ҚАЗАҚСТАН СОТТАРЫНЫҢ СЪЕЗІ ӨТЕДІ

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ресми өкіл Алтай Әбибуллаев апта ішінде орын алатын іс-шаралардан хабардар етті. Осы аптада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Соттарының VІ съезіне қатысады. Съезге 700-ге жуық делегат пен 20 халықаралық ұйымның мүшесі келеді деп күтілуде. Президент съезде Қазақстанның 2050 жылдарға дейінгі дамуындағы соттардың рөлі мен V съезде жүктелген міндеттердің орындалуына тоқталатын болады.
Брифинг барысында Үкімет басшысы Серік Ахметовтің 20-қарашада Санкт-Петербургте өтетін ТМД мемлекеттері Үкімет басшыларының Кеңесіне қатысатыны белгілі болды. Кеңесте қаржы, өзара ақпарат алмасу және ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы келісімдерге қол қою көзделген. 
Сонымен бірге, бүгін Премьер-министр Серік Ахметовтің төрағалығымен жеке тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы қажеттілігі үшін бөлінетін жер телімдерін түгендеу мәселесі қаралады. Аталған мәселе бойынша ҚР Өңірлік даму министрі Болат Жәмішов баяндама жасайды. Үкімет отырысында «Ақбұлақ» бағдарламасының іске асырылуы да сөз болады.
Кезекті баспасөз мәслихатында «Ақ жол» демократиялық партиясы депутаттық фракциясының өкілі Алмас Тұртаев Үкіметке халықты баспанамен қамтамасыз ету туралы жолдаған депуттатық сауалына қатысты мәлімдеме жасады. «Біздің сайлауалды бағдарламамызда жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету негізгі міндеттеріміздің бірі болатын. Жасыратыны жоқ, қазір жастарымыз пәтерге қол жеткізе алмай жүр. Осыны халықпен бірге сезіне отырып, біз Үкіметке депутаттық хат жолдадық. Әзірге жауап алғанымыз жоқ. Үкіметтен жауабын алған соң қоғамды хабардар ететін боламыз»,–деді А.Тұртаев.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 19 қараша 2013 г. 956 0