ҚАЗБА БАЙЛЫҒЫМЫЗДЫ ҚАЖЕТКЕ ЖАРАТУҒА БАРЛАУ ЖҰМЫСТАРЫНА ИНВЕСТИЦИЯ АРТУЫ ТИІС

Қара жердің қойны-қонышында адамзат баласы үшін қазба байлық жетіп артылады. Әрине, оны өндірісте өңдеу арқылы ғана пайда көзіне кенелуге болады. Сондықтан бұл бағытта әлі кәдеге аса қоймаған тың жобалар жеткілікті. Бұл игіліктер өңірдің экономикалық дамуына жол ашатыны сөзсіз. Осы бағытта еліміздің түкпір-түкпіріндегі минералды шикізат көздерінің қорын алдын ала саралау мен болжаудың маңыздылығы зор. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен өңірдің жер қойнауын дамытуға арналған кеңейтілген мәжілісте аталған тақырып жан-жақты талқыланды. Мәжіліске ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауы комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев қатысты. 
Аймақ басшысы қазіргі күні облыстағы жер қойнауын пайдалануға және дамытуға бағытталған  жұмыстарға тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі бүгінде ҚР Жер қойнауын пайдалану заңына өзгерістер енгізіліп жатыр. Сіздермен бірге жасалған 10 айлық жұмыстардың қорытындысы бойынша жасалған талдау бізді қанағаттандырмайтынын айтып өткім келеді. Геологтар өңірдегі жер қойнауын пайдалануға қатысты зерттеулер жүргізді. Соңғы зерттеулердің бірі республикалық бюджет есебінен 2005-2009 жылдар аралығында Аралдың шығыс бөлігінде жүргізілген болатын. Бұл өз кезегінде Сырдария, Арал маңындағы және Байқоңырда жаңадан кен орындарын іздестіруге бағыт береді. Елбасы біздің еліміздің дамуындағы негізгі басымдықтарды атап көрсеткен болатын. Өңірде мұнай және газ өнеркәсібінің дамуы әлеуметтік-экономикалық саланың, инфрақұрылымның, сондай-ақ тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға негіз қалайды. Бұл ең әуелі үш бағытты өркендету арқылы жүзеге асатынын түсінуіміз керек. Ол алдымен ғылыми-техникалық өңдеу, жергілікті өндірісті дамыту және жоғары білімді мамандардың қажеттілігі, – деді аймақ басшысы. 
Мемлекеттік геологиялық зерттеу жұмыстары облыс аумағын толығымен және оның арнайы бөліктерінің геологиялық құрылымы мен металлогениясы туралы геологиялық ақпараттық жаңартылуына қол жеткізеді. Мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізуге мұнай мен газға бағытталған Арал өңірі, уран өндірісне бағытталған Сырдария провинциясы мен Қаратау бөктері жатады. Минералдық шикізат өндірісі мен өңдеуді дамыту болашағы атап айтқанда, мұнай мен газ қорларын дамытуда облысымыздың мүмкіндігі зор. Ол үшін осы салаға инвестиция тарту талап етіледі. Облыстың дамуындағы жаңа мүмкіндіктер өңірдің оңтүстігіндегі металлургиялық кластеріне, мұнай саласы мен уран өндірісіне тікелей қатысты. Осы үш сала қазіргі өтпелі кезеңнен бізді алып шығуға тиіс. Бүгінгі таңда мүмкіндіктер мен қорларымыз бола тұра әрекет етпей отыру тірліктің алға жылжуына кедергі келтіреді. Бұл ретте министрлік, арнайы комитеттің және Үкіметтің бізге көмегі қажет. Өңір үшін маңызды тапсырмалардың оң шешімін табуына облыс басшысы өз талабын орындататынын жеткізді. 
Қазіргі таңда пайдалы қазбалардың тек баланстық қорларын игерудің өзі аумақтық экономиканың дамуын қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді. Алайда, осы байлықты игеруге білікті мамандар тапшылығы сезіледі. Өңірдің еңбек ресурстарының балансына жасалған талдаулар нәтижесі бойынша 7300 техникалық маман жетіспейтінін көрсеткен. Алдағы уақытта аймақ басшысы осы техникалық мамандықтарға квотаның көбірек бөліну қажеттігін айтты. 
Мәжіліс барысында сөз алған комитет төрағасы Б.Нұрабаев аймақтағы минералды-шикізат базасының дамуы тұрғысында айтып өтті. Ол өңірге жүргізілген соңғы геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесіне тоқталды. Аймақта қатты отынның түрлері минералды шикізат көздері бар. Мониторинг қорытындысы көрсеткендей жалпы инвстицияның 8 пайызы өңірдің геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалған. Елбасының тапсырмасына орай біз пайдасыз барлау жұмыстарына жұмсалған қаржыны ел қазынасына қайтаруымыз керек. Алдағы уақытта еліміз бойынша осы мұнай және газ өндірумен айналысатын компаниялардың жұмысына сараптау жасай отырып, инвестициялық жоспарын орындамаған мекемелермен келісім-шартты үзетін боламыз»,–деді комитет төрағасы. 
Мұнан кейін «Қазгеология» АҚ Ұлттық барлау компаниясының төрағасы Қадыржан Қауылдашев бүгінгі атқарылып жатқан ауқымды шаралардан мәлімет берді. «Минералды шикізат кешені республика экономикасының негізі болып саналады. Жуық арада белгілі пайдалы қазбалар мен кен орындарының қоры таусылуына байланысты қазіргі таңда  геология саласын дамыту және минералды шикізат қорын толықтыру мәселесі өзекті болып отыр. «Қазгеология» Ұлттық компаниясы 2011 жылы маусымда Елбасы тапсырмасы бойынша құрылғанын білесіздер. Оны құрудағы мақсат– Қазақстан қорының болашақ қорына арналған минералдық шикізат базасын қамтамасыз ету және Қазақстан экономикалық геосаяси мүддесін жүзеге асыру болып табылады».
Мәжіліс барысында «ҚОР» АҚ мұнай компаниясының өкілі Евгений Никуленко, «Байқоңыр» ӘКК басшысының орынбасары Ескендір Сайдаханов баяндама жасады. Соңында облыс әкімдігі мен Геология және жер қойнауы комитеті арасында хаттамаға қол қойылды.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 23 қараша 2013 г. 1 111 0