Осы аптаның сейсенбі және сәрсенбі күндерінде Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханада «Интернет кеңістігін тиімді пайдаланудың негізгі әдістері мен тәсілдері» тақырыбында семинар өткізілді. Оны облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Аталмыш шараға жергілікті басқармалар мамандары және аймаққа белгілі блогерлер қатысты.
Семинарға қатысушылар алдында «Абай кз» ақпараттық порталының үйлестірушісі Айдос Сарым мен «Матрица кз» сайтының үйлестірушісі Серік Мәмбетов бірқатар тақырыптар бойынша әңгіме қозғады. А.Сарым блогер деген кім және оның негізгі қызметі қандай, әлеуметтік желілерді пайдалану әдістері, қазақ тілді ресурстардың дамуы және қазақ блогосаласының сипаттамасы жайында тілге тиек етті. Сондай-ақ, ол облыс имиджін жоғарылатудағы блогерлік өнердің, интернет кеңістігіндегі шетелдік және отандық сайттардың ерекшелігі, интернет қолданушының ғаламторды пайдаланудағы ережесі жайында сөз етті. Келесі кезекте С.Мәмбетов қазіргі заманғы блогерлерді қалыптастырудағы алғышарттар, Қазақстанда әлеуметтік желілердің дамуының жалпы сипаттамасы, интернет кеңістігіндегі блогерлердің орны, ондағы виртуалды өмірдің адам санасына әсері тақырыбын да қозғады.
Жаһандық желі бүгінгі таңда елімізде маңызды мәнге ие бола бастады. Сондықтан бұл бағытта нақты жұмыстарды атқару міндеті тұр. Алматыдан арнайы келген азаматтар сол тұрғыда өз пікірлерін білдіріп өтті.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.