«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» ҚЫЗМЕТІ ТҮРЛЕНЕ ТҮСУДЕ

Облыс әкімдігінің баспасөз клубында Қызылорда ОТД бас директоры Сәдібек Балтабайұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз конференциясын өткізді. Былтырғы атқарылған жұмыстарды қорытынды­лаған жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев қатысты.

Өткен жыл компанияның жалпы стратегиялық дамуына сәйкес филиал қызметі тұрғындардың сапалы байланысқа сұраныстарын қанағаттандыруға, ұсынылатын қызметтердің сапасын жоғарылатуға және өңірдегі телекоммуникация нарығындағы озық позицияларды бекітуге бағытталды. Бүгінде Қызылорда ОТД телекоммуникация желісінде 108 АТС, 41 МСАД және СДМА-450 43 базалық станция мен СДМА-800 5 базалық станция жұмыс жасауда. Жалпы, АТС-тың цифрландырылған деңгейі 100 пайызды құрап отыр. Облыстық телекоммуникация желілерінің тіркелген сыйымдылығы 151260 нөмірді құраса, тіркелген желі сыйымдылығының берілуі 55839 портқа жеткен.

– Ағымдағы жылы жаңғырту жобасында басты бағыттардың бірі Қызылорда қаласында және ауылдық пункттердегі ұсынылатын қызметтердің сапасын жақсартуға, сондай-ақ, деректерді беру қызметін дамытуға бағытталды. Желілерді жаңғырту жобасы шеңберінде барлық аймақтар бойынша аудан орталықтарында талшықты-оптикалық желі құрылыстары жүргізілуде, – дейді Қызылорда ОТД бас директоры Сәдібек Балтабайұлы.

Өткен жылы жаңғырту жобалары бойынша Жаңақорған ауданында жалпы ұзындығы 28,2 шақырым 4 ТОБЖ учаскесі, Сырдария ауданында жалпы ұзындығы 13,5 шақырым 1 ТОБЖ учаскесі салынса, Арал, Қазалы және Шиелі аудандарында 3АМС салынған. Бүгінде оптикалық желі арқылы 100 Мбит/с жылдамдықпен қосылуды қамтамасыз ететін GPON технологиясының дамуына ерекше мән берілуде. Сондай-ақ, бас директор мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру аясында облыс әкімдігінің қолдауымен телекоммуникация қызметтерін ілгерілету мақсатында білім және денсаулық сақтау басқармаларымен бірлесе аймақ мұғалімдері мен дәрігерлерін интернет қызметіне тарту және қосу бойынша ауқымды жұмыстардың атқарылғанын айтты. Осының негізінде қазіргі таңда мұғалімдердің 57 пайызы жоғары жылдамдықты интернет қызметін пайдаланса, дәрігерлердің 63 пайызы КЖҚ қызметіне қосылған.

«Қазақтелеком»АҚ алғаш болып технологиялар мен қызметтерді енгізе отырып, нарық жағдайын мұқият зерделейді. 2014 жылы бірқатар жаңа қызмет түрі енгізілген. Мәселен, әмбебап нөмір қызметі. Бұл «Қазақтелеком» АҚ мен «Алтел» АҚ-ның бірлескен өнімі. Қазақтелеком компаниялар тобынан басқа бірде-бір оператор ұялы және қала нөмірін бір SIM-картада біріктіре алмайды. Бұдан бұрын қала нөмірлерін СДМА форматындағы ұялы телефондарға ғана қосып бере алатын еді, ал оның біршама шектеулері болатын. Жаңа қызметте олай емес. Абонент ұялы телефонының SIM-картасына қосылған қала нөміріне қоңыраулар, яғни, қаладағы кез келген нөмірлерден және кез келген қаладан әмбебап нөмірге тегін қоңырау қабылдай алады.

Баспасөз мәслихатында сондай-ақ, Сәдібек Балтабайұлы алдағы жылдың жұмыс жоспарымен де таныстырып өтті.

Басқосуға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев сөз алып, облыс байланысшыларының атқарып жатқан жұмыстарына көңілі толатынын айтып, алғысын білдірді және Қой жылында еңбектеріне табыс тіледі.

Айнұр БАТТАЛОВА.


АҚПАРАТ 10 қаңтар 2015 г. 1 760 0