« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Кеше «Сыр медиа» ЖШС жанындағы коммуникациялар орталығында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемовтің қатысуымен брифинг өтті.
Онда басқарма басшысы өткен жылы ішкі саясат саласында атқарылған істерді кеңінен әңгімелеп, биылғы жылдың жұмыс жоспарымен таныстырды.
Алдымен Елбасы Жолдауын насихаттау бағытында жасалған жұмыстарға тоқталған Руслан Рүстемұлы Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 17 қаңтардағы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, Бір мүдде, Бір болашақ» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын ақпараттық-насихаттық қамтамасыз ету мақсатында облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіру бойынша 437 кездесу ұйымдастырылып, онда жиырма бес мыңға жуық адамның қамтылғанын айтты. Сондай-ақ, Елбасының өткен жылдың 11 қарашасында жарияланған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауын ақпараттық қамтамасыз ету мақсатында да кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, сегіз облыстық ақпараттық топ құрылып, оның құрамына жергілікті және өкілетті органдармен қатар, азаматтық қоғам институы, этномәдни орталық және БАҚ өкілдері енгізілген. Елбасы Жолдауы жарияланған сәттен бастап облыс көлемінде 182 кездесу өткізілген.
Басқарма басшысы қазіргі таңда өңірде қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақты екенін айтады.
– Облыста екі жылдан бері ақпараттық-талдау орталығы жұмыс жасайды. Ақпараттық-талдау орталығының әр ауданда және облыс орталығында арнайы мамандары бар. Әлеуметтік желілерге, аймақтың елді мекендеріндегі қоғамдық-саяси ахуалға жүргізілген күнделікті талдау, мониторинг жұмыстары туындаған мәселелер бойынша жедел шара қабылдауға мүмкіндік беруде. Облыс тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша респонденттердің 86,1 пайызы аймақтағы қоғамдық-саяси ахуалды «қолайлы, бірқалыпты» деп бағаласа, 78,2 пайызы қазіргі сәттегі өмір сүру деңгейіне «қанағаттанатындықтарын» білдірген,– дейді Р.Рүстемов.
Мемлекеттік ақпараттық саясаттың жүргізілуіне байланысты, аймақта 85 бұқаралық ақпарат құралы тіркеліп, жұмыс жасауда. Олардың үшеуі электронды, 81-і мерзімді басылым, біреуі интернет басылым. Жергілікті төрт мерзімді басылымның интернет желісінде өз сайттары бар. Мемлекеттік ақпараттық саясаттың сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ету мақсатында облыстық, қалалық және аудандық БАҚ-тар біріктіріліп, арнайы медиа-холдинг құрылды. Сонымен қатар, «Сыр медиа» ЖШС жанынан облыстық коммуникациялар қызметі іске қосылып, былтырғы жылы барлық басқарма басшылары, департамент жетекшілері және өзге де ұйымдар басшылығы БАҚ өкілдері алдына шығып, атқарып жатқан жұмыстары жөнінде есеп бергендігі де аталып өтті.
Жалпы, мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу мақсатында 2014 жылы 683,8 млн. теңге бөлініп, тапсырыс көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 24,8 пайызға артты.
Сондай-ақ, сала басшысы облыста жыл сайын азаматтық сектордың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. Оның нақты жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдар санының артқандығымен байланыстырған басқарма басшысы 2002 жылы 310 ҮЕҰ тіркелсе, қазіргі кезде олардың қатары 500-ге жуықтағанын мәлімдеді. ҮЕҰ-мен әлеуметтік қызметтерді жүзеге асыру үшін өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы республикалық бюджеттен қарастырылған трансферттерді қосқанда 516 млн. теңге қаржы қаралып, оған облыс бойынша 156 жоба атқарылған.
Өткен жыл қоғамдық-саяси маңызы бар шараларға толы болды. Алғаш рет облыс деңгейінде 2014 жылға арналған қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғалардың күнтізбесі әзірленіп, жоспарға сәйкес өткен жылдың екінші жартысында 80 шара ұйымдастырылған.
– Өткізілген шаралардың бірнешеуін атап өтсем, мәселен, өткен жылы республикада алғаш болып біздің өңірімізде әскерге шақырылғандар күнін кең форматта өткіздік. Сонымен бірге басқарманың ұйымдастыруымен «Туған жерге тағзым» облыстық жастар патриоттық форумы өтті. Оның мақсаты Сыр бойынан шығып жан-жақты қызмет істеп, жетістікке жетіп жүрген жастардың басын қосып, жасалып жатқан жұмыстармен таныстыру, олардың әлеуметтік потенциалын өңірдің дамуына бағыттау болып табылады. Биыл бұл шараға 30 жас қатысты. Алдағы уақытта бұл форумды тұрақты түрде өткізу жоспарланып отыр. Оған қоса Астана қаласында Т.Жүргеновтің 115 жылдығына орай халықаралық конференция өткізілді. Оған шет елдерден ғалымдар шақырылып, тың ойлар, тың мәліметтер айтылды. Міне, бұл шаралар атқарылған ірі жұмыстардың бір бөлігі ғана. Идеологиялық, экономикалық және аймақтағы ұйымдастырушылық жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында биыл тағы да облыс бойынша қоғамдық-саяси маңызды шаралар күнтізбесі әзірленді. Күнтізбелік жоспарға аудан, қала, барлық облыстық мекемелерден ұсыныстар жинақталып, сарапталды және облыстық мәслихат депутаттарының келісімі алынды,– дейді Р.Рүстемұлы.
Белгілі болғанындай, аталған қоғамдық-саяси маңызды шаралар тізбегі 126 ірі көлемді шарадан тұрады. Олардың қатарына Қазақстан халқы Ассамблеясы мен ҚР Конституциясының 20 жылдығына және Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл, Ұлы Жеңіске 70 жыл толуына орай өтетін ірі шаралар, мемлекеттік, кәсіби мерекелер, облыстық, республикалық деңгейдегі түрлі конференциялар, семинарлар, байқаулар, мәдени-көпшілік шаралар бар. Атап айтқанда, республикалық деңгейде 10 шара, облыстық деңгейде 76 шара өтеді деп жоспарлануда.
– Биыл екі халықаралық деңгейдегі шара ұйымдастырылмақшы. Ал, республикалық шаралар қатарында «Сыр өңірінің мәдени мұралары» тақырыбында республикалық конференция, биыл сонымен бірге мерейтойлық және атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген Н.Бекежановтың 125 жылдығы, М.Шоқайдың 125 жылдығы және Б.Амалдықұлының 250 жылдығы кең көлемді аталып өтпекші. Осыған байланысты облыста «Өздерің білер Нартаймын» атты Нартай әндерін орындаушылар конкурсын және Нартай туралы музыкалық спектакль қою жоспарланып отыр. Сонымен бірге Байқоңыр қаласының 60 жылдығы аталып өтіледі. Сондай-ақ, мамыр айында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай түрлі шаралар өткізу жоспарлануда, оның ішінде «Ұлы Жеңісті жырлаймыз» атты республикалық ақындар айтысы айтыссүйер қауымның көзайымына айналады деп күтілуде. Қыркүйек, қазан айларында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылады және мәдениет басқармасы арнайы қойылым дайындау жұмыстарын бастап кетті. Оған қоса республикалық ақындар айтысы ұйымдастырылатын болады. М.Шоқайдың 125 жылдығы аясында да бірқатар шаралар өткізу жоспарлануда. Оның ішінде, шоқайтануға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізіліп, ұлы тұлғаның өмірі мен еңбек жолына арналған қойылым әзірленіп, көрермендер назарына ұсынылмақшы. Сондай-ақ, биыл бізде ХІІІ Республикалық қала құрылысы форумын өткізу жоспарлануда. Халықаралық деңгейдегі екі шараға келсек, оның бірі, «Ислам діні – бейбітшілік бастауы» тақырыбындағы халықаралық конференция, екіншісі, Байқоңыр қаласының 60 жылдығына арналған жастар конференциясы. Мұнан басқа да бірқатар қоғамдық-саяси шаралар бар. Жалпы, 2015 жыл Елбасымыз айтқандай, ұлт тарихындағы беделді белестер жылы болғалы тұр. Осы шаралардың барлығында құрметті БАҚ өкілдері, сіздердің көмектеріңізге сүйенеміз, – деді ішкі саясат басқармасының басшысы Руслан Рүстемов қорытынды сөзінде.
Басқосу соңында журналистер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |