«МҰЗ АЙДЫНЫНА» МАМАНДАР ҚАЖЕТ

Облыстық баспасөз клубында қысқы спорт түрлерін дамыту мәселелеріне байланысты сала мамандары жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен жүздесті. Оған облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Садық Мұстафаев, «Мұз айдыны» көпсалалы спорт кешені директорының орынбасары Ермек Көкетов, бапкерлер – Елена Назаренко, Болат Қаржаубаев және Расима Жавзмагина қатысты.
Басқарма басшысының айтуынша, бұрынғы жылдарда облыста тек жазғы спорт түрлерін дамытуға мән берілді. Сыр өңіріндегі биылғы басты жаңалық – облыс орталығынан мұз айдыны бар кешеннің ашылуы. Ендігі кезекте жергілікті жастар қыс айларында да сергектікті серік етіп, өз шеберліктерін шыңдай алады. Аталмыш орында өрендер мәнерлеп сырғанау, шорт-трек және шайбалы хоккейдің қыр-сырына қаныға алады. Дегенмен, бұл жұмыстарда біршама қиындық кездесіп отыр. Сол салада қызмет ететін мамандардың тапшылығы байқалады. Біздің өңірде жаңадан тұсауы кесілген спорт түрлері болғандықтан, оны жан-жақты білетін бапкерлер жоқ. Осы орайда «Менің спорттық мансабым» атауымен жастар жобасы басталды. Қараша айының 13-і күні басталған жоба екі апта бойы жүргізіледі. 
Қысқы спорт түрлерінен бапкер Елена Назаренко аталмыш жұмыс бойынша қолға алынатын іс-шараларға тоқталып өтті. Бұл жоба студенттер мен жас мамандарға арналған. Облыс көлемінде қысқы спорт түрлерін кеңінен насихаттау мақсатында қолға алынған игілікті іс келешекте өз жемісін береді деген сенім бар. Екіншіден, жергілікті тұрғындарды спортпен шұғылдануға баулу негізгі мақсаттың бірі саналады. Үшіншіден, дене тәрбиесі және спорт, хореография факультеттерінің студенттерін іріктеп алып, көп салалы спорт кешенінде жұмыспен қамтуға мән беріледі. Бұл жобаға облыс әкімдігі, дене шынықтыру және спорт, жастар саясаты басқармалары қолдау көрсетіп отыр.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ. 

АҚПАРАТ 21 қараша 2013 г. 1 155 0