« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |
Сыр өңіріндегі Тұңғыш Президент күніне арналған мерекелік шаралар дүйсенбі күні Орталық алаңда өткен «Елбасы жастарға сенеді» атты патриоттық жастар шеруіне ұласты.
Желтоқсан айының беташар күнін қазақстандықтар Тұңғыш Президент мерекесі ретінде биыл үшінші мәрте салтанатпен атап өтуде. Жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгірген атаулы күнді аймақ жұртшылығы соңғы бір аптадан бері кең көлемде өзіндік сән-салтанатымен атап өтуде. Осындай тағылымды шараның бірі орталық алаңда өтті.
1 желтоқсан күні Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың және мұнай компанияларының қызметкерлері, белсенді жастар, сондай-ақ қала тұрғындарының қатысуымен өткен патриоттық шеруге барлығы 500 адам қатысты. Айта кетейік, осы күні аймақ жастарының облыстық спартакиадасы басталды. Тұңғыш Президент күніне арналған бұл жарыс биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Аталған жарыс 8 күнге созылады. Ал, сайыскер жастарымыз спорттың 7 түрінен бақ сынасатын болады.
Аталған мерекеге арналған патриоттық шеруге қатысушылар Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадионда облыстық спартакиада басталғаннан кейін қаламыздың орталық алаңына дейінгі көшелерімен жүріп өтті. Орталық алаңда қала тұрғындары мен мерекелік шеруге қатысушылар Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген патриоттық әндерді тамашалады. Шара соңында мерекелік фанфар беріліп, «Алға, Қазақстан!» әнінің аясында Қызылорда Мемлекеттік университетінің студент жастарының ұйытқы болуымен флэш-моб би қойылымы өтті.
***
1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Болашақ жастары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен №140 қазақ орта мектебінде Нұрсұлтан есімді оқушылар арасында интеллектуалды сайыс өткізілді.
Сайыстың мақсаты – Ұлт басшысы, Елбасымыздың еңбек жолын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау, Отанын сүюге, елжандылыққа, елі сүйген Елбасынан үлгі алуға тәрбиелеу. Жастардың бойындағы шығармашылық таланттарын шыңдау, зеректікке баулу, тапқырлық қабілеттерін дамыту.
Сайыста қала мектептерінен білімді, дарынды Нұрсұлтан есімді 10 оқушы бақ сынады.
Сайыс 4 кезең бойынша өтті: «Кім жылдам?», «Кім білімді?», «Мықты болсаң, тауып көр» және соңғы шешуші кезең «Жекпе-жек». Осылай әр кезеңнен сүрінбей өткен қатысушылар өздерінің қабілеттерін көрсете білді. Сайыстың соңғы кезеңінде Нұрсұлтандар жекпе-жекке шығып бақ сынасты. Әділ қазылардың қорытындысы бойынша ұпай сандары есептелініп сайыста жүлделі ІІІ орынды Нысанбек Нұрсұлтан алып, ал ІІ орынды Ержігіт Нұрсұлтан иемденсе, сайыстың чемпионы, жүлделі І орынды Базарбай Нұрсұлтан жеңіп алды. Осылайша сайыстың барлық қатысушыларына алғыс хаттар табысталды, жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы диплом және естелік сыйлықтар берілді.
***
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Қазақстан Республикасының қалыптасуындағы Президенттік институттың рөлі мен маңызы» тақырыбында ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері және облыстық білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Конференция жұмысын университеттің проректоры Абайбек Жүнісов ашып, биыл үшінші рет аталып өтіп отырған Тұңғыш Президент күнінің тарихи маңызына тоқталды.
Конференция барысында «Тәуелсіз Қазақстан мен Президент институтының қалыптасуы біртұтас тарихи процесс» тақырыбында техника ғылымдарының кандидаты А.Жүнісов, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев феномені» тақырыбы бойынша тарих ғылымдарының кандидаты Н.Мыңжас, «Елбасы Жолдауы – баянды болашақтың кепілі» тақырыбы негізінде филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Тұяқбаев, «Қоғам дамуының сапасын арттырудағы Президент институтының рөлі» тақырыбында саяси ғылымдар кандидаты Е.Әбенов, «Қазақстан Республикасында Президенттік институттың қалыптасуы мен дамуы» тақырыбы аясында философия ғылымдарының кандидаты Б.Әпенов баяндама жасап, Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғыл жолына түсуіндегі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылығына жан-жақты тоқталды. Сонымен бірге ғалымдар Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауы еліміздегі экономикалық дағдарыстың алдын алудағы, елдің саяси, әлеуметтік дамуындағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызды құжат екендігін атап өтті.
Конференцияға қатысушылар «Президенттік институт – тәуелсіздік кепілі» тақырыбында кітап көрмесін тамашалады.
***
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні Шиелі ауданында да жоғары дәрежеде атап өтілді.
Аудан орталығындағы Салтанат сарайында «Тарих. Тұлға. Елбасы.» атты салтанатты кеш өткізіліп, онда Тұңғыш Президент күніне арнайы кітап көрмесі қойылып, бейнеролик тамашаланды. Соңынан аудан көркемөнерпаздарының ұйымдастыруымен концерт қойылды.
Елбасының сара саясатының негізінде еліміздегі өмір сүру сапасы жыл сайын жақсарып, экономика мен әлеуметтік сала тұрақты дамып, жаңа өндірістер мен кәсіпорындар ашылуда, ауруханалар, мәдени ошақтар, мектептер мен балабақшалар салынуда. Осының дәлелі ретінде аудандағы қабырғалы мекемелердің бірі – "Волковгеология” "№23 геологиялық барлау экспедициясы” филиалы өз кезегінде жас мамандардың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында өз қаржысынан жобалық құны 103 млн. теңге тұратын төрт пәтерлі екі үй соғып, пайдалануға берілді.
Салтанатты шараны аудан әкімінің орынбасары Тұрмат Жағыпбаров ашып, жиылған қауымды мерейлі мерекелерімен құтықтады. Жас мамандарға тұрғын үй пәтерлерінің кілтін кәсіпорын басшысы Қ.Қойгелдиев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов табыстады.
Мерекелік шара «Арман» мәдениет үйінде «Ел бақытын ұлықтаған Елбасы» атты мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Мереке аясында облыстық филармония өнерпаздары әннен шашу шашты.
Тұңғыш Президент күні қарсаңында аудандық аурухана қызметкерлері кент және ауылдық әкімдіктермен бірлесіп, мереке күндері нәрестелі болған отбасыларда болып, қуаныштарын бөлісті. Осы күні аудан бойынша дүниеге 1 ұл, 6 қыз өмірге келгендiгін аудандық аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Қазыбек Шәукебаев хабарлады.
***
Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай салтанатты шара болып өтті.
Шараға аудан активі, кент, ауылдық округ әкімдері, ҮЕҰ, кәсіпкерлер мен шаруашылық құрылым басшылары, ардагерлер, кент тұрғындары қатысты.
Мемлекет Әнұранынан басталған салтанатты жиында Елбасы, ҚР Тұңғыш Президенті туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Мұнан кейін аудан әкімі Сұлтанбек Тәуіпбайұлы құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік мерекенің еліміз үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Айтулы күннің барша халқымыз үшін маңызы мен мазмұны ерекше. Себебі бұл – ғасырлар тоғысында ата-бабалар аңсаған Азаттықтың алауын жағып, Тәуелсіздіктің тұсауын кескен күн. Алаш баласының басына бақ орнаған күн болып тарихта қалатыны шындық. Сондықтан да бүгінгі мейрамның сыры да, сипаты да бөлек, – деді ол.
Жиын соңында ауданның бірқатар белсенді азаматтары алғыс хаттармен марапатталды. Оның ішінде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қ.Ыдырысовқа салтанатты түрде «Ауданның Құрметті азаматы» атағы берілді.
Салтанатты шара аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.
***
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай Қазалы ауданында "Дара тұлға, дана тұлға Елбасы!” атты кең көлемдегі мерекелік іс-шара болып өтті.
Оны аудандық ішкі саясат бөлімі мен "Жас Орда” жастар қоғамдық бірлестігі, "Жас Отан” жастар қанаты мен Әйтеке би кенттік клубы ұйымдастырды.
Ерікті жастардан топ құрылып, "Елбасына тілек” акциясы ұйымдастырылып 300-ге жуық жазбаша тілектер жинақталды. Елбасына арналып ұйымдастырылған "Дара тұлға, дана тұлға Елбасы!” атты негізгі мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Ғабит Бәймішев қазалылықтарды мерекемен құттықтады. Шара барысында ауданымыздың өнерлі жастары әсем ән мен мың бұралған би билеп, көңілді тапқыштар командалары әдемі әзілдерімен халықты тамсандырды.
***
Тұңғыш Президент күніне орай Арал ауданындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Ел тірегі – Елбасы» атты мерекелік кеш көпшіліктің көңілінен шықты.
Салтанатты жиын Әнұранымызды әуелете шырқаудан басталып, қатысушыларға Елбасымыздың өнегелі өмір жолы туралы фильмдер көрсетілді.
Арал ауданының әкімі Абзал Мұхимов өзінің құттықтау сөзінде бүгінгі мерекенің маңызына, мән-мағынасына кеңінен тоқталды. Жиын барысында аудандағы Елбасымыздың замандастарына марапаттар жасалды. Қырық төрт ардагерге «Алғыс хат» және «Қайраткер ардагер» номинациясы табыс етілді. Сондай-ақ орталық мешіттің бас имамы Мәжит Әбіштегіне жаңа автокөліктің кілті тапсырылды.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ,
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА,
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ,
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
« Наурыз 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | |||||
3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 |
10 | 11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 |
17 | 18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 |
24 | 25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
31 |