Өткен айда Елбасының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, 9 айда атқарылған жұмыстар қорытындысы мен Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асу барысы талқыланған болатын. Мемлекет басшысы бірқатар кемшіліктерді қатаң сынға алып, Үкімет сыннан нәтиже шығару үшін іс-қимыл жоспарын жасады. Осының негізінде облыста да іс-шаралар жоспары түзілді.
Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте Елбасы тапсырмаларының орындалуы, бюджет қаржысын игеру мәселесі талқыланды. Алдымен аймақ басшысы кадрлық өзгерістермен таныстырды.
Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова аймақта бекітілген кешенді іс-шаралардың орындалу барысы туралы хабарлама жасады. Қазіргі таңда бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде. Өңірлік даму министрлігіне жергілікті жерде жұмысты оңтайландыруға бағытталған бірнеше ұсыныстар берілді. Өндірісті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында аймақтағы ірі кәсіпорындар мен кәсіптік білім беру мекемелері арасында дуалды технологиямен мамандар даярлаудағы әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Алдағы жылдары медицина кадрларының біліктілігін арттыру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінбек. "Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы шеңберінде қатысушылардың нақты жұмыспен қамтылуын арттыру үшін барлық аудандарда еңбекке орналастыру кестесі жасалды. Аталған бағдарламаны халыққа түсіндіруде ақпараттық-насихаттық шаралар атқарылуда. Балаларды мектепке дейінгі ұйымдармен қамту белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінде 3 пен 6 жас аралығындағы жеткіншектердің 81 пайызы балабақшаға барады. Құрылыс саласындағы заңнамаларды сақтау бойынша жұмыстар жолға қойылған.
Аталған мәжілісте Мемлекет басшысы бюджетті сапалы жоспарлауға, оның орындалуын қамтамасыз етуге баса назар аударғаны белгілі. Жоспарланған қаржының игерілуі еш талқылауды қажет етпейді. Осы жылы облыс бюджеті 179,6 млрд. теңге көлемінде жоспарланса, 10 айда игерілгені 140,7 млрд. теңге. Осы бағыттағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстау маңызды.
Облыс басшысы қаржының игерілмеуі 9 айда 4,3 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіштің 10 айда 6,4 млрд. теңгеге жеткенін айтты. Оның жартысынан көбі республикалық бюджет трансферттері. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Қайрат Сәрсенбаев қаржыны игермеген облыстық бюджет әкімшілері туралы мағлұмат берді. Облыс бюджетінің 25 пайызын құрайтын құрылыс басқармасындағы қаражатқа қатысты кемшіліктердің кейбіреуінің объективті себептері бар. Құс фабрикасы, магистральды жол жобасы, индустриялық аймақта салынып жатқан нысандарға инженерлік инфрақұрылым жеткізуге бөлінген қаражаттың игерілмеуі мүмкін. Сондай-ақ білім беру және мәдениет нысандарын жобалауға, салуға бөлінген қаржының уақытылы жұмсалмай қалатыны анықталып отыр. Хабарламашы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, кәсіпкерлік және туризм басқармаларының жыл соңына дейінгі қаржыны игеру мүмкіндігіне жасалған болжамға тоқталды. Қаржы жылының аяқталуына небәрі 1 ай қалғанын ескере отырып, барлық бюджет әкімшілері тиянақты жұмыс атқаруы керек. Облыс басшысы игерілмеген қаржыға қатысты түрлі сылтаулар мен түсініктемелердің қабылданбайтынын, мұның жұмысты дұрыстап үйлестірмеуден туындайтын нықтап айтты. Облыстық құрылыс, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау басқармаларына республикалық бюджеттен тағы да трансферттер бөлінбек. Бұл трансферттерді игеруге дайындық шаралары осы бастан қолға алынуы керек. Алдағы аптада облыстық мәслихат сессиясы өтеді. Айналасы аз уақытта қаржыны жұмсау тетіктері жан-жақты қарастырылған болса ғана, сұраныс берілсін. Барлық бюджет әкімшілері 15 желтоқсанға дейін бөлінген қаржыны толығымен игеруі тиіс. Аймақ басшысы алдағы жылдың бюджетін дұрыс жоспарлап, қаражатты орналастыру, ақшаны дер уақытында өз орнымен жұмсау мәселелеріне қатысты тиісті басшыларға тапсырмалар жүктеді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмасы мен міндеттемелерін орындауда ешқандай кемшілікке жол берілмейтінін ескертті.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.