Департамент басшылары тағайындалды

Кешегі өткен актив отырысында Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық департаменттерге жаңадан тағайындалған басшыларды таныс­тырды.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы лауазымына тағайындалған Қарымсақов Мұрат Секешұлы 2014 жылдың қараша айына дейін ұлттық қауіпсіздік органдарында жауапты лауазымдарда жұмыс атқарған.

Сонымен қатар, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына Мұстафаев Серік Жолдасбекұлы тағайындалып отыр. Серік Жолдасбекұлы бұған дейін Қызылорда қаласы бойынша салық басқармасының бастығы, облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары сияқты жауапты лауазымдарда қызмет еткен.

Осы қызметтерді күні бүгінге дейін атқарып келген Қожабаев Мақсат Аманқұлұлы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшылығына барса, Тілегенов Әлібек Балықбайұлы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Маңғыстау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы лауазымына тағайындалды.

Басқосуда аймақ басшысы елімізде іске асырылып жатқан реформалар өңіріміздегі экономикалық қылмыстар және сыбайлас жемқорлықпен күресте, заң бұзушылықтарды анықтауда жаңа серпін беретініне сенім білдіре отырып, жаңадан тағайындалған Мұрат Секешұлы мен Серік Жолдасбекұлының қызметтеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, облыс әкімі бұрынғы департамент басшыларына Қызылорда облысының Құрмет грамоталарын табыстап, атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Мұнан кейін сөз алған екі департаменттің басшысы да өздеріне жүктелген міндеттер мен тапсырмаларды орындап, елдің, Елбасының сенімін ақтауға жұмыс жасайтынын жеткізді.

Дәурен ОМАРОВ.


АҚПАРАТ 03 желтоксан 2014 г. 1 371 0