Бейсенбі күні облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаевтің төрағалығымен облыстық құрылыс жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Селекторлық режимде өткен мәжіліске тиісті сала басшылары, жобалаушы ұйымдар өкілдері мен құрылыс компанияларының жетекшілері қатысты.
Мәжіліс күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, Қызылорда облысы бойынша республикалық және жергілікті бюджет есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың барысы және 2013 жылы пайдалануға берілетін нысандардың уақытылы тапсырылуын қамтамасыз ету, екінші мәселе, облыста тұрғын үй құрылысын дамыту туралы, соңғысы, құрылыс саласы бойынша нормативтік-құқықтық актілер талаптарының сақталуы. Алғашқы мәселе бойынша облыстық құрылыс басқармасының басшысы Сержан Нәметшаның баяндамасы тыңдалды. Оның мәлімдеуінше, ағымдағы жылы республикалық және облыстық бюджеттен барлығы 29 миллиард теңге бөлініп, ол бойынша 72 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қазіргі таңда 35 нысан қолданысқа берілген. Білім беру саласы бойынша 40 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 30-ы мектеп болса, 10-ы балабақша. Жыл басынан бері сегіз мектеп пен бес балабақша ел игілігіне берілген. Дәл қазіргі уақытта 27 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы 15 нысанды қолданысқа беру көзделуде. Үстіміздегі жылы білім саласы құрылыстарын жүргізуге 10,6 миллиард теңге шамасында қаржы бөлінген. Бүгінгі таңда 7,4 миллиарды игерілген.
Денсаулық сақтау саласы бойынша 25 нысанның құрылысы жүргізілуде. Жыл басынан бері 11 нысан пайдалануға берілсе, 14-нің құрылысы жүргізілуде, оның 12-ін жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Үстіміздегі жылы денсаулық сақтау нысандарының құрылысына 4 миллиард 825 миллион теңге қаралып, оның 3 миллиардтан астамы игерілген. Сонымен бірге, 1 миллиард 390 миллион теңге мәдениет саласына бөлінген. Құрылыс басқармасы басшысының айтуынша, мерзімінде аяқталуы белгісіз күйде тұрған құрылыс нысандары да бар. Олардың қатарында Сержан Нәметша Арал ауданына қарасты Тоқабай ауылындағы 100 орындық мектепті атады. Құрылыс мердігері – «Глобал констракшн» компаниясы. Мектеп құрылысына бөлінген 379 миллион теңгенің 150 миллионы ғана игерілген. Қазіргі уақытта сот шешімімен құрылыс жұмыстары тоқтатылған. Өкінішке орай, мұндай мердігер компаниялар қатары баршылық. Мысалы, «Арғын-құрылыс» ЖШС да Сексеуіл кентіндегі клуб құрылысын неше жылға созып келген. Нәтижесінде бас мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Аралқұм және Қамыстыбас ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория құрылыстарына 170 миллион теңге қаралған. Бас мердігер компания «Майдан-құрылыс» ЖШС аталған қаржының тек 56 миллионын ғана игерген. Аралдағы 300 орындық мектеп құрылысына да бөлінген 135 миллион теңгенің бас мердігер – «Инжстрой-Қызылорда» компаниясы ағымдағы жылдың 1 қарашасына тек 46,8 миллионын ғана игерген.
Келер жылы аймақта қызмет істейтін құрылыс компанияларының жұмысына кең көлемді тексеріс жүргізілетін болады. Ол бойынша ерекше айыпты болғандар тендерге қатыстырылмайды.
– Онан да өзге өңірлерден адал жұмыс жасайтын мердігерлерді шақырған дұрыс,– деп атап айтты Н.Әлібаев. – Міндетті жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтай алмаған компаниялардың істерін сотқа тапсыру керек, мәселе заңды түрде шешілсін.
Өз кезегінде құрылысшылар да жұмыс барысында туындайтын түйткілді мәселелер туралы ашып айтты. Әсіресе, жобалау-сметалық құжаттардағы баға саясатына қатысты келіспеушіліктерін жеткізді.
Отырыста облыстағы тұрғын үй құрылысына қатысты облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Майра Барақбаева баяндама жасады. Соңғы үш жылда облыста жалпы көлемі 830 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. «Қолжетімді баспана- 2020» бағдарламасы негізінде облыста үш жылда шамамен 1,3 миллион шаршы метр тұрғын үй беру көзделуде. Бағдарлама бойынша салынып жатқан баспаналар бірнеше санатты, атап айтқанда, арендалық, «Тұрғынүй жинақ- банкі» арқылы жас отбасыларына сатып алу құқығы бойынша және «Тұрғынүйжинақбанкі» жүйесі арқылы барлық азаматтарға беріледі.
Отырысты қорытқан комиссия төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Әлібаев тиісті сала басшыларына, аудан, қала әкімдеріне биылғы жылы тапсырылуы тиіс құрылыс нысандарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді және мәжілісте көтерілген мәселелер бойынша жұмыс жасауды жүктеді.
Айнұр БАТТАЛОВА.