Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның селекторлық мәжілісі өткізілді.
Комиссия отырысын ашқан облыс басшысы 2013-2014 жылдардың қыс-көктем айларында су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттері мен гидротехникалық нысандарының жай-күйіне зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде аса қауіпті учаскелердің анықталғанын атап өтті. Соған сәйкес бұл нысандарды қалпына келтіру мақсатында облыстық бюджеттен 165,5 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі кезде мердігер мекемелер тарапынан қорғаныс бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Мәжілісте хабарлама жасаған облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары – жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы Марат Бәйімбетов Сырдария өзенімен мол суды қауіпсіз өткізуге дайындық шаралары жөнінде айтты. Осы орайда Қызылорда қаласы мен аудандардың қаржылай мүмкіндігіне және материалдық техникалық жабдықталуына мониторинг жүргізілген. Осы сараптау нәтижесі көрсеткендей, су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыруға Қазалы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандары мен Қызылорда қаласында барлығы елу миллионға жуық қаржы бөлінген. Алайда Арал, Қармақшы және Жаңақорған аудандары бойынша 2014 жылға арналған жергілікті атқарушы органының резервінде су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыруға қаржы қаралмаған. Сонымен қатар барлық аудандарда су тасқынына қарсы жұмыстарға пайдаланатын жанар-жағармай мен қаптар, пашын және қарабура қорлары жасақталған. Жалпы ағымдағы жылы облыс көлемінде 2013-2014 жылдардың қыс-көктем айларындағы су тасқынының алдын алу мақсатында жұмысшы тобы құрылып, олар өзен бойындағы қорғаныс бөгеттеріне зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 30 аса қауіпті учаскенің бары анықталды. Соған сәйкес аталған қауіпті учаскелер бойынша жобалау-сметалық құжаттар әзірленіп, оған қомақты көлемде қаржы бөлінген.
Осы орайда облыс басшысы Арал, Қармақшы және Жаңақорған аудандарына су тасқынына қарсы шараларды жүргізуге қажетті қаржыны бөліп, тиісті жұмыстар жүргізілу керектігін тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы төтенше жағдайлар департаменті басшысынан дайындық жайын сұрап, бұл істі желтоқсан айының орта тұсына дейін тағы да бір тексеріп, нақтылау қажеттігін де тапсырды.
Ал, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Жұмахан Нұрсейітов өз хабарламасында Шардара су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына күз-көктем айларында жіберілетін су көлемі жайына тоқтады. Бүгінде Шардарада 1333 млн. текше метр су жиналған. Қазір онан төмен қарай секундына 450 текше метр су жіберіліп жатыр. Әзірге Көксарайға су жіберіліп жатқан жоқ. Алайда жыл сайын күз-көктем айларындағы Нарын-Сырдария каскадындағы су қоймаларының жұмыс кестесі мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысында белгіленетін. Бірақ, үстіміздегі жылға аталған кесте әлі бекітілмеген. Инспекция осы жағдайға орай министрлікке ұсыныс жолдаған.
Сондай-ақ, мәжілісте «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиал директоры Болат Арыстанбаев Сырдария өзеніндегі судың деңгейін түсіру мен су тасқынының алдын алу мақсатында облыстағы су таратушы каналдар арқылы артық суды көлдер жүйесіне жіберу жұмыстары жөнінде баян етті.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі қала мен аудандар әкімдері мен азаматтық қорғаныс және тиісті сала басшыларына қыс-көктем мезгілдерінде болуы ықтимал су тасқынының алдын алуға дайындық жұмыстарын жүргізіп, арнайы техникалар әзір болу керектігін тапсырды. Осы мақсатта құрылған штаб мүшелері демалыссыз жұмыс жүргізіп, дария бойына бақылау жасау үшін кезекшілік қоюды қамтамасыз етуі керек. Соның ішінде су тасқыны қауыпі бола қалған жағдайда тұрғындар мен олардың мал-мүліктерін көшіретін жерлерді де анықтап алу қажет. Сонымен қатар, осы жұмыстарға жұмсалатын қаржы бюджеттік комиссиямен бірлесіп шешілуі тиіс. Жалпы осы отырыста жүктелген міндеттердің орындалуы желтоқсан айында өтетін кезекті мәжілісте қаралатын болады.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.