ТӨЛ МЕРЕКЕГЕ ТОЛЫМДЫ ТАРТУЛАР

Дүйсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Арал, Қазалы аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылу салтанасына қатысып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.
Аймақ басшысы алдымен Жақсықылыш кентіне аялдады. Кеңес Одағы кезінде жоғары сапалы ас тұзын өндіріп, әлемге танылған құтты қоныс тоқырау жылдарында көптеген қиындықтарды басынан өткергені белгілі. Экономикамыздың алға қарыштауымен мұндағы қабырғалы қауымның еңсесі де қайта тіктелді. Тұрғындардың басым бөлігі «Аралтұз» акционерлік қоғамында қызмет жасайды. Мұнда біршама уақыт бұрын қайта құру жұмыстары атқарылыпты. Нәтижесінде өндіріске «тұз байыту» технологиясы енгізілген. 
Бүгінгі таңда құны бірнеше жүз миллиондық жаңа зауыттың құрылысы жүргізіліп, испандық қуатты технологиялық жабдықтар алынды. Қалталау цехына Ресейдің Санкт-Петербургінен жеткізілген автоматтар да дәуір көшімен үндеседі. Жаңадан орнатылған қазандық арқылы мазут отынынан сығымдалған газға ауысу процесі сәтті шықты. Биылғы тұз қазу маусымында 270 мың тонна өнім өндіру межеленіп отыр. Өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен етене танысқан Қырымбек Көшербаев еңбеккерлерге жағдай жасап, өндірісті дамыту мәселелеріне назар аударды. 
Аймақ басшысы мұнан соң Сексеуіл кентіне келді. Осы аумақта түйісетін  Жезқазған-Сексеуіл теміржолының маңызы баршаға мәлім. Басты мердігерлері «Базис-А» құрылыс корпорациясы және «Жол жөндеуші» мекемесі болып есептелетін желінің жалпы ұзындығы 544 шақырымға тең. Бүгінде теміржол төсеніштері, рельс торлары Сексеуіл мен Жезқазғаннан қарама-қарсы бағытта жүргізілуде. Нақты кезеңде 116 шақырымның жоғарғы құрылымы төселді. Сондай-ақ, жоспарға сәйкес су, мал өткізу құрылғылары салынды. Төсеніш баурайларын безендіру, су құрылғыларының арналарын қалыптастырып, нығайту қолға алынуда. Бұған қоса, кіші көпір құрылысы аяқталып, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолы бойынан үлкен жол өткелі бой түзеді. Енді төсемдерді кірме жолдарға төсеуге дайындық шаралары ұйымдастырылуда. «Базис-А» құрылыс компаниясының филиал директоры Марат Көпешов атқарылған істерді егжей-тегжейлі мәлімдеді. Оның айтуынша, Сексеуілде 38 дана қос пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. 280 орындық балабақша мен өзге де әлеуметтік нысандардың жұмысында іркіліс жоқ. Құрылысшыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы еңбектеріне сәттілік тіледі. 
Соңғы кезеңде Сыр өңірінде құрылыс салу соны серпін алуда. Шалғай Сексеуілдегі кент әкімшілігі ғимараты соның айғағы. Іргетасы өткен жылы қаланған нысан пайдалануға дайын. Көркем ғимаратта әкімшіліктен өзге халыққа қызмет көрсету орталығының филиалы, салық басқармасының өкілдері, ардагерлер кеңесі, «Қазақ тілі» қоғамы орын тепкен. Аймақ басшысы Сексеуілдің ертеңі жарқын екендігіне, қазынадан бөлінген қаржы іргелі мекеннің өсіп-өнуіне оң әсер етеріне сенім білдірді. 
Арал қаласының сән-салтанаты жылдан жылға арта түсуде. Қайда мойын бұрсаңыз да жасампаздықтың үлгісін байқайсыз. Бүгін теңіз перзенттері тағы бір қуанышқа кенелді. «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы бойынша салынған әсем үйлер көздің жауын алады. Сондай-ақ, коммуналдық меншіктегі резиденция маңайға айрықша көрік беріп тұр. Аталған нысандардың ашылу салтанатына қатысқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев тұрғындарды қос мерекемен тұспа-тұс келген жағымды жаңалықпен құттықтады. Аудан әкімі Мархабат Жайымбетовтың айтуынша, кең көшедегі қолдың саласындай тізілген үйлер қаланың ажарына ажар қоспақ. 
Түс ауа облыс әкімі Қазалы ауданына келді. Соңғы уақытта аудан орталығы біршама өзгергенін атап өткен жөн. Көшелерге асфальт төселді. Түнгі жарықтар орнатылды. Әйтеке би кентінің аумағы да ұлғая түсті. Соған орай, балаларды білім ошақтарымен, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту тұрақты күн тәртібінде тұр. Республикалық бюджет қаржысына салынған №170 мектеп құрылысы оның айқын көрінісі. Нысанның бас мердігері – «Қазалы-құрылыс» ЖШС. Ғимарат оқу кабинеттері, асхана, мәжіліс залы, спорт залмен қамтылған. Жылу дербес бу қазандығынан беріледі. Жиынға дейін өзіміз тілдескен облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов «Мектеп сапалы, жоғары деңгейде салынғанын, шәкірттерге білім алуға барлық жағдай барын жеткізді. Аудан әкімі Бақыт Жаханов мереке қарсаңында тағы да бірнеше әлеуметтік нысандар іске қосылатынын айтты.
Жаңа мектептің ашылу салтанатында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Бүгін – ерекше қуанышты сәт. Қазақта «қос тойың қабат болсың» деген лебіз бар. Күні кеше Тұңғыш Президент күнін тойладық. Алда Тәуелсіздік мерекесі, Жаңа жыл күтіп тұр. Міне, Қазалыдан 600 орындық мектеп салынып, ел игілігіне берілді. Елбасымыздың сара саясатының арқасында Тәуелсіз Қазақстанды төрткүл дүние мойындады. Білікті ұрпақ – болашағымыз. Ендеше келешегіміздің кемел боларына сеніміміз кәміл», деп сөзін түйіндеді. 
Рәсім барысында соғыс және еңбек ардагері Өмірзақ Ахметов жиналғандарға бата берсе, «Қазалы-құрылыс» ЖШС директоры Асылхан Рашов мектеп директорына символикалық кілтті тапсырды. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы аудандары.

АҚПАРАТ 04 желтоксан 2013 г. 1 103 0