ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ БИЫЛ ДА ЖАЛҒАСЫН ТАБАДЫ

Жыл басталысымен жергілікті орган басшылары өткен жылды қорытып, ағымдағы жылда атқарылатын міндеттерді сараптай бастады. Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіндегі облыстық коммуникациялар орталығында алғаш болып облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова БАҚ өкілдеріне брифинг өткізді.

Өткен жыл өңіріміз үшін табысты жыл болды. Алға қойған межелер орындалып, өз жемісін көрсетті. Айталық, аймақтың басты саласы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 50,5 млрд. теңгені құрап, есепті кезеңде 28,2 мың тонна ет, 73 мың тонна сүт өндірілген. Сондай-ақ, Сыр салысының шығымы биыл да жоғары болып отыр. Бірнеше жылдан бері күрмеуі көп түйінге айналған аяқ су мәселесі де өткен жылы өз шешімін тапты. Яғни, Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау жобасы бүкіләлемдік банктер тарапынан қолдау тауып, республикалық бюджеттен қоса қаржыландырылатын болды. Жоба үстіміздегі жылы жүзеге асырылады деп көзделуде. Осыған орай, егін шаруашылығын әртараптандыру жұмысы әрі қарай жалғасын таппақ. Оның ішінде бақша, көкөніс, мал азығы, майлы дақылдар алқабын арттыру қолға алынады.

Облыс халқын жұмыспен қамтып, олардың қолайлы өмір сүруіне жағдай жасауда әлеуметтік саланың алатын орны ерекше. 2014 жылдың 3 тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 5 пайызды құрауда. 2013 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл 0,2 пайызға азайған. Ал, өткен қазан айында бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 101985 теңгені көрсеткен. Нақты секторда жаңа өндірістер ашу, шағын бизнесті дамыту, және әлеуметтік нысандарды пайдалануға беру есебінен облыс бойынша 10655 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыспен қамту органдары арқылы 13063 адам жұмысқа орналасқан. Сонымен бірге өткен жылдың басты жаңалықтарының бірі аймақ дәрігерлері А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургиялық орталық мамандарымен бірлесе отырып, бүйрек алмастыру операциясын сәтті өткізді. Бұған дейін мұндай күрделі операция республиканың 3 аймағында жасалып келген. Бұл өңіріміз үшін үлкен жетістік болып саналады.

Облыс экономикасының дамуында инвестицияның маңызы зор. Осыған сәйкес өткен жылы халықаралық ауқымда инвестициялық форум өтсе, соның бірінде шағын бизнесті дамытудың жаңа мүмкіндіктері қарастырылды. Алдағы уақытта Еуропалық қайта жаңғырту және даму банкімен бірлесе отырып 8 жоба жүзеге асырылады. Бұл дегеніміз, өңірде халықаралық қаржы ұйымдарының қаржысын тарту арқылы ел экономикасын дамытудың жолға қойылғандығын білдірсе керек. Аталған жобалардың дені облыс орталығының инженерлік инфрақұрылымын қайта жаңғыртуға бағытталмақ, – деген басқарма басшысы, мұнан әрі өңірде орын алған өзге де жаңалықтармен бөлісті.

– Айта кететін жайт, Қызылорда әуежайына қазан айында халықаралық мәртебе берілді. Сонымен қатар, облыстың үстінен көптеген әуе қатынастарының өтуіне байланысты аймақта жаңа әуежай құрылысының қазығы қағылуда. Келешекте Бейжің, Стамбұл, Дубай елдеріне ұшақтар тікелей ұшатын болады. Қалай десек те, 2014 жылы экономиканың қай саласында болмасын ауқымды жұмыстар атқарылып, ілгерілеушіліктер басым болды, - деді С.Құлымбетова.

Өткен жылдың қаңтар-қарашасында 1050 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Яғни, химия­лық өнеркәсіп өнімдерін, металл, резина және пластмасс бұйымдары мен мұнай өңдеу, тамақ өнімдерін өндірудің артуы есебінен өңдеу өнеркәсібінде өсім 4,4 пайызға жеткен. Ал, негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 235,3 млрд. теңгені құрауда. Десе де, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры мен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі сияқты ірі жобалардың аяқталуына байланысты инвестиция көлемінің төмендеуі байқалуда. Осы орайда, аймақта құны 300 млрд. теңгені құрайтын инвестициялық жаңа жобалар дайындалып жатқан көрінеді. Егер бұл жобалар нәтижелі болса, инвестициялық климат реттеліп, ахуал жақсарады деп күтілуде. Өткен жылдың еншісіндегі тағы бір келелі мәселе – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бұл тұрғыда 253 мың шаршы метр тұрғын үй ел игілігіне берілген.

Облыс экономикасында орын алған осындай маңызды жайларды егжей-тегжей баяндаған басқарма басшысының мәлімдемесінен түйгеніміз, өткен жылы өңірдің өз кірісі 34,8 млрд. теңгені құрайды деп жоспарланса, бұл жыл көлемінде 57,9 млрд. теңгеге жетіп, межеленген жоспар 5,1 пайызға артығымен орындалған.

Өздеріңіз білетіндей, Елбасы Н.Назарбаев 11 қарашада дәстүрлі Жолдауын жолдады. Онда Президент әлем экономикасында болып жатқан қилы құбылыстар әсерінен сындарлы уақыттың туғанын атап өтті. Осындай әлемдік нарықта бағаның түсуі, экономикалық өсімнің тежелуі кезеңінде нақты қадам жасап, шаралар қабылдау маңызды болып табылады. Осы ретте, Жолдаудан туындаған өзекті мәселелер бойынша үстіміздегі жылы бірқатар жобалар іске асырылмақ. Соның ішінде Сырдария өзенінің бос жатқан сол жағалауын игеру үшін өзен арқылы өтетін көпірдің құрылысы мен "Қарағанды-Жезқазған-Қызылорда” автожолын жасау да бастау алмақ. Сонымен қатар, Қызылорда электр тарату компаниясы мен жылу-электр орталығы секілді нысандарға қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Оған қоса облыс орталығының су, жылу жүйелерін де қайта жаңғырту жоспарлануда.

Жалпы, аймақта атқарылуға тиіс барлық міндеттер мен мақсаттар айқын. Ал оның жүзеге асырылуы уақыт еншісінде.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


АҚПАРАТ 10 қаңтар 2015 г. 1 214 0