Арал ауданында келелі жиын өткізілді. Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев жүргізіп отырды. Теңіз төскейіндегі мал және балық шаруашылығын өркендету бағытында атқарылған жұмыстар жайлы аудан әкімінің орынбасары Мұхтар Оразбаев баяндама жасады. Оның айтуынша, ауданда 350 ауыл шаруашылығы құрылымының басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Әрі көрсеткіш те бөтен емес. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда түйе 471 басқа, жылқы 1576 басқа, мүйізді ірі қара 226 басқа көбейген. Оған қоса, бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымы асыл тұқымды мал өсіреді.
Облыс әкімінің орынбасары Рзақұл Сәденұлы әрбір ауылдың Үкімет тарапынан жасалып жатқан қолдауды сезінуі тиістігін, мемлекеттің бағдарламасын ұтырлы пайдалану жайы аудан, округ әкімдерінің жауапкершілігінде екендігіне тоқталды.
Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытында «Агробизнес – 2020» бағдарламасымен техникалық және технологиялық жарақтандыру, қаржылық ресурстардың қолжетімділігін арттыру, аграрлық бизнесті жүргізуге тұрақты әрі жан-жақты қолдау жасалуда. Аудандағы кент, ауылдық округтерде мал шаруашылығын дамыту тұрғысында аталған бағдарламамен 2014-2015 жылдары жайылымдықтарда құдықтар салуға мәліметтер жинақталып ауыл шаруашылығы басқармасына ұсыныс берілді. Қайта өңдеу кәсіпорындарын модернизациялау, сүт пен ет дайындайтын орындар құру күн тәртібінде тұр.
Жиынды қорытындылаған Рзақұл Нұртаев алдағы уақытта облыс әкімінің қатысуымен өтетін кеңейтілген мәжілісте бүгінгі көтерілген тақырыптың ауқымды тұрғыда қозғалатынын айта келе жауапты мамандарға ауыл шаруашылығын жандандыру, балық шаруашылығын өркендету тұрғысында нақты тапсырмалар жүктеді.
Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары қаладағы «Арал СДО» ЖШС, «Арал балық өңдеу зауыты». «Камбала балық» ЖШС-да болды. Сондай-ақ, Қаратереңдегі «Қуаныш» ЖШС-ның, Қамыстыбас балық питомнигінің, Бөгендегі «Бақыт» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысты.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы.