Yстіміздегі жылғы 15 қарашада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен балық зауыты мәселелеріне байланысты мәжіліс болып өтті. Мәжілісте облыстағы балық өңдеу кәсіпорындарының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шәменов хабарлама жасады.
Оның айтуынша, облыста балық өңдеумен Арал балық өңдеу зауыты, «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС, «Камбала балық» ЖШС, Қазалы ауданындағы «Бақыт» шаруа қожалығы және «Игіліков» жеке кәсіпкерлігі айналысады. Балық өңдеу зауыттарының барлық қуаты 11 мың тоннаны құрайды. Қазіргі таңда өңдеуші кәсіпорындардағы өңделген балық көлемі жылына 6,5 мың тонна. Сонымен бірге кәсіпорындарда балық филесі, фарш, балық ұны, мұздатылған балық және басқа да өнімдер дайындалады. Өндірілген өнімдер халықаралық стандарттарға сай өңделеді. Осыған орай балық өнімдерін өндіру және қайта өңдеу көлемін ұлғайту бағытындағы шаралар жүзеге асырылып жатыр. Балықтың құнды шабақтарын өндіру мақсатында Қамыстыбаста балық питомнигін салу мәселесі қаралуда.
Арал-Сырдария облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекция жетекшісі Ғалымжан Орақбаев 2013 жылға арналған балық аулау квотасын игеру және балық ресурстарын қорғау шаралары туралы хабарлама жасады. Сонымен бірге мәжілісте балық шаруашылығында қолданылатын қайықтар мен басқа да техникалардың техникалық жағдайы туралы Жамбыл, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан аймақаралық көлік бақылауы инспекциясының Қызылорда облысы бойынша №2 филиалы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Шонжанов хабардар етті.
Мәжілісте Арал балық өңдеу зауытының атқарушы директоры Ақшабақ Батимова және балық консорциумының төрағасы Әділбек Әйімбетов балық шаруашылығы қолдауды қажетсінетінін айтты. Олар өз сөздерінде облыстың су ресурстары балық өнімін ұлғайтып, оның өңделуін өсіруге жеткілікті екенін атап көрсетті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мәжілісте қаралған мәселелерді жүзеге асыру бойынша тиісті шаралар қабылдау қажеттігін тапсырды. Облыс басшысы халықаралық деңгейдегі балық өңдеуші кәсіпорындарды құра отырып, балықты заңсыз аулаудың жолын кесу қажеттігіне назар аударды. Сонымен бірге облыс әкімі балық шаруашылығының өндірістік жабдықтарын жаңарту, балық питомнигінің құрылысын жүргізуге қатысты ұсыныс дайындау, осы шаруашылыққа қажетті басқа да мәселелерді шешу бойынша шаралар қабылдау қажеттігін баса айтты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.