
«Қараусыз мал кесірінен жол-көлік апаттары арта түсуде» – дейді «ҚазАвтожол» АҚ филиалы директоры Ерұлан Жүнісов
Елімізде жол салу сапасына жаңа бір серпін берген ірі жоба ол – «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі екені белгілі. Бүгінгі таңда әйгілі күрежолдың 1600-ден астам шақырымы салынып бітті. Қазақстанның бес облысының үстінен өтетін автобанның облыс аумағынан 812 шақырымы өтсе, оның барысында 48 көпір, 336 құбыр, 83 мал өтетін орын, 14 жол айрығы, 2 темір жол өткелі салынып, 8 елді мекенді айналып өтеді. Бұл автомагистраль құрылысын жүргізу арқылы алғаш рет халықаралық сапа стандарты қолданылды. Сондықтан бұл барлық қазақстандықтар үшін игілігі мол, табысты, Азия мен Еуропаны байланыстыратын алтын көпір болуға тиіс. Десе де, халықаралық дәліздің жүргізушілер үшін игілігінен гөрі, қаупі басымырақ болып тұрғандай. Оған ең алдымен өзіміз жауапты екенімізді де ұмытпаған жөн.
Бүгінгі таңда жол-көлік оқиғалары салдарынан қайтыс болған, жарақат алғандарды санамалап, біріміз жүргізушіні жазғырып, біріміз сапасыз жолдарды жамандап , енді біріміз жол полициясы қызметкерлерін қаралаудан әріге бара алмай отырмыз. Жол-көлік оқиғаларының тұтас бір отбасына келтіретін қасіретімен қатар, қоғамға, мемлекетке тигізер зиянын ескере бермейміз. Дүниежүзілік банк мамандарының мәліметіне қарағанда, Қазақстан жол-көлік оқиғалары салдарынан жыл сайын жалпы ішкі өнімнің 1,5 пайызына тең мөлшерде қаржы жоғалтатын көрінеді. Сонымен бірге, мемлекет саясатының құрамдас бөлігі болып табылатын демографияға да жол-көлік оқиғаларының кері ықпалы орасан. Демографтардың болжамына қарағанда, көлік апаты 10 жылда табиғи өсімнің 100 мың адамға артуын тежейді екен.
Жыл басынан бері елімізде 15 мың жол-көлік оқиғасы болды. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 60 пайызға жоғары. Тәуелсіздік алғаннан бері 60 мың адам жол апаты салдарынан көз жұмған. Бейбіт заманда мылтықсыз соғысқа тең бұл апатты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қанды қырғынға балады. Президент Қазақстандағы жол апаттарына қатысты жағдайды Сириядағы соғыспен салыстырды. «Біз адамдардан айырылудамыз. Мында оларды емдеп, олардың санын әрі өмір сүру ұзақтығын арттырғымыз келеді. Ал жолда олар мерт болуда. Әлем бойынша жүрек-қан тамырлары ауруларының өлім көрсеткіші бойынша бірінші орындамыз, ал жол-көлік оқиғалары бойынша екінші орынды иеленіп отырмыз. Өткен жылы республика жолдарында 2 мың 145 адам қайтыс болған екен. Ал осы жылдың 9 айындағы көрсеткіш 2 мың 273 адам. Сонымен қатар, 22 мың адам түрлі жарақат алған. Көрсеткіш Сириядағы адамдардың қайтыс болуы деңгейімен сәйкес келеді,»– деген еді.
Шынында да, бейбіт күнде халқымыздың санын азайтып отырған бұл қандай «жау» болды? Оның басты себептері неде? Мамандар жол-көлік оқиғасына соқтыратын басты себептің бірі жүргізушілердің жол қауіпсіздігі ережелерін сақтамауы екенін алға тартады. Жол-көлік оқиғаларына жасалған сараптама қорытындысы көлік апатының 90 пайыз жағдайында жүргізушінің кінәсін анықтаған. Сарапшылардың анықтауынша, ірі жол апаттары күре жолдарға тиесілі көрінеді.
Осы ретте облыстағы жол құрылысын қадағалайтын бірден бір мекеме, «ҚазАвтожол» АҚ-ның өңіріміздегі филиал директоры Ерұлан Жүнісов аймақта күн сайын орын алып жатқан жол апаттарының орын алуына себепкер тағы бір мәселенің шетін тарқатты. Ол өзінің азаматтық жанашырлығын, елге деген патриоттық сезімін білдіре отырып, дәл осы мәселеге алаңдаушылық білдіретінін жасырмады. « Қазіргі таңда облыста жол құрылысын қадағалау барысында кейбір елді мекендердің аумағынан өтетін жолдарда жайылып жүрген малдардың себептерінен жол апаттары орын алып, қайғылы жағдайлар мен материалдық шығындар әкелуде. Біз осы күрежолдың құрылысын бастамас бұрын жолдың бір бетінен екінші бетіне өтуі үшін әрбір елді мекен тұсынан арнайы мал өткелдері болуын қарастырған болатынбыз. Сол өткелдерден малдардың өтуін арнайы бақташылар қалыптастыру керек. Транзиттік дәліздің жақын арада толығымен пайдалануға берілуіне байланысты, көлік козғалысы арта түсетінін айтқымыз келеді. Күн сайын осы төрт түліктің егесіз жайылып жүруі салдарынан жол-көлік оқиғалары артуда. Тіпті бір күннің ішінде бес оқиға осы төрт түліктің себебінен орын алып отыр. Оған ең бірінші малдың егесі жауапты болу керек. Орны толмас оқиғаға ұрындырған мұндай жол апаты салдарынан біреу отағасынан, енді бірі бауыры мен баласынан көз жазып қалуда. Біз адам өміріне қауіп төндіріп тұрғанымызды, сонымен бірге мемлекетке материалдық шығын әкеліп отырғанымызды естен шығармасақ екен. Осы орайда қала және аудан әкімдеріне өз ұсыныстарымызды білдірдік. Аудан әкімдері жергілікті тұрғындарға тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізуі тиіс. Төрт түліктің себептерінен жол қозғалысының қауіпсіздігі бұзылса, оның ішінде адам өлімі мен материалдық шығын орын алып жатқан жағдайда, оған тікелей малдың иелері мен жергілікті әкімдер, шаруашылық төрағалары ҚР Заңнамаларына сәйкес жауапты болатынын ескерулері қажет. Күрежолдағы жол-көлік оқиғаларының көбеюіне жүргізушілердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы мен білімсіздігі де әсерін тигізуде. Айнадай тегіс жолға түсіп алып, жылдамдықты шегінен асыра, темір тұлпарын жүйткіте айдаған жүргізушілер алдынан шыға келген малды көрмей қалады. Немесе жолдың екінші бетіне қарай ығысып шығып кетеді. Біз төрт жолақты, 1-категориялы жолды салып, оның ортасын темір қоршаулармен де бөліп қойдық. Алайда, күнара орын алып жатқан жол көлік оқиғаларының салдарынан темір қоршаулар бұзылып жатыр. Оны қайта жасауға тығы қосымша шығын кетеді. Оның барлығы халықтың қаражатына салынған дүние ғой»,–дейді бізбен әңгімесінде Ерұлан Жүнісов.
Иә, расында әрбір адам мемлекеттің дүниесіне жанашырлықпен қарап, оған жауапты екенін іштей сезіне білсе құба-құп болар еді. Негізінде бұл заңмен де белгіленген. ҚР «Автомобиль жолдары туралы» Заңының 20-бабында: «Жалпыға ортақ пайдаланатын автомобиль жолдарын пайдаланушылар көлік құралдарын жол жүру қауіпсіздігін, жолдардың және олардағы құрылыстардың сақталуын қамтамасыз ететін жағдайда пайдалануға, сондай-ақ, қоршаған ортаның ластануына жол бермеуге міндетті. Сонымен бірге, ҚР Үкіметінің 1998 жылғы «Жол шаруашылығы құқықтық қамтамасыз етуді жетілдіру туралы» қаулысында былай делінген: «Автомобиль жолдарында: «....малды жол арқылы арнайы бөлінген жерден тыс, сондай-ақ тәуліктің қараңғы кезінде және жеткіліксіз көрінетін жағдайда айдап өтуге, малды төсемі жетілдірілген жолмен айдауға және оларды жолдың жолақ бөлігінде жаюға... тыйым салынады.» Міне, сондықтан үлкен күре жолдың бойында орналасқан елді мекен тұрғындары малдарын егесіз жайып жібермей, өздерінің заң алдында мемлекетке келтірген шығыны үшін жауап беретінін ұмытпағандары абзал. Ал, темір тұлпар тізгінін ұстаған әрбір жүргізуші алдымен өз өмірінің қауіпсіздігіне баса назар аударса дегіміз келеді.
Айсәуле САҒАТБЕКҚЫЗЫ.