СЕНАТОРЛАР СЫР БОЙЫНДА

Арал ауданында ҚР Парламент сенатының депутаттары Қожахмет Баймаханов пен Мұрат Бақтиярұлы жұртшылықпен жүздесті. Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Мархабат Жайымбетов өңірден сайланған депутаттардың игілікті істердің басы-қасында жүргендерін жеткізді. 
Алғашқы сөз кезегін алған Мұрат Бақтиярұлы сайлаушылар аманатына адалдық таныту, есеп беру әрбір халық қалаулысының міндеті екендігіне, соңғы кезеңде қабылданған заңдарға кеңінен тоқталды. Үкімет тарапынан ауыл шаруашылығын жандандыруға бағытталған қадамдар, «Жұмыспен қамту-2020», «Ақбұлақ» бағдарламасының маңыздылығы, қымбат бағалы автокөліктерге салынатын салық мөлшері жұртшылықтың назарына ұсынылды.
Жүздесуде аудан әкімі газ жеткізу төңірегіндегі пікірін ортаға салды. Аудандық мәслихат хатшысы Көлбай Данабай әлеуеті төмен ауылдардың жайына алаңдаушылық білдірсе, зейнеткер Ахметулла Үмбетов өзін толғандырған жайтты сөз етті. Сенатор Қожахмет Баймаханов көпшілік қозғаған денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерге түсініктеме жасады. 
Мұндай кездесу түс ауа Қазалыда жалғасты. Жүздесуді жүргізген аудан әкімі Бақыт Жаханов баршаны ашық әңгімеге шақырды. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы соңғы үш айда депутаттар қабылдаған заңдарды шолып өтті. Олардың қатарында салық заңы да бар. Көптен бері қозғалып жүрген аталмыш заңға жуырда нүкте қойылды. «Заң қабылдау кезінде түрлі пікірлер болды. Алайда депутаттар толық қолдады» деген сенатор алкогольді ішімдіктерге акциздік салықтың көбейгендігін атап өтті. Ел арасында сапасы күмәнді, бағасы арзан ішімдіктердің кеңінен қолданыста жүргені жалған емес. Жоғарыдағы қадам мұндайға тосқауыл қояды. Әрі қазынаға қаржы түседі.
Қожахмет Баймаханов болса «Агробизнес-2020» бағдарламасының тиімділігін алға тартты. Әсіресе бұлақ қазу шаруаларға өте тиімді. Бұған кеткен шығынның басым бөлігі мемлекет тарапынан төленеді екен. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкілхалықтық сыйпат алуы тиісті дейді сенатор.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы аудандары.

АҚПАРАТ 30 қараша 2013 г. 951 0