ҚАРЫЗ ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙТАРЫП БЕРІП СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ОПЫҚ ЖЕДІ

ҚАРЫЗ ҚАРАЖАТТЫ ҚАЙТАРЫП БЕРІП СОТ ОРЫНДАУШЫЛАР ОПЫҚ ЖЕДІҚазіргі таңда жергілікті соттарда қабылданып жатқан шешімдердің орындалу барысында бірқатар қиыншылықтар туындауда. Кейбір жағдайларда облыс бойынша сот актілерін орындау департаменті жауапты қызметкерлерінің сыбайластық әрекеттері сот шешімдерінің орындалуына кері әсерін тигізіп жатады.
Биылғы 9 айда Қызылорда қалалық прокуратурасы жүргізген 18 тексеру нәтижесінде уәкілетті органға заң бұзушылықтарды жою туралы 56 ұсыныс енгізіліп, 48 сот орындаушы түрлі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Жеке және заңды тұлғалардың арыздарын қарау барысында сот орындаушы сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылса, 2 қызметкерге қатысты қылмыстық іс қозғалды.   
Қызылорда қалалық прокуратураның «Ғ-А» ЖШС-ға мемлекеттік сот орындаушыларының заңсыз әрекеттері салдарынан сот шешімінің орындалмай, елеулі зиян келгені жайлы жазған қатынас хаты бойынша жүргізілген тексеруде бірқатар былықтың беті ашылды. Облыс бойынша сот актілерін орындау департаментіне қарасты қалалық жеке және заңды тұлғалардан өндіру бойынша аумақтық бөлімінің сот орындаушысы мемлекеттік қызметкер бола тұра, заңды тұлғаның құқықтарын елеулі түрде бұзған. Атап айтқанда, Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 20 қыркүйектегі сырттай шешімімен талапкер «Ғ-А» ЖШС пайдасына жауапкер «А» ЖШС-нан 15 241 425 теңге өндірілген. Сот шешімі 04.02.2013 жылы заңды күшіне еніп, ұсынылған атқару парағы негізінде облыстық сот актілерін орындау департаментінің сот орындаушысы Е.А-пен 01.03.2013 жылы атқарушылық іс жүргізу қозғалып, мемлекеттік сот орындаушысы Е.Е-ның 09.08.2013-жылғы қаулысымен борышкердің ақша қаражатына тыйым салынған. Осыған сәйкес, департамент басшысының міндетін атқарушысының аталған қаулыға сәйкес инкассалық өкім қою жөнінде бөлім басшысының міндетін атқарушының қатынас хаты жолданып, нәтижесінде екінші деңгейлі банктерге борышкердің есеп шотына 15 241 425 теңгеге тыйым салынып, 15.08.2013-жылы төлем түбіртегіне сәйкес «Темір Банк» АҚ-ның облыстық филиалымен 15 241 425 теңге департаменттің есеп шотына аударылған.  
Бұдан әрі борышкер «А» ЖШС Қызылорда мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына шешімінің орындалуын кейінге қалдыру жайлы арызбен жүгінген. Осы соттың 19.08.2013 жылғы ұйғарымымен сырттай шешімнің орындалуы биылғы бірінші қарашаға дейін ұзартылған. Алайда, бірінші саты соты заңды күшіне енбеген ұйғарымды күнілгері орындау үшін облыстық сот актілерін орындау департаментіне жолдаған.
«Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» ҚР Заңының 59-бабында аумақтық орган басшысының жазбаша келісімімен мемлекеттік сот орындаушысының инкассалық өкімді қандай жағдайда кері қайтарып алуға болатындығы көрсетілген.  Ал, сот орындаушы аталған атқарушылық өндіріс өзіне берілмегеніне қарамастан, соттың қатынас хатын негізге алып, департамент басшысының міндетін атқарушыға арыз жазып, борышкердің есеп шотынан инкассалық өкім арқылы ұсталған 15 241 425 теңгені кері қайтаруды сұраған. Нәтижесінде төлем түбіртегіне сәйкес аталған ақша қаражаты борышкердің есеп шотына кері аударылған.
Департамент басшысының міндетін атқарушы мен сот орындаушы бірлесе отырып, сот шешімін орындау мақсатында инкассалық өкім қою арқылы 15 241 425 теңгені негізсіз борышкер «А» ЖШС-ның есеп шотына кері аударылуын қамтамасыз етіп, өндіріп алушы «Ғ-А» ЖШС-на елеулі түрде зиян келтірген. Талапкер «Ғ-А» ЖШС тарапынан экономикалық соттың заңды күшіне енбеген ұйғарымына шағым келтіріліп, нәтижесінде апелляциялық саты сотының 25.09.2013 жылғы ұйғарымымен аталмыш сот ұйғарымының күші жойылған. Жинақталған құжаттар бойынша облыстық сот актілерін орындау департаментінің жауапты қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс қозғалып, қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлықпен күресу – әрбір органның міндеті бола тұра департаменттің жекелеген қызметкерлерінің заңсыз әрі көрінеу қылмыстық әрекеттері салдарынан заңды тұлғаның мүддесі бұзылған. 
Елжан ӘЖІБЕКОВ,
Қызылорда қаласы прокурорының орынбасары, кіші әділет кеңесшісі.

АҚПАРАТ 09 қараша 2013 г. 1 740 0