«Мұз айдыны» спорт кешенінде республикалық «Ризашылық» қайырымдылық мерекесі болып өтті. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты.
Бұл мереке 2009 жылдан бері «Бөбек» қайырымдылық қорының бастамасымен барлық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар ұйымдарында өткізіліп келеді. Шараның мақсаты балаларға қуанышты отбасылық мереке сыйлау, оларды ересектер ықыласына, махаббатына және жүрек жылуына бөлеу болып табылады. Сондай-ақ, бұл мереке әртүрлі жастағы балаларды үйлесімді, адамгершілік-рухани жағынан дамытуға және шығармашылық қабілеттерін жан-жақты жетілдіруге бағытталған.
Мерекеде Балалар үйі, облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу және жас жеткіншектерді әлеуметтік бейімдеу орталықтарының 100-ге жуық тәрбиеленушілері спорттық үлгідегі киіммен би билеп ән салды. Салтанат сахнасына көтерілген облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова жеткіншектерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді және аталған балалар ұйымдарына биылғы жылы облыс әкімінің қолдауымен және демеушілердің көмегімен алынған кіші жастағы тәрбиеленушілерге арналған «Денсаулық калейдоскопы», орта жастағыларға «Көңілді бумеранг» (теннис үстелі, ракетка, доптар), «Әсемдік және денсаулық бұрышы» (турник, гимнастикалық сақиналар мен әткеншектер) спорт жинақтары мен жұмсақ ойыншықтар сертификаттарын табыстады.
Бұл күні балаларға көңілді отбасылық мереке сыйлап, өздерінің жан жылуымен бөліскен бірқатар мекемелер де болды. Олар №20/19 шекарашылар бөлімі, «Игілік» КҚ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі», «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «ПетроҚазақстан Құмкөл Рессорсиз» АҚ, «Броунис» кондитерлік орталығы. Сонымен қатар, жергілікті спорт саңылақтары да балғындар қуанышына ортақтасты. «Сейхун» гандбол командасы мен «Қайсар» футбол командасы, Сыр елінің мақтанышы дзюдодан әлем чемпионы Бауыржан Жауынтаев жеткіншектерге ыстық ықыластарын білдіріп, мерекемен құттықтады.
Салтанатты шара көңілді эстафеталық ойындармен жалғасты.
Айнұр БАТТАЛОВА.