Бейсенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Ет-сүт одағы» республикалық палатасының мүшелерін қабылдады.
Аймағымызға арнайы келген қонақтар қатарында палатаның атқарушы директоры Көпмахамбет Елемесов, «Ет-сүт одағының» атқарушы директоры Сансызбай Өмірбеков, Ақмола облысындағы «Агрофирма «Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр, Қостанай облысынан «Тұрар» ЖШС директоры Қайрат Оспанов, Шығыс Қазақстан облысының «Камышенское» ЖШС директоры Владимир Акулов, павлодарлық «Победа» және «Галицкое» ЖШС директорлары Александр Поляков пен Александр Касицин болды.
– Сіздердің біздің облыстың мал шаруашылығы саласымен танысу мақсатында арнайы келген сапарларыңызға сәттілік тілеймін, – деді Қырымбек Елеуұлы. – Ауыл шаруашылығы туралы айтқанда, егін және мал шаруашылығы облыс экономикасының негізгі саласының бірінен саналады. Қазіргі таңда мал басын көбейту, олардың өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қолдағы асыл тұқымды малдардың күтіміне көңіл бөлу басты мәселе болып отыр. Жыл сайын мемлекет тарапынан мал шаруашылығын қолдауға елеулі қаржы бөлінуде. Айталық, былтыр мал шаруашылығын дамытуға 868,4 млн. теңге бөлінсе, үстіміздегі жылы ол 1219,4 млн. теңгеге жетті. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырсақ, ірі қара 1,7, ал жылқы саны 8,1 пайызға артып, 24846 тн. ет, 63313 тн. сүт өндірілген. Облыстың мал басы жөніндегі ең жоғарғы көрсеткіш 1990 жылға сәйкес келеді. Қазіргі көрсеткішті сол кезеңмен салыстырсақ, ірі қара 11,8, жылқы 7,1, түйе 30,4 пайызға артқан болса, керісінше қой саны 2,6 пайызға кеми түсіп отыр.
Бүгінгі күні өңірімізден ірі қара өсірумен айналысатын төрт шаруашылық, сондай-ақ, сүт өнімдерін өндіруші төрт шаруашылық «Ет-сүт одағы» республикалық палатасына еніп отыр. Бұдан басқа асыл тұқымды мал өсірумен 63 ірі және орта деңгейдегі шаруашылық айналысуда. Оның он бірі ірі қара, жиырма сегізі қой, он үші жылқы, он бірі түйе малын күтімге алған.
Кездесуде республикалық палатаның атқарушы директоры Көпмаханбет Елемесов, Ақмола облысындағы «Агрофирма» Родина» ЖШС директоры Иван Сауэр іс-тәжірибелерін ортаға салып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Құрметті қонақтар кеше Қазалы ауданында «Рза» акционерлік қоғамының сүт өндіру кешені жұмыстарымен танысты. Сонымен бірге, ғарыш айлағы Байқоңыр қаласында болып, түркі әлемінің абызы Қорқыт баба кесенесіне аялдап, ұлы ойшылдың рухына зиярат жасады.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.