ЖӨЛЕКТІКТЕР ЖҰМЫЛА КІРІСТІ

Аймағымызда жарияланған санитарлық - тазалық, көркейту және көгалдандыру екі айлығы Шиелі ауданының Жөлек аулында қарқынды жүргізіліп келеді. 
Жиын-теріммен қоса қыркүйек-қазан айларында тазалыққа да барынша мән берудің маңызы зор. Осы орайда Жөлекте мекеме ұжымдары ауыл көшелерін өз жауапкершіліктеріне бөліп алып жаппай кірісті. Олармен бірге, көше комитеттері де өз көшелерінің тазалығына атсалысу үстінде. 
Әр сенбіде ауыл тұрғындары, мекеме ұжымдары санитарлық- тазалық жұмысына қатысып, көше бойындағы арықтарды, үй айналасын тазартуды әдетке айналдырды. Осылай ауыл үлкендері кейінгі жастарға үлгі көрсетіп келеді. Екі айлықтың соңғы сенбісінде ауыл тұрғындары «Беген Ата» қорымының басында болды. Ауылдың азаматы, кәсіпкер Ерлан Әбиевтің демеушілігімен қорым басына 3 техника әкелініп, таңнан кешке дейін бірталай жұмыстар атқарды. Қорымның  кірер дарбазасы ауыстырылып, жаңадан жол салынды. Сол күні сенбілікке жиналған 50-60 адамға ол мал сойып, аруақтарға арнап құран оқытып жүрген де осы ауыл азаматы. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» демекші, ауыл ақсақалдары Ерланға ризашылығын білдіріп, батасын берді. 
Сенбілікте ауыл әкімі Бегімтай Сатаевтың өзі бас болып жүрсе, ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пункітбай Отарбаев бастаған ауыл ағалары  да шамалары келгенше қызмет жасады. Ауыл жастары да ұйымшылдық көрсетті.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы. 

АҚПАРАТ 23 қараша 2013 г. 1 024 0