ҚР ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫНЫҢ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНА ЖАҢА ТӨРАҒА САЙЛАНДЫ

Баспасөз орталығында ҚР Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев бір топ қаламгерлермен кездесті. Кездесуге облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова қатысты.
Онда одақ төрағасы қоғамдық ұйымның жұмысына тоқталды. 
– Құрметті журналистер, қонақжайлылық танытып жылы қарсы алып жатқандарыңызға көп рахмет! Сыр еліне біраз жылдан бері келіп тұрғаным осы. Өздеріңізбен кездескеніме қуаныштымын. Бүгінгі таңда елімізде 10 шығармашылық одақ болса, соның ішінде, Журналистер одағының жұмысы жақсы жүріп жатыр деп айта аламыз,– деп одақ жұмысына тоқталды. 
Төрағаның айтуынша, Қазақстанда бүгінгі таңда 7-8 мыңға жуық журналист болса,  одақтың 5 мыңға жақын мүшесі бар екен.  Әр өңірде одақтың филиалы жұмыс жасайды.   Сондай-ақ, одақтың алыс-жақын шетелдерде  бірнеше агенттіктері жұмыс жасап жатса, алдағы уақытта да Түркия, Өзбекстан, Түркменстан секілді елдерден агенттіктер ашу жоспарланған. 
Осы орайда Сейітқазы Бейсенғазыұлы одақтың Қызылорда облыстық филиалының төрағасын сайлау  кездесудің басты мақсаты екенін айтты.  Бұған дейін ол міндетті белгілі қаламгер Жақсылық Рахматулла атқарып келген болатын.
 – Жақсылық Рахматулла 20 жылға жуық уақыт филиал төрағасы болып, одақ жұмысын ойдағыдай атқарды. Отбасылық жағдайына байланысты Астана қаласына көшкендіктен аталған міндетінен өз өтініші бойынша босатылып отыр. Сондықтан ол кісіге барлық одақ мүшелері атынан алғысымды айтамын,– деді Сейітқазы Матаев. 
Журналистер алдымен Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының басқарма мүшелерін сайлады. Онан соң сайланған тоғыз адамның ішінен филиал төрағасын таңдады.  Көпшіліктің дауыс беруі нәтижесінде «Сыр медиа» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Аманжол Оңғарбаев  ҚР Журналистер одағы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. 
Сейітқазы Матаев филиалдың жаңа төрағасын құттықтап, қоғамдық ұйым жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған Аманжол Сақыпұлы өзіне сенім білдірген қаламгерлер қауымына алғысын айтып, қоғамдық жұмыстың жандануына бар күшін сала еңбек ететінін жеткізді. 
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ақмарал Әлназарова  өңіріміздегі ҚР Жазушылар мен Журналистер одақтарының жұмыстарына сәттілік тілеп,  журналистер одағына 20 жылға жуық төрағалық жасап келген Жақсылық Рахматуллаға Сыр журналистері атынан  рахмет айтты. 
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 26 қараша 2013 г. 1 481 0