«ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ» ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА БАУЛИДЫ

«ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ»  ЕЛЖАНДЫЛЫҚҚА БАУЛИДЫ

Жуырда батыр Нағи Ілиясов ауылында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған салтанатты кеш болып өтті. Ауылдық округ әкімшілігі мен №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектеп ұжымының ұйымдастыруымен өткен «Ерлікке тағзым» атты кездесу кеші мән-мағынасын ашқан тағылымды кездесудің бірі болды.

Кездесу шымылдығын ауыл әкімі ГауҺар Әділбаева ашып берді. «Бұл мереке әр кезде де батылдық пен ерліктің, қаһармандықтың символы, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың өлшемі. Құрметті ардагерлер, болашақ ұрпақ үшін, егемен ел тәуелсіздігін қорғаушылар үшін жарқын үлгі болып қала бересіздер. Сіздердің қан майданның алдыңғы шебіндегі ерліктеріңіз, тылдағы ерен еңбектеріңіздің арқасында еліміздің бүгінгі ұрпағы келісіммен бейбіт өмір сүруде. Ерен ерліктеріңіз, қажырлы еңбектеріңіз бен табандылықтарыңыз үшін, қадірлі ардагерлер – алдарыңызда бас иеміз» – деді. Өз кезегінде сөз алған «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Төребек Жұмабекұлы, «Болашақ өмір ұрпақ үшін жанын қиған майдангерлер ерлігі ғасырлар өтсе де, ұмытылмай тарихта жазылды. Соғыс – ұлы сынның, ерліктің, батырлықтың мектебі болды, соғысқандар үшін ғана емес, соңғы келер буындар үшін де мектеп. Соғыс кезіндегі кеңес адамдарының сан қилы ерліктері – жас жүректерді шыңдайтын қызулы көрік. Қан майданның төрінде жаумен жанын қия айқасқан батырларымыздың рухына бас иіп, мәңгілік тағзым етуіміз керек» деді. Мектеп ұжымы қатысушыларға арнап шағын сый-сыяпат көрсетті. Білім ордасының ұжымы «Ұлы Жеңіс – ұрпаққа аманат!» атты кітап көрмесімен таныстырып, естеліктер айтысты. Мектеп оқушысы Мадина Смағұлова ардагерімізге арнап әсем ән шырқады. Заманбек Ахметжанов пен Аружан Дәуренбекова жүрекжарды арнауларын арнады. Ауылдың белсенді жастары аты­нан Жанболат Нұрмағанбетұлы сөйледі. «2015 жыл – ұлттық тари­хымызды ұлықтау және бүгінгі белестерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Яғни, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Конституциясының 20 жылдығы. Сонымен қатар, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Қазақ елінің ертеңі – бүгінгі жастары. Өткен тарихымызға тағзым, бүгінгі бақытымызға мақтаныш, гүлденген келешекке сенім «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымда жатыр. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп, жалпыұлттық құндылықты біз әрбір жас бойымызға сіңіре білуіміз керек» – деді.

«Ер есімі – ел есінде» демекші, елімізді, жерімізді жаудан қорғаған азаматтар халық жадында мәңгі сақталмақ. Кездесу кешінің мақсаты да жастарға ержүрек қазақ жауынгерлерінің қаһармандығы туралы әңгімелеу, Ұлы Отан соғысы жауынгерлерін еске алу және жасөспірімдерге әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында еді.

Нұрбек Сағатұлы.
АҚПАРАТ 24 қаңтар 2015 г. 1 967 0