Бейсенбі күні облыс әкімдігінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуімен еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыруға байланысты кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Онда облыстың экологиялық ахуалына қатысты бес мәселе қаралды.
Мәжілісті ашқан облыс басшысы үстіміздегі жылғы мамыр айында Елбасы өз Жарлығымен еліміздің «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын бекіткенін атап өтті. 2013-2020 жылдарға арналған бұл тұжырымдама жоспарын ҚР Yкіметі де бекітті. Негізі Қазақстан Республикасының «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдамасын іске асыру бойынша алғашқы кезең 2013-2020 жылдары мемлекеттік негізгі басымдықтағы ресурстарды пайдалануды оңтайландыру, «жасыл» инфрақұрылымдарды құруға қатысты басым бағыттарды айқындайды. Сондықтан да бүгінгі басқосуға өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды шикізат ретінде пайдалану, қалдықтарды сақтау алаңдарын талапқа сәйкестендіру, елді мекендерде «жасыл» инфрақұрылымдарды құруға қатысты мәселелер шығарылып отыр.
Аймақ басшысы сонымен қатар, «Қазақстан – 2050»: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясында тиімді әрі тұрақты экономиканы құру еліміздің «Жасыл экономикаға» негізделгенін атап өтті. «Жасыл экономика» тұрғындардың жақсы өмір сүруі мен бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін табиғи ресурстарды сақтап әрі тиімді пайдалану керектігіне бағытталған. Сондықтан да «Жасыл экономика» ел дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі саналады.
Мәжілісте алғашқы болып хабарлама жасаған облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаев облыс аумағында 160-тан астам қалдық тастайтын жерлердің барын әрі оларда 800 мың тоннадан астам қатты тұрмыстық қалдықтардың жиналып қалғанын жеткізді. Өкінішке орай, бізде әлі күнге дейін қалдықтарды жинау мен өңдеу инфрақұрылымдары дамымай келеді. Қазіргі күндері барлық қалдықтар жер астына көму үшін шығарылады. Соған қарамастан, қалдықтарды көметін мұндай жерлер санитарлық нормалар мен экологиялық талаптарға жауап бермейді.
Облыста қалдықтарды іріктейтін стансалар жоқ. Ондай стансалар болса қалдықты да кәдеге жаратуға болар еді. Осы орайда департамент басшысы облыста тек қана жалғыз «Ыбырайхан и К -ЛТД» ЖШС ғана қалдықтарды өңдеумен айналысатынын жеткізді. 2012 жылы бұл серіктестік 20 тоннадай қалдықты өңдеген. Бұл облыстағы қатты тұрмыстық қалдықтың 16 пайызын құрайды. Серіктестік осы өңдеген қалдықтардан тротуарларға арналған плиталар мен шатыр жабындыларын шығарады.
Қалдықтарды жинақтау мен іріктеу жөніндегі өткір мәселелер турасында облыстық табиғатты пайдалану және табиғи ресурстар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шәменов те айтып берді. Хабарламашының әңгімесіне қарағанда қазіргі күндері Қызылорда қаласынан қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт құрылысын салу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Бірақ оны кімнің қолға алары әзірге белгісіз.
Сонымен қатар, мәжілісте елді мекендерде сарқынды сулар жүйесінің жоқтығынан санитарлық-экологиялық жағдайдың төмендеп бара жатқандығы да сөз болды. Әзірге мұндай сарқынды сулар жүйесі тек қана Қызылорда қаласы мен Әйтеке би кентінде ғана бар.
Осы орайда облыс басшысы елді мекендерде жасанды сарқынды сулар жүйесінің қажет екендігіне көпшіліктің назарын аударды. Сондықтан да әрбір елді мекенде сарқынды сулар мен тазалау құрылғылары салынуы қажет.
Ал облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылбек Шәменов облыс орталығын газдандырудың арқасында ауаға ластағыш заттарды тастау айтарлықтай азайғанын атап өтті. Енді экологиялық жағдайды мұнан әрі жақсарту үшін облыстың елді мекендері мен өнеркәсіп кәсіпорындарын және жанар-жағармай құю стансаларын көгілдір отынға көшіру шаралары қолға алынбақшы.
Өз хабарламасында облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің басшысы Мэлс Жұбатқанов ауаны ластау экологиялық ахуалдың нашарлауына, әсіресе мұндай жағдайлар өндірістік аймақтарда жиі орын алатынына тоқталды. Ауаның ластануынан оның зардабын тұрғындар тартып жүр. Жалпы облыста 750-ден астам кәсіпорын экологиялық деңгейдің нашарлауына себепші болып жүр. Бұған қоса, жүздеген жанар-жағармай құю бекеті мен техникалық қызмет көрсету орталығы, көлік жуу және басқалары да ауаны ластаудан қалыс қалмай келеді.
Облыс басшысы осы орайда облыстық мемсанэпидқадағалау департаменті басшысына ауаны ластаушылармен күрес жүргізу ісіне көңілі толмайтынын жеткізді. Аймақ басшысы ауа ластанған кезде санэпидқадағалау қызметі жедел түрде дабыл қағып, бұл іске қоғамды, саяси партияларды, үкіметтік емес ұйымдарды тартып, аймақтың экологиялық және эпидемиологиялық жағдайын жақсартуда бірлесе жұмыс атқаруы тиіс екенін атап өтті. Олай болмаған жағдайда ауаны ластау экономикалық шығынды көбейтеді. Соның ішінде тұрғындар денсаулығының нашарлауына әсер етіп, еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеп соқтырады.
– Халық қандай ауамен өмір сүріп отырғанын білу керек, – деді Қ.Көшербаев. – Осы орайда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевқа облыс орталығында ақпаратты көрсеткіш орнатып,онда тек ауа райы мен қатты дауылдар ғана емес, басқа да халыққа қажетті ақпараттар көрсетілуі қажеттігін тапсырды.
Мәжілісті қорытындылаған облыс басшысы тиісті сала басшыларына айтылған сын-ескертпелерден қорытынды шығару қажеттігін тапсырды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.