МӘСКЕУ МЕН ҚЫЗЫЛОРДА ПОЛИТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖ АШПАҚШЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Мәскеу қаласы білім беру департаментінің делегациясын қабылдады. Онда Ресей Федерациясы Ғылым және білім министрлігі мен Мәскеу қаласы білім беру департаментінің Қызылорда қаласынан политехникалық байланыс колледжін ашу бастамасы қаралды.
Қабылдаудан кейін журналистерге арнап брифинг берген Ресейдің мұғалімдерді қолдау қорының атқарушы директоры Илья Шутов бүгін облыс басшысында Қазақстан мен Ресей арасындағы маңызды жобаны келісуге арналған кездесу болғанын атап өтті. Нақты айтқанда, алдағы жылдың қыркүйек айынан бастап Қызылорда қаласында Қазақстан-Ресей бірлескен политехникалық байланыс колледжі ашылады.  Бұл оқу орнын ашуға негізінен Ресейдің мұғалімдерді қолдау қоры мұрындық болып отыр. Біз қызылордалықтарға Мәскеудің үздік деген колледжінің тәжірибесін ұсынып отырмыз.  Бұл колледж Мәскеуде ғана емес, сонымен қатар бүкіл Ресейде кеңінен танымал. Негізгі ашылғалы отырған политехникалық колледжде телекоммуникация және байланыс саласының мамандары дайындалып шығарылады.
Жалпы Қазақстан-Ресей бірлескен политехникалық колледжі шетелдік инвесторға сенімді басқаруға беріледі. Онда білім үдерісін ұйымдастыруға кәсіпкерлер қатыстырылып, қазіргі заманның үздік оқу жоспарлары мен бағдарламалары және әдістемелері құрылатын болады. Сондай-ақ колледжге халықаралық деңгейдегі  оқытушылар да тартылатын болады. Ал әзірге бүгінде жоғары білікті мамандар дайындайтын колледждің нормативтік-құқықтық  құжаттары пысықталу үстінде.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.

АҚПАРАТ 23 қараша 2013 г. 1 483 0