« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Сыр бойына арнайы келген "Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, Каирдің "Әл-Азхар” университетінің профессоры, доктор Жуда Абдулғани Басюни бастаған Ислам теологиясының білікті ғалымдары, Алматыдағы ислам университетінің жетекші профессорлары облыстық "Ақмешіт-Сырдария”, "Айтбай”, "Нұр” және "Ыбырайым молда” мешіттерінде жұма намазының алдында жиылған жамағатқа "Ислам және отансүйгіштік” тақырыбында уағыз айтты.
Олар жалпы адамзат баласының жаратылуы, ұлт пен ұлыстардың пайда болуы, түрлі діндердің өмірге келуі жайында айта келіп, жалпы мұсылман үмметтерінің даму жолына шолу жасады. Бүгінде егемендік алып отырғанына жиырма үш жыл болған жаңа тұрпатты дәуірге қадам басқан, өркениетті отыз елдің қатарына енуге әрекет етіп жатқан Қазақ елінің болашағы зор екеніне сенім білдірді. Қайсыбір халық болмасын өзінің даму жолында белгілі бір діни-сенім жүйелерін идеологиялық қағида ретінде қолданады. Соның ішінде түркі тобындағы қазақ халқы өзінің ерекше салт-дәстүрі бар, ұлттық дүние танымы мол және Ислам сенімін әу бастан толық мойындаған байырғы халықтардың қатарына кіреді.
Қазақстанда Елбасының тікелей қолдауымен "Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің ашылғанына да он жылдай уақыт болды. Осы кезеңде оны жарты мыңнан астам исламтанушы, дінтанушы, тіл мамандары мен жоғары білімді имамдар бітіріп шықты. Университет жыл сайын Қазақстанда дәстүрлі Ханафи мәзхабы бойынша екі жүзден астам маман дайындайды. Уағызшы Сыр өңірінің өздерін қонақжайлылығымен, дінге деген алғаусыз сенімімен баурағанын айта келіп, жәмиғатқа балаларын "Нұр-Мүбарак” университетіне оқуға жіберуге шақырды. Сонымен қатар халықты өзара тату болуға, бір-біріне жанашырлық, мейрімділік танытуға үндеді.
Уағызшылар жиналған жәмиғатпен бірге жұма намазын оқыды.
Мұнан кейін ҚМУ-дың Студенттер сарайында облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен "Дәстүрлі ислам – бейбітшілік кепілі” деген тақырыпта республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Оған Каирдің "Әл-Азхар” университетінің, жалпы Ислам теологиясының білікті ғалымдары, қазіргі таңда Алматы қаласындағы "Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің жетекші профессорларымен қатар Қызылорда қаласы мен облыс аудандарының мемлекеттік қызметкерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, жоғары, арнаулы оқу орындарының ғалымдары мен оқытушылары, этномәдени бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, ардагерлер кеңесі, жастар ұйымдарының белсенділері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конференцияның негізгі мақсаты облыс аумағында діни радикализм профилактикасы бойынша қызмет жасайтын арнайы мамандардың, дін саласы өкілдерінің, мемлекеттік қызметкерлер мен теологтардың біліктілігін арттыру және жалпы жұртшылыққа дәстүр мен ислам дінінің үйлесімділігін араб ғалымдарының ғылыми тұжырымдамалары арқылы көрсету болып табылады. Оның жұмысын облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрхан Жәлиев қысқаша сөз сөйлеп ашты.
Ғылыми-тәжірибелік шарада "Нұр-Мүбарак” Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры Жуда Абдулғани Басюни "Ислам көзқарасындағы зорлық-зомбылық, терроризм және жиһад мәселелері” деген тақырыпта мазмұнды баяндама жасады.
– Ислам негізінен "бейбітшілік” деген сөз, – деді профессор Ж.А.Басюни. – Ислам біріктірушілік сипаттағы ілім, ол басқаның сеніміне төзіммен қарауға шақырады. Ислам дінінің сүйенетін негізгі тұғырлары, бастау алатын танымдық, тағылымдық қағидалары бар. Сондықтан нендей бір айып тағудан бұрын өздерін ғана Исламның өкілі санайтын белгілі бір топтың іс-әрекетін емес, керісінше, Ислам дінінің негізгі ұстындары мен қағидаларын назарға алу керек. Сонымен қатар соңғы жылдары әлем ақпаратын жаулап кеткен "исламдық лаңкестер”, "мұсылман содырлар”, "исламдық экстремистік топ” тіркестері негізінен Ислам жауларының қитұрқы іс-әрекеті деп білген жөн.
Ғылыми-тәжірибелік шарада Ислам университетінің хадис және тәпсір бөлімінің меңгерушісі Ахмед Режеп "Ислам дінінің дәстүрге көзқарасы”, ақида және философия бөлімінің меңгерушісі Мадих Абдулла Абдулжауад "Дәстүрлі емес діни ағымдардың қоғамға қауіптілігі”, университет докторы Ахмед Али Хасан "Ханафи мәзхабының ислам әлеміндегі орны” және облыстың еңбек ардагері Сәпен Аңсатов "Ұлттық дәстүр ислам дініне жат емес” деген тақырыптарда баяндама жасап, тыңдаушылар тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Конференцияға қатысушылар Ислам діні туралы, лаңкестік ұйымдар жайында, "Нұр-Мүбарак” университеті туралы жан-жақты мағлұмат алды.
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |