КЕШЕНДІ ҚҰРЫЛЫСТЫҢ КЕРЕМЕТІ МОЛ

Жақын күндері Қызыл­орда қаласында "Мелиора­тор” жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі жалпы құны 1 млрд. 784 млн. тең­гені құрайтын Арай мөлтек ауданындағы спорттық ойын-сауықтыру кешенін пай­далануға береді. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы негізінде салынып жатқан бұл нысан іске қосылғанда онда 201 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Жiбек жолы даңғылының бойындағы бұл нысан өзіндік кескін-келбетімен ерекшеленеді. Жалпы бұл кешенде демалушыларға аквапарк, аттракционды саябақ, клуб-мейрамхана, балалардың ойын алаңдары, фитнес клубы мен жаттығу залы, сұлулық салоны, картинг жолдары, жедел тамақтану дәмханалары, түрік моншасы, ана мен бала бөлмесі, сауда орталығы секілді басқа да орындар келушілерге өз қызметтін ұсынатын болады. Қысқасы, мұнда қала тұрғындары мен қонақтарының барлық жастағы өкілдеріне демалу үшін толыққанды жағдай қарастырылған. Тіпті онда мүгедектердің емін-еркін жүріп-тұруына да барлық жағдай жасалған.

Аквапарктің су аттракциондары тек балаларды ғана емес, үлкендерді де қызықтырып тартатын орта болмақ. Өйткені мұнда аттракциондар ғимарат ішінде де, сыртында да бар. Олардың кейбіреулерінің биіктігі он метрден асады. Ал бұл дегеніңіз үш қабатты үйдің биіктігімен бірдей. Мұндай биіктіктен сырғанап, бассейндегі суға түсудің өзі керемет екенін көз алдыңызға елестетіп көрсеңіз де болады. Әрине, оны бір ауыз сөзбен айтып жеткізудің өзі қиын. Жалпы, ойын-сауық орталығында бассейндерге молынан орын берілген. Бассейндердің жалпы саны он болса, оның төртеуі ғимарат ішінде, қалғандары ашық аспан астында. Даладағы су аттракциондары тек жаз мезгілінде ғана, ал ғимарат ішіндегілері жыл бойы жұмыс істеуге арналған. Демек, спорттық ойын-сауық кешені толық іске қосылғаннан кейін ол келушілеріне жыл бойы қызмет көрсететін болады.

Нысанның жобасын жасаған алматылық белгілі фирма – "Компания КБК project” ЖШС. Жобалаушылар демалыс аймағы орналасқан орынның барлық ерекшеліктерін ескерген. Ойын-сауық кешені Сырдария өзенінің бұрынғы арнасы жағалауындағы жарты аралға орналасқан. Алып жатқан аумағы бес гектардан астам. Оны үш жағынан су қоршап жатыр. Барлық коммуникациялардан алыс жатса да, келетін жолдарды жақсы ойластырып қойыпты. Оған үш бағыттан кіруге болады. Оның екеуі автокөлік жолдары болса, біреуі жаяу жүргіншілер жолы. Автокөліктер үшін үлкен автотұрақ та бар. Ал коммуникацияның басқа түрлері бойынша барынша автономды жағдай жасалған. Соның ішінде бұл жерде өзінің электр тарататын қосалқы станциясы мен газбен жылытатын орталығы да бар. Аквапарктегі бассейндерге, монша мен душқа жер астынан алынатын және қалалық су жүйесінен келетін су жіберіледі. Бұл судың таза болуын қамтамасыз ету мақсатында ол алдын ала арнайы сүзгілерден өткізіледі. Сонымен қатар, барлық бассейндердегі су үнемі айналыста болып, ол сүзгілерден өткізіліп тұрады. Мұның бәрі демалушылар денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалған. Ал, кешендегі ғимараттар өз кезегінде мәрмәр тастармен, металмен, шынымен, ағашпен қапталып, ерекше сән береді.

Жалпы, мұндай нысан Қызылорда қаласында алғаш рет бой көтеріп отыр. Ал оны салуда кәсіпкер, "Мелиоратор” ЖШС директоры Бердібек Мыхановтың еңбегі ерекше. Оның қалалықтар демалатын осындай кешенді салуы, сөз жоқ, көпшілік көңілінен шығары да даусыз. Айта кету керек, бұл қарапайым құрылыстардың бірі емес, ол өзіндік күрделілігімен ерекшеленеді. Ал оны салуға серіктестіктің мықты базасының болуы көп септігін тигізіп отыр. Дәлірек айтқанда, серіктестіктің өз кірпіш зауыты және темір-бетон өндірісі, сондай-ақ металл конструкцияларын жинайтын цехы жұмыс істейді. Құрылысқа қажетті бетон да өз зауытынан жеткізіледі. Бетон құю жұмыстарында өте үлкен дәлдікпен жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін итальяндық құрсаулар пайдаланылады. Серіктестік мамандары да талай күрделі нысандар құрылысын жүргізген мол тәжірибесі бар майталман шеберлер екенін айта кеткен ләзім.

Негізі қазіргі күні құрылыс басында бас мердігермен қатар қосалқы мердігерлер де тынбай жұмыс жүргізуде. Кешендегі құрылыстың қарқынды жүргізілуі де түсінікті. Өйткені, ол қаладағы көпшіліктің күнделікті тынығатын ірі нысанның біріне айналса, сонымен қатар оған келушілердің қыс айларында да жаз мезгілінде жағажайда суға түсіп жүргеніндей емін-еркін демалуларына да жол ашылады.

Сонымен, өңірімізге танымал кәсіпкердің жеке бастамасымен салынған «Арай» мөлтек ауданындағы спорттық ойын-сауықтыру кешені жақын күндері іске қосылады. Заман ағымына орай демалушылар үшін қажетті құралдармен жабдықталған кешен көпшілік көз айымына айналары да анық.

Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.


АҚПАРАТ 09 желтоксан 2014 г. 1 050 0