ТАТУЛЫҚ – ОРТАҚ ТУЫМЫЗ

ТАТУЛЫҚ – ОРТАҚ ТУЫМЫЗҚазақстанда елдің тұрақтылығы, ұлттар арасындағы татулық қоғам құндылығы саналады. Себебі,тұрақтылық пен татулық ел тәуелсіздігінің басты тұғыры, биік шыңы,болашақтың алтын кілті іспетті. Сондықтан болар,Елбасы өзі жүргізіп отырған саясатта осы қағидаттарды бірінші орынға қояды. Еліміздегі этносаралық, конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты іске асыруда маңызды рөл атқарып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы осының бірден-бір дәлелі.

Бүгінде 20 жылды еңсеріп, еліміздегі ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған бұл ұйымның облыстағы хатшылығының атқарып жатқан жұмысы ауыз толтырып айтарлықтай. Бұл жөнінде Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйіндегі облыстық коммуникациялар орталы­ғында өткен брифингте Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының басшысы Ләйлә Төрешова кеңінен тарқатып берді. БАҚ өкілдерімен болған кездесуде ол аймақта іске асқан жұмыстар мен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы өткізілетін шараларды сөз етті.

Қазіргі сәтте облыста 35-тен астам ұлт пен ұлыс өмір сүруде. Сондай-ақ, олардан құрылған 11 этномәдени бірлестік бар. Өздерінің тілдері мен салт-дәстүрлерін дамытуда, еліміздің ұлттық құндылықтарын сақтау мен мемлекеттік тілге құрмет көрсетіп, оны меңгеруде, еліміздегі этносаралық қатынас саласын нығайтып, қоғамдық келісімді қалыптастыруда бұл бірлес­тіктердің маңызы зор. Жыл сайын бірлестіктердің мәдени күндері, ұлт­тық мерекелері, яғни, Наурыз, Құрбан айт, Рождество, Сабантуй, Солналь, Остерн, Песах, Масленица, Пасха се­кілді мерекелері кеңінен аталып өті­луде. Қазақ жерін өз елінен кем көрмейтін түрлі ұлттар бірлестігі мұ­нан өзге түрлі қайырымдылық шара­ларын ұйымдастырып, қарттар үйіне медициналық құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмектер алып берсе, коррекциялық балалар үйіне мектеп құралдары мен киімдер тарту еткен. Сонымен бірге мұқтаж жандарға қаржылай да көмек көрсетуде. Бұл өңірімізде тұрып жат­қан ұлттар достығының басты белгісі болса керек.

Биылғы жылы мұнан басқа Қазақ­стан халқы облыстық Ассамблеясы хатшылығының атсалысуымен 4 жо­ба жүзеге асқан. «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасы аясында «Сыр елі – достық мекені», «Достықта жоқ шекара» көшкеруені, «Қазақстанға ыстық ықыласпен» әлеуметтік жобасы және «Славяне» қоғамдық-мәдени бірлестігі жеңіп ал­ған «Өнерлі қолдар» жобасы ұй­ым­дастырылды. Сонымен қатар, «Қы­зылорда облысы кәрістерінің жастар қозғалысы» қоғамдық бірлестігі «Біз­­дің Қазақстан» атты зият­керлік шоу өткізуде.

– Мемлекет басшысы Қа­зақстан халқы Ассам­б­леясының ХХІ сессия­сында елі­міз­дің барлық өңірлерінде қоғам­дық келісім кеңестерін құруды тапсыр­ған болатын. Осы ретте, об­лыс әкім­дігінің қаулысы негізінде ай­ма­ғы­мызда орталық құрылып, өз жұ­мысын бастап кетті. Орталықта 27 штат­тық бірлік бар. Орталықтың бас­ты ерекшелігі 7 ауданда эксперт мамандар жұмыс жасайды. Сондай-ақ, облыстық ассамблея жанынан Ана­­лар кеңесі құрылғанын айтқым келеді. Мұндай кеңес ешбір өзге өңірлерде кездеспейді. Бала тәрбиесін нығайтуда, ұрпақ тәрбиелеуде аналар­дың орнының зор екенін ескере келе осы бастаманы қолға алды, – деді Қа­зақстан халқы облыстық Ас­сам­блеясы хатшылығының жетекшісі Ләй­лә Төрешова.

Өңірде этномәдени бірлестіктер жанынан жастар қанатын құру жұ­мыстары да ұйымдастырылуда. Оған қоса, облыстық ассамблеяның бас­та­масымен биылғы оқу жылынан бастап көпұлтты оқушылары бар мек­тептерде толеранттылық клубтары құ­рылуда. Осы орайда, №23 мектепте құрылған «Шаңырақ» клубының жұ­мы­сын Л.Бегалықызы ерекше ба­ға­лады. Қазіргі таңда Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да Қазақстан хал­қы Ассамблеясы кафедрасы ашы­лып, студенттерге әлеуметтану, Қа­зақ­­стандағы этносаралық қаты­нас, әлеуметтік этнография және демо­гра­фия, Қазақстандағы этностардың та­рихы мен мәдениеті, этносаясат негізі, конфликтология пәндері оқытылуда.

Келер жылдың Елбасы Жарлы­ғымен Қазақстан халқы Ассамблея­сының жылы болып жариялануына орай өңірімізде арнайы комиссия жасақталды.

− Қазақстан халқы Ассамблея­сының жылын ұйымдастыру үшін ел Үкіметі тарапынан Ұлттық іс-ша­ралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, аудан, қала әкімдіктерінен, об­лыстық басқармалардан тиісті ұсы­ныстар жинақталып, Сыр өңірінде ұй­ымдастырылатын шаралардың кең ауқымды жоспарын дайындап жатыр­мыз. Бұл 80-дей тармақтан тұрады. Оның ішінде ашылу салтанаты, ме­рейлі жылды ақпараттандыруға бай­­ла­нысты журналистер пулын жа­­сақтау, 20 жылдыққа арнап об­лыс­­­тық ассамблея тарихы туралы по­­­лиграфиялық материал шығару, «Ме­нің Қазақстаным» атты музы­ка­лық фестиваль ұйымдастыру, «Сабан­туй-2015» республикалық ша­расын өткізу жоспарлануда. Бұған Татарстан елінен қонақтар келеді, – де­ді Л.Төрешова.

Аймақта бұдан бөлек «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мега-жобасының қорытындысы шығары­латын болса, «Сыр елі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» атты этнос­тардың аудандарға мәдени күндері, «Шексіз әндер» музыкалық этно­фес­тивалі, «20 қайырымды іс» ак­циясы, «Ассамблеяның жұлдызды 20 парағы» ақпараттық-насихаттық топ­тардың аудандарға керуені және «Бірлік – береке бастауы» пресс-туры өткізілетін болады. Ең бастысы, айтулы жылы аймақта Достық үйі пайдалануға беріледі.

Алдағы жылдың еншісіндегі ат­қа­рылатын жұмыстар жайы мен об­лыстық ассамблеяның қызметі жайын баяндаған Қазақстан халқы облыстық Ассамблеясы хатшылығының басшы­сы Ләйлә Төрешова брифингті осылай қорытындылады. Басқосу соңында тілшілер тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, нақты жауаптар алынды.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.


АҚПАРАТ 11 желтоксан 2014 г. 1 744 0