы мол үлес алғанымен, үйлерді пайдалануға беруде артта қалып отыр. Құрылыс жұмыстарының көлемі Жаңақорған ауданында төмен. Аймақта жұмыссыздық республикалық деңгеймен бірдей болғанмен, Сырдария, Қармақшы, Арал, Шиелі және Жалағаш аудандарында жоғары.
– Бұл мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды тиімді пайдаланбау салдарынан болып отыр,– деді хабарламашы.
Өңдеу өнеркәсібінің дамуына бағытталған Индустрияландыру картасының іске асуында кемшілік көп. Жүзеге асырылатын жобалар саны жыл өткен сайын азайып барады. Мысалы, 2010 жылы – 9, 2011 жылы – 7, 2012 жылы – 2 жоба жүзеге асса, осы жылы 1 жоба жоспарланған. Оның өзі құрал-жабдықтардың қосалқы бөлшегі жетіспегендіктен келесі жылға жылжыған. Іске қосылған 18 жобаның 9-ы толық жұмыс істеп тұр. Ал 7 жобаның қуаттылығы 100 пайызға жетпеген. Қалған 2 жобаның әлі күнге дейін инженерлік желілері тартылуда.
Бекітілген Индустрияландыру карталары толыққанды жүзеге аспай, қағаздағы қалпында қалуда. Мысалы, Қазалы ауданы бойынша жоспарланған 8 жобаның 3-уі, Арал ауданы бойынша 7 жобаның 4-уі қолға алынған. Сырдарияда жоба атаулы жоқ.
Ел дамуының басты бағыты болып белгіленген Индустриялық-инновациялық бағдарламаның қаржылық тетігі саналатын "Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануда да жайбасарлық бар. Несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға сұраныс берген 73 жобаны аймақтық үйлестіру кеңесі мақұлдаған. Алайда Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласынан жоба ұсынылмаған. Несиені ішінара кепілдендіру бойынша Қармақшы ауданы мен Қызылорда қаласынан басқалардан сұраныс түспеген. Гранттық қаржыландыру бағыты бойынша бөлінетін қаражатқа тек Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласынан қызығушылық танытқан.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару аталған саланы қаржылық қолдау адымдап артқанымен, алға жылжымай отыр. Ірі қара малдың экспорттық әлеуетін арттыру үшін ет бағытындағы аналық сиырды фермерлік шаруашылықтарға топтастыру, мал бордақылайтын алаң салу жоспарланған. Мал сатып алынғанымен, бордақылау алаңын салу әлі күнге дейін ұйымдастыру сатысында тұр. Мал өнімділігін арттыру мен ірі қараның тұқымын түрлендіру жоспары тығырыққа тірелгендей. Ұрықтандыру пункттері аудандардың барлығында да толыққанды жұмыс істемейді. Бұл тұқымды түрлендіруге кедергі келтіріп отыр.
Бүгінде тұрғындарды жұмыспен қамту бірқатар мемлекеттік бағдарламалардың негізгі өзегіне айналды. "Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 10 млрд. теңге бөлінді. Бірақ бағдарламаның әр бағыты бойынша қаржы игеруде проблема туындап отыр. Бірінші бағытқа бөлінген қаржының небәрі 65,7 пайызының игерілуіне Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласы әкімдіктерінің жұмысындағы жайбасарлық кері әсер етуде. Екінші бағыт бойынша да бірталай кемшілік орын алған. Шағын несие алғандардың бар болғаны 27,7 пайызы салық органдарына кәсіпкер ретінде тіркелген. Қалғандарының несиені не мақсатқа жұмсағаны аудандар мен қала әкімдігі тарапынан зерттелмеген. Үшінші бағыт бойынша, жеке тұрғын үй салуға бөлінген қаражатты Қазалы ауданы 18 пайызға игерсе, Қармақшы ауданы мүлде игермеген. Оқу курсынан өткендерді жұмысқа орналастыруда да Қармақшы ауданы артта қалған.
Елбасы әлеуметтік нысандардың құрылысын уақытылы аяқтамау, "сақалды” құрылыстарға жол беру мәселелерін қатаң сынға алғаны белгілі. Аталған мәселе біздің аймақта да өткір. Бұл аудан әкімдері мен басқарма басшыларының үйлесімді жұмыс атқармауынан туындап отыр. Құрылысқа қажетті жер учаскесін бөлуді, коммуналдық қызметтерге техникалық шарт беруді айдан айға созу қалыпты құбылысқа айналған. Осыдан келіп жобалық құжат жасау мен конкурс өткізу кешігеді. Өткен жылдың аяғы мен ағымдағы жылдың басында 20 мектеп пен 16 балабақша құрылысының мемлекеттік сараптамадан өткізілген жоба-сметалық құжатын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Жылға жуық уақыт өткенімен, 5 мектеп пен 3 балабақшаның ғана құжаты әзірленген. Мысал келтірсек, Қазалы ауданы Бірлік ауылындағы 140 орындық мектептің жобалау құжатына бөлінген қаржы жыл бойы жобалаушы табылмағандықтан кері қайтарылмақ. Қызылорда қаласындағы 300 орындық қалалық аурухана құжатын дайындауға 3 жылдан бері қаржы бөлініп келген. Бірақ 3 жыл уақыт бір құжаттың әзірленуіне аздық еткен сыңайлы. Бұл жайбасарлық қалалық аурухана құрылысын "100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасынан сыздырып тынды.
Жыл соңына дейін құрылысы аяқталуы жоспарланған Арал ауданы Тоқабай ауылындағы мектеп, Қосаман ауылындағы мектеп, Жалаңаш ауылындағы балабақша, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі балабақша, Жалағаш аудандық емханасы мердігерлердің кестеден кешігу салдарынан қаржысы кері қайтарылуда.
Көлік апаттарының жылма-жыл еселеп өсуі, қайғылы оқиғалардың көбеюі жолдарды салуға және күрделі жөндеуге бөлінген қыруар қаржы тиімділігін бермей отырғанын көрсетті.
Хабарламадан соң сөз алған облыс басшысы әр фактінің астарында жауапкершіліктің кемшіндігі көзге ұрып тұрғанын, олардың әрқайсысының сұрауы болатынын атап өтті. Қызылорда ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару бойынша ең көп қаржы алып отырған 3 аймақтың бірі болса да, бұл саладағы нәтиже көңіл көншітпейді. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды тиімді пайдаланбаудың салдары ең алдымен бағдарламалардың толыққанды халық игілігіне айналуына кедергісін келтіруде. Аймақ басшысы құрылыстың жобалық құжаттарын дайындаудың хабарламада айтылғандай 3 жылға дейін созылуына "шектен шыққандық” деп баға берді. Жолдар жөнделгенімен, қозғалыс қауіпсіздігі реттелмей отыр.
Мәжілісті облыс әкімі:
– Елбасы тапсырмасы мүлтіксіз орындалуы керек, барлықтарыңызға нақты тапсырмалар берілді. Бюджет нақтыланды, бекітілген жоспар орындалуы, бөлінген қаржы игерілуі тиіс,– деп қорытындылады.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.