Баспасөз орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Иран Шәметеков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Онда сала бойынша ағымдағы жылдың тоғыз айында атқарылған жұмыстар әңгімеленіп, алдағы жоспарлар таныстырылды.
Бүгінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы және саланың өзекті мәселелерін қамтитын 2013-2014 жылдарға бекітілген «Жол картасы» аясында жұмыс жасауда.
Есепті мерзімде облыста 14354 нәресте дүниеге келген. Былтырғы тоғыз айда бұл көрсеткіш 14332-ні құраған болатын. Яғни, биыл 22 нәрестеге артық туылған. Ана өлімі 100 мың тірі туылған нәрестеге шаққанда 7,1 болып, өткен жылмен салыстырғанда 66,3 пайызға төмендеген. Республикада бұл көрсеткіш - 11,3 промильге тең. Ал, сәбилер шетінеу көрсеткіші 1000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 161-і шетінеген, ол 11,2 промильді құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7,2 промильге төмендеген, яғни, 103 балаға аз. Ал, жалпы өлім көрсеткіші 2012 жылдың тоғыз айында 4,1 промильді көрсетсе, биылғы есепті мерзімде 3,7 болып отыр.
Саланы мамандармен қамтамасыз ету бойынша, ағымдағы жылы 125 жоғары білімді жас маман облысқа жұмысқа орналастырылса, олардың 45-і, яғни, 36 пайызы ауылдық елді мекендерге жолданды. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, бүгінгі таңда облыстың медицина саласында неонатолог, акушер-гинеколог, анестезиолог-реаниматолог, балалар офтальмологі, балалар оториноларингологі секілді буынды мамандар тапшы.
Денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджеттен 928,6 млн. теңге бөлініп, диагнозды дәл қоятын тағы бір компьютерлік томограф және жедел жәрдем қызметіне 26 мамандандырылған автокөлік пен өзге тауарлар сатып алынған.
Әлеуметтік инфрақұрылымдарды, ауруханаларды жаңартуда «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана» бағдарламасы бойынша 15 дәрігерлік амбулаторияны жыл соңына дейін қолданысқа беру көзделсе, Қармақшы ауданындағы Төретам кентінде ауысымына 100 адамды қабылдайтын ауылдық емхана пайдалануға берілген. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 9 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүргізуге тиісті қаржы қаралып, жыл соңында қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Сонымен бірге, жергілікті бюджеттен «қалалық тубдиспансеріне», «облыстық тері-жіңішке аурулар диспансеріне» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінсе, «Қармақшы аудандық орталық ауруханасының» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу құжаттамасын дайындауға да тиісті қаржы қаралған. Қызылорда қаласындағы ауысымына 100 адам қабылдайтын емханасы бар 175 төсектік онкология орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалу үстінде.
2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында ағымдағы жылға 402,5 млн. теңге қаржы қаралып, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылған.
Қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі аудан, облыс орталықтарынан шалғай орналасқан елді мекен тұрғындарының тәулік бойғы стационарлық көмекке қолжетімділігін арттыру болып отыр. Бұл бағытта 9 ауылдық аурухана ашылса, келер жылы төрт аурухананы қайтадан ашу қаралған. Облысымыздағы өзекті мәселенің бірі бұл типтік жобадағы балалар ауруханасының жоқтығы. Осыған сәйкес 2014 жылы республикалық бюджет есебінен облыстық 200 төсектік балалар ауруханасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, балалардың тіс ауруы да күн тәртібіндегі күрделі мәселенің бірі екені белгілі. Мәселені шешу мақсатында облыста мемлекеттік стоматологиялық емхана ашу көзделіп отыр.
– Міне, өздеріңіз байқағандай, облыстың денсаулық сақтау саласында ағымдағы жылдың тоғыз айында біраз өзгерістердің орын алғанын көруге болады. Денсаулық сақтау саласын дамытуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға көптеген қаржы бөлінуде. Бұл облыс әкімінің салаға, тұрғындар денсаулығына деген қамқорлығының нәтижесі екені сөзсіз, – дейді басқарма басшысы.
Айнұр БАТТАЛОВА.