АУЫЛДЫҢ ДАМУЫНА АЛҒЫШАРТ ЖАСАЛДЫ

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын бағдарлау мақсатында қалалық ішкі саясат бөлімі БАҚ өкілдеріне Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округіне пресс-тур ұйымдастырды.
Ауылдық округте «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы кешенді түрде жұмыс істеп жатыр.  Мәселен, бағдарламаның 1-ші бағыты бойынша елді мекенде екі жұмыссыз жас қайта даярлау курсында білім алып, тұрмысы төмен отбасынан шыққан бір бала кәсіптік даярлау бойынша Қызылорда қаласындағы арнаулы білім беру орындарының гранты бойынша оқуда. «Жастар тәжірибесі» бойынша жеті жұмыссыз жас тәжірибеден өтуде. 
Бағдарлама аясында «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бағыты бойынша несие беру жөнінде округ тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстары жүргізіліп,  нәтижесінде бес азамат «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы несиеге қол жеткізді. Олардың ішінде Жарасбаева Жұмакүл, Серікбаев Қуандық, Өтегенова Жұмакүл есімді ауыл тұрғындары сиыр, жылқы түліктерін сатып алып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Аталған азаматтар салық органына жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, мал шаруашылығымен айналысуда. 
Сонымен қатар, Қараөзек ауылының тұрғыны Әлиева Гүлжамалға қой малын өсіру үшін қаржылай қолдау қорынан 3 млн. теңге бөлінді. Осындай жобамен Қараөзек станция тұрғыны Нұрғалиева Ұлбикенің ірі қара малын бордақылау жобасы бойынша жуық арада несие беріледі деп күтілуде. 
Ауыл шаруашылығын қолдау мақсатындағы «Сыбаға»  бағдарламасы да ауыл халқына өз шаруашылығын бастап, дамытуға сүбелі көмек көрсететіні белгілі. Осы бағдарлама аясында бес кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалына тиісті құжаттарын тапсырып, 2 кәсіпкердің құжаттары қабылданды. Оның бірі жеке кәсіпкер Садықов Абдулла 2,5 млн. теңге несие алып, ірі қара малын асылдандыру бағытында 1 бас асыл тұқымды бұқа мен 30 бас аналық сиыр сатып алды, Айнакөл ауылынан «Шәкір» шаруа қожалығы басшысы Тұманов Ермек 6 млн. теңге несиеге 2 бас асыл тұқымды бұқа мен 32 бас сиыр алуға қол жеткізді. 
Елбасы бастамасымен қолға алынған «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша ауылдық округке қарасты №39, №128, №175 мектептеріне алты жас маман жұмысқа орналасып, тиісті көтерме жәрдемақылары бөлінген.
Қараөзек ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ақбұлақ» бағдарламасымен республикалық бюджеттен 244 млн. теңге қаржы бөлініп, Қараөзек ауылының ауыз су жүйесіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаждау жұмыстары барысында 2011 жылы әзірленген жобалау құжаттарында 95 тұрғын үй ауыз су желісіне қосылмай қалғаны анықталған болатын. Осы орайда, ауылдық әкімшілік тарапынан тапсырыс беруші қалалық құрылыс бөлімімен тиісті жұмыстар жүргізіліп, тұрғын үйлерге ауыз су желісі толық жеткізіледі деп жоспарлануда.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде Қараөзек ауылы, Арғын көшесінің тас жолына өткен жылы жүргізілген ағымдағы жөндеу жұмыстарын жалғастыру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу жеңімпазы «Дидар құрылыс» ЖШС 300 метр жолға жөндеу жұмыстарын жүргізді. 
Мемлекетіміздің елді мекендерге қамқорлығы ауылдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайының көтерілуіне осылайша дем беруде. 
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 16 қараша 2013 г. 1 375 0